АҢШЫЛЫҚ МАУСЫМЫ АШЫЛДЫ

Уақыты: 13.07.2024
Оқылды: 384
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Жетісу облысында 2024 жылғы күзгі аңшылық маусымы облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының 2024 жылғы 28 маусымдағы №34-н/қ бұйрығымен ашылғанын хабарлаймыз. Осылайша облыс аумағында күзгі аңшылық маусымы төмендегідей тәртіппен жүргізіледі:


Сібір елігі, сібір тау ешкісі, марал – 15 шілдеден аталықтарына, 15 қыркүйектен 31 желтоқсанға дейін аналық пен төлдерге;
Қоян – 1 қарашадан бастап – 31 қаңтарды қоса алғанда;
Қаз, үйрек, қасқалдақ – қыр- күйектің бірінші сенбісінен бастап 15 желтоқсанға дейін;
Қабан – қыркүйектің алғашқы сенбісінен – 31 желтоқсанға дейін;
Қырғауыл – 15 қараша – 31 желтоқсанға дейін ауланады.
Толық тізімді «Аң аулау қағидасынан» көруге болады. Жалпы аңшылық «Аң аулау қағидаларын бекіту туралы» ҚР Ауылшаруашылығы министрінің м.а. 2015 жылғы 27 ақпандағы № 18-03/157 бұйрығы негізінде жүзеге асады. Қазақстанның Қызыл кітабына енген жануарларды аулауға қатаң тыйым салынған. Сонымен қатар, Жетісу облысының резервтік аумақтарында, елді мекен маңында аң аулауға жол берілмейді. Әрбір заңсыз ауланған аң үшін зиянды өлшеу ставкасының айлық есептік көрсеткіші бойынша әкімшілік, қылмыстық заң бұзушылық болып саналады. 
Аң аулау ережесіне сәйкес олжалау мақсатында жануарлар дүниесі объектілерін іздеу, аңду, сонымен қатар аң аулайтын алқаптарда дәрімен атылатын құндақталмаған қару немесе басқа да аңшылық құралдарымен, олжаланған жануармен, бос жіберілген аңшылық иттермен, аңшы құспен жүру – аң аулауға шығумен тең. 
Аң аулау үшін төмендегі құжаттар болуы міндетті:
1) аңшы куәлігі;
2) жануарлар дүниесін пайдалануға берілген рұқсат;
3) аңшылық шаруашылығы субъектісінің жолдамалары;
4) аңшылық атыс қаруын қолданып аң аулаған кезде – азаматтық қару мен оның патрондарын сақтауға және алып жүруге жеке тұлғаларға берілген рұқсат;
5) аңшы жыртқыш құстармен аң аулаған кезде – аңшы жыртқыш құстың паспорты болған кезде жүзеге асырылады. 
Аңшылық кезінде:
–  авиа, авто-мото көлікті пайдалануға;
–  ішімдік ішуге, наркотик және өзге де уландыратын заттарды пайдалануға;
–  түнгі көздеп ату, дыбыссыз ату және лазермен дәлдеу құралдарын пайдалануға;
– жарық түсіретін құралдарды пайдалануға  тыйым салынады.
Сонымен қатар аң аулау кезінде әртүрлі қалдықтарды тастау және өртке себепші болатын іс-әрекеттерден барынша абай болу қажет. Бір адамның салғырттығы көптеген жануар мен жасыл желектердің жойылуына себеп болуы мүмкін. Табиғатқа келтірілген зардаптың орнын қайтадан қалпына келтіру ұзақ уақыт пен қажырлы еңбекті қажет етеді. Сондықтан, барша тіршіліктің мекені – табиғаттың жанашыры болу әр азаматтың міндеті екенін ұмытпайық!

Р. ӘДІЛБЕКОВА,
Жетісу облыстық орман  
шаруашылығы және 
жануарлар дүниесі аумақтық 
инспекциясының 

бас маманы