«ТОМИРИСТЕ» БАҚ СЫНАҢЫЗ

Уақыты: 20.07.2024
Оқылды: 537
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Жетісу облыстық қоғамдық даму басқармасы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс негізінде әйел көшбасшыларды оқыту бойынша «Томирис» жобасын өткізуді және ұрпақ сабақтастығын қамтамасыз ету жөніндегі шараларды іске асыруды жоспарлап отыр.

Жобалар туралы «Жетісу жастары ұйымының Конгресі» жастар қоғамдық бірлестігінің үйлестірушісі Ержан Дәулетбаев пен қоғамдық даму басқармасының Жастар және отбасы саясаты бөлімінің бас маманы Жанерке Бексеитова жоспарланған істің мән мазмұнына кеңінен тоқталды.

Әйелдердің өңірдің саяси, әлеуметтік-экономикалық өміріне белсенді қатысу мүмкіндігін кеңейту, көшбасшылық әлеуетін арттыру және отансүйгіштік сезімдерін ояту, тарихи мұраны сақтау және ұлттық дәстүр, мәдениет, Ана тілі мен әдет-ғұрыптар тұрғысында әңгіме өрбіткен Жанерке Бексеитова кәсіпкерлікті қолдау жобасына да тоқталып өтті. Оның айтуынша, «Томирис» жобасына тек 50 әйел қатыса алады. Тренинг форматында үш күндік оқу бағдарламалары өткізіледі. Қорытындысы бойынша қатысушылар халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған әлеуметтік-экономикалық проблемаларды шешуге байланысты өз бастамаларын іске асыруға негізделген бағдарламаларды жасауы тиіс. Қатысуға өтініштер 22 шілдеден 16 тамызға дейін электронды нұсқада қабылданады.

– Жоба аясында әкелер, аналар, енелер институты, балалар кеңестері қамтылады. «Дана ене – Үзді келін», «Асқар тау әке – Зере бала» бағыттары бойынша семинар-тренингтер, шеберлік сыныптары, аудандық және қалалық, облыстық конкурстар өткізіліп, ақшалай сыйлықтар табыс етіледі. Ел ішінде сақталған  әдеп-ғұрыптар мен  мәдени мұраларды әлемдік деңгейге көтеруге үлес қоса отырып,  келешекке дәстүрлі  түрде  жеткізу  қолға алынады, – дейді «Жетісу жастары ұйымының Конгресі ЖҚБ үйлестірушсі Ержан Дәулетбаев.

Медет ЖҰМАБАЙ