"ЦОН": БЕТ-БЕЙНЕҢІЗДІ СКАНЕРЛЕП, АНЫҚТАМА БЕРЕДІ

Уақыты: 16.01.2019
Оқылды: 1209
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы биометрия жобасын іске қосқалы бір айдан асты. Бір ай ішінде деректер базасына тіркеліп, мәліметтерін қалдырған азаматтардың саны 1473-ке жетті.

Үкімет үйінде өткен брифинг барысында «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының басқарма төрағасы Абылайхан Оспанов:

- Бүгінде «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы белсенді жүргізілуде. Бұл ретте біз мемлекеттік қызметтерді алу процесін жеңілдету үшін қызмет алушылардың жеке басын растаудың жаңа механизмін іске қостық. Биометрия – жеке мәліметтердің ақпараттық қауіпсіздігін күшейтуге көмектесетін құрал, – деп атап өтті.

Биометрия жобасы шеңберінде мемлекеттік қызметтерді көрсету барысында азаматтардың жеке басын куәландыратын құжаты не электрондық цифрлық қолтаңбасы қажет емес. Бұл үшін бет-бейненің скан көшірмесі немесе саусақ іздерінің болуы жеткілікті. Бұл деректерді азаматтар Астана қаласының үш және Алматы қаласының бір Халыққа қызмет көрсету орталығында қалдырып, мәліметтер базасына енгізе алады. Аталмыш мемлекеттік корпорацияның басқарма төрағасы Абылайхан Оспановтың айтуынша, биометрия өз бетінше алынатын қызметтер санының артуын, бөгде азаматтардың қатысуын болдырмауды қамтамасыз етеді.

Биометрия жобасының шеңберінде азаматтарға 52 мемлекеттік қызметтің көрсетілуі қарастырылуда. Олардың екеуі – мекенжай және жылжымайтын мүліктің болу/болмауы жөніндегі анықтамалар қазірдің өзінде қолжетімді. Айта кетейік, биометрия базасы қаржы, коммерциялық қызмет көрсету және қауіпсіздік салаларында, сондай-ақ, ғимаратқа кіру жүйесінде пайдаланылуы мүмкін. Шетелдік тәжірибеде биометрия әдісін Ұлыбритания, Үндістан, Нидерланд королдігі ұтымды қолданып отыр.

Бір ай бұрын Астана және Алматы қалаларында енгізілген биометрия қанатқақты жобасы биыл қыркүйек айына дейін барлық облыста іске қосылады деп жоспарланған.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"