Ұсыныстар қолдау тапты

Уақыты: 18.07.2024
Оқылды: 403
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Сарқан ауданына қамкөңіл жандарға жасалып жатқан жағдайларды, әлеуметтік орындардағы пандустарды өз көзімен көріп, бағалау мақсатында Талдықорған қаласы әкімінің штаттан тыс көмекшісі, мүмкіндігі шектеулі жандар қоғамының жетекшісі Вадим Друзин келді.

Алғашқы аялдаған нысан халық көп шоғырланатын, жолаушылардың бірі келіп, бірі кетіп жататын  орталық автобекет болды. Автобекеттің кіреберісіндегі табалдырықта қоларбаны көтеріп түсіруге тура келді. Бұл жерге кіру үшін аттап, біраз кедергілерден өттік. Мүмкіндігі шектеулі жан тұрмақ дені сау, аяқ-қолы бүтін адамның жолаушылар тасымалдайтын нысанға кіруі басты мәселеге айналады. 

Кәсіпкерлік нысандарын мониторинг тобымен бірге аралаған В. Друзин мүгедектер он екі мүшесі сау адамдар секілді әлеуметтік нысандарға еш кедергісіз кіруі керектігін, олар толыққанды өмір сүруге құқылы екендігін,  өздеріне тән қажеттіліктері барлығын, сол қажеттіліктерін өтеу үшін пандустар бекітілген стандартқа сәйкес жасалу керектігін жеткізді.

Кейбір сауда үйлерінің пандустары талапқа сай жасақталған, төбесінде шатыры, арнайы ұстағышы бар. Бірақ, өкінішке қарай, барлық кәсіпкерлік нысандағы пандустардың талапқа сәйкес еместігі байқалды. Вадим Друзин бастаған топ кәсіпкерлік нысандарының иелеріне мүмкіндігі шектеулі жандарға толыққанды жағдай жасау қажеттігі туралы ұсыныс тастады. Ал ғимарат иелері ұсынысты қабылдап, пандустарын талапқа сай жасақтауға ниет білдірді.

«Қазақстан Республикасында мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы» Заңның 25-бабында  кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын жеке тұлғалар, сондай-ақ заңды тұлғалар ұлттық стандарттарға сәйкес мүгедектердің ортақ пайдаланылатын көлiк құралдарына, тұрғын үйлерге, қоғамдық және өндірістiк үйлерге, ғимараттар мен үй-жайларға кедергiсiз кiрiп-шығуына, әуежайларда, темiржол бекеттерінде, автобекеттер мен тұрақтарда, теңiз және өзен порттарында еркiн бағдар ұстануы мен жүрiп-тұруына жағдай жасауға мiндеттелген. 

Тағдыр тауқыметін тартып жүрген мүмкіндігі шектеулі жанның алдынан кездесетін мәселе аз емес. Кедергісіз қозғалыс арқылы мүмкіндігі шектеулі жанның қажеттілігіне жағдай жасау – сол мәселелердің ішіндегі маңыздысы. 

Жақсылық ЖОМАРТҰЛЫ
Сарқан ауданы