"Кәусарға" көмек керек

Уақыты: 27.07.2024
Оқылды: 3183
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Матай ауылындағы «Кәусар» атты балабақша бар. Пайдалануға 2011 жылы берілген. Бүгінде сол балабақшаның күйі кеткен. Бүлдіршіндер күлкісі де естілмейді. Балалар мекемесіне жақындағанда қоршауы, ойын алаңы, есіктің алдындағы гүлзары алыстан көз тартып, жылылық есуші еді. Мұнда кіреберістен көңілің құлазиды. Ауладағы әткеншектер сынған, қисық-қыңыр. Бояуы әбден ескіріп, қабыршықтанып, түсіп қалған. Ойын алаңының орындықтары да пайдалануға берілгеннен сырланбаған-ау. Ғимарат сыртындағы «Кәусар» деген балабақша атының да сыры кетіп, өшуге шақ қалған. Кіреберістегі табалдырық үгітіліп, баспалдағы опырылып жатыр.

Екінші қабатқа көтерілетін баспалдақ шетіндегі  қауіпсіздік темірлері сынған. Құдай сақтасын, балалардың біреуі тесіктен төмен құлап кетсе қайтеді?! Соны дәнекерлеу үшін көп қаржы кете қоймасы анық.  Мекеменің терезелеріне темір қоршау қойылмаған. Балалар қауіпсіздігі мүлде ескерілмеген. Мұны қадағалаушы органдар білмей ме, көрмей ме?! Пайдалануға берілгеніне  13 жыл болған балабақшаның есік-терезесі сынған. Балалар ұйықтайтын бөлмелердің есігінің жақтауы құлап жатыр. Ойпырым-ау, осыны жөндеу  қолдан келмейтін шаруа емес қой. Есік бала үстіне құлап кетуі әбден ықтимал. Терезелердің  әйнектері сынған. Едендегі линолеум жыртылып, айырылып жатыр. Балалардың бір орында тұрмайтынын ойласақ, талайы шалынып құлаған да шығар. Дәлізді бөліп өтетін құбырларынан адам шалынады. Балалар  адымының қысқа екенін ойласақ, бұл жерден шалынбай өту мүмкін емес. Ал балабақшаның ақ жаймалары мен жастық қаптарын көрсеңіз, сүзіліп, жыртылып тұр. тысының жыртық жағын астына қаратып қояды екен. Матрастар мен ақ жаймалар балабақша ашылғаннан ауыстырылмағанын тәрбиешілер айтуда. Балалар жататын матрастардың ішіндегі мақта ортасына жиналып, домабайланып қалыпты. Оның үстіне кішкентай ұл-қыздардың қалай ұйықтап жүргеніне таң қаласың. Балалар мекемелері жиі тексеріліп тұрушы еді ғой. Матай ескерусіз қалыпты. Әлде сыбайластық дендеген бе екен?! Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті не қарап отыр?! 

Масқараның көкесін ыдыс-аяқ қоятын қоймаға барғанда көрдік. Сау ыдыс жоқ. Кесе, тәрелкелердің шеттері  кетік. Шәугімдердің сыры ұшып кеткен. Қазір балалар арасында ішек инфекциясы жүріп жатқаны анық. Бұл жердегі судың жайын айтсам жағаңызды ұстайсыз. Матайда кейде сорғылар су тарта алмай қалатын жайт жиі болып тұрады. Сол үшін балабақшаның жертөлесіне цистерна қойған. Су көтерілмей қалғанда содан пайдаланады. Темір цистернаның ескіргені сондай, тесіліп қалған. Ішін тот басқан. Тәрбиешілер су жоқта содан алып, ыдыс-аяқ жуып, кейде соны балаларға қайнатып беретінін айтады.  Бұл ыдыста сақталған судан балалардың іш сүзегі ауруына шалдықпасына  кім кепіл?!

Балабақшаны жылумен қамтамасыз ететін «Чаппи» пеші де істен шыққан. Орнына «Боран» пешін қойған екен, ол жанармайдың жауы көрінеді. Бір тәулікте 480 литр жанармай «жейді» екен. Мекеменің жанармай сақтайтын ыдысы істен шыққан. Жылыту маусымына жанармай сақтау науқаны жақындап қалғанын ескерсек, жағдай жауапты басшыларды алаңдатуы тиіс.

Балабақшада 2 тоңазытқыш істемейді. Көкөніс сақтайтын тоңазытқыштан су ағады. Соңғы алынған тоңазытқышта жұмыртқа ғана сақталады.

Тамақ пісіретін пештері де қырық жамау, есіктері жабылмайды. Оның аузын жіппен байлап қояды екен. Ыстық пештердің есігін байлап, шешу аспаз үшін өте қауіпті екені айтпаса да түсінікті. Ішіндегі темір табақтары тесіліп, жалбырап қалған. Балабақшадағы дәретхананың көбі істен шыққан. Олардың аузын  желімдеп, жауып тастапты. Балабақшаның сырт жағында қабырғасы қаланбай қалған алаң бар екен. Балаларды ыстықта сол жерге алып шығатын көрінеді. Оның да төбесі опырылып құлап, сынып жатыр. Тәрбиешілер ойын алаңының  құлап, сынып тұрғанынан балаларды далада ойната алмайтынын айтады. Сонда олар күнұзақ таза ауа жұтпай ма деген сауалымызға «ары-бері жүгіртіп алып келеміз» деп жауап берді. 

Балабақша 240 балаға арналған. «Басында 190 бала келген. Қазір 160 бала ғана қалды. Жалпы ауылда 316 бала бар. Бірақ, барлығы келмейді. Ай сайын  әр бала үшін ата-ана тамағына 10 мың теңге төлейді. Ата-аналардың балаларын әкелмейтін себебі, ауыл үлкен, алып келіп, алып кету қиын. Тасымалдау үшін көлік берілсе», – дейді меңгерушінің міндетін атқарушы Мөлдір Сейсенбаева. Балабақшаның кейпіне қарап, сол 160 бала да келмейді-ау деп ойладық. Неге десеңіз, біз барғанда  балабақшада мүлде бала болмады. Себебін сұрағанымызда жөндеу жұмысына орай 7 күнге жапқан. Ғимаратта электр де жоқ, қарыз болғандықтан қиып кеткен. Ал сонда бұл қандай балабақша болды?! Суға да қомақты қаржы қарыз екен. Сондай-ақ, 18 адамның еңбек демалысына шыққандағы еңбекақысы төленбеген.  Кез келген бюджеттік мекеме қызметкері жыл бойы бір берілетін  демалысты және онда алатын ақшасын күтеді емес пе?! Сол уақытқа кем-кетігін жөндеп алуды, демалуды жоспарлайды. Ақшасыз қандай демалыс болмақ?  «Әләуләйім таусылса, халауләйім тағы бар» демекші, тәрбиешілердің айтуынша, зейнетақы қоры, міндетті әлеуметтік сақтандыру қорының ақшасы да дұрыс аударылмаған. Бірде түссе, бірде түспей әбігерленіп жүретін көрінеді. Гүлнұр тәрбиеші күйіп кетті-ау деймін, «Несін айтасыз, ақшаның неге жетпейтінін түсінбейміз. Басшылық балаларға жан басына шаққанда төлейтін төлем аз, содан ақшамыз жетпейтінін алдыға тартады, – деп күйіне жауап берді. 

– Мекемеде істейтін 55 адамның жанайқайын еститін адам жоқ. Бір айлыққа қарап отырған  бала жанының бағбандарының кінәсі не?  Осы мекемеде ашылған күннен жұмыс істеп келе жатқан тәрбиеші Гүлнұр Бейбітова денсаулығы сыр беріп, емханаға барса, қаңтар айында әлеуметтік сақтандыру қорына ақша аударылмағанын айтып қарамаған. Ол жағдайды мекемеге келіп ескертсе, басшылық өзіңіз төлей салыңыз, ол кезде сіз демалысқа шыққансыз дегенді айтып қайтарған. 

Жұмыс беруші мен жұмысқа алынушы арасындағы еңбекшартының жасалған, жасалмағаны белгісіз. Ол жайында сұрап едік, балабақша меңгерушісінің орнында жүрген әдіскер Мөлдір Сайлаубекқызы күмілжіп, жауап бере алмады. «Бұл тығырықтан қалай шыға аласыздар?» деген сауалымызға: «Қарыз бен тығырықтан шығудың бір-ақ жолы бар. Ол қысқарту жүргізу. Кемінде  8 адамды қысқартуымыз керек», – дейді әдіскер. Бір таңғаларлығы, мекемеде меңгеруші жоқ. Осылай келе жатқанына біраз жыл болыпты. 

Ауылдық жерде мемлекеттік мекемеден басқа жұмыс болмайтыны белгілі. Оның үстіне олар осы жерде еңбек ету үшін  мектепке дейінгі мекемеде жұмыс істеуге арналған оқу бітіргендер. Сонда жұмыссыз қалған мамандар қайда барады? Үкіметіміз жұмыссыздықты жою туралы тапсырма беріп отыр. Ал мұнда қысқарту жүргізбекші. Егер талапқа сай жұмыс істесе, бала саны бұдан да көбеюі мүмкін. Балабақшаға компьютер, кеңселік заттар да берілмегелі біраз уақыт болыпты. 2019 жылдан бері ойыншық алынбаған.  Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау мекемесі қауіпсіздік шараларына байланысты айыппұл салып кеткен екен. Айыппұлдың ақшасын әркім  3-5 мыңнан жинап, өз қалталарынан төлеген. Бірақ, кемшілік орнына келтірілмеген. Енді су мен жарықтың қарызы тұр...

Матайдағы «Кәусар» суға зәру. Ұжым мүшелерінің қабағы қатыңқы. Жергілікті әкімдік, бақылаушы органдар мұндай мекеменің барын ұмытқандай. Жауапты мекемелер балалардың қауіпсіздігі мен балабақща қызметкерлерінің жағдайына байланысты оң шешім қабылдайды деген сенімдеміз.

Гүлжан ТҰРСЫН
Матай ауылы, 
Ақсу ауданы