БАНКТЕН БЕРІЛГЕН БАСПАНА: КІМГЕ ТИІМДІ?

Уақыты: 22.01.2019
Оқылды: 1484
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

"Қайран менің өз үйім, кең сарайдай боз үйім", – деп Жиренше шешен айтпақшы, қара шаңырағында көсіліп жатуды кім армандамайды десеңізші?! Әсіресе, жеке үйсіз тұрмысыңды түзеу қиынға айналған бүгінгі қоғамда баспана проблемасының өзектілігі күшейгені мәлім. Қараша халықтың үйлі боламын деген арманын орындау үшін мемлекет тарапынан да сан түрлі жоба қолға алынды. Солардың қатарында «Нұрлы жер», «Әскери баспана», «Өз үйім» бағдарламаларын атауға болады. Аталған жобалар негізінде үй алудың тиімділігін әрі баспанаға қол жеткізу жолдарын зерттеп көрген едік.

Пәтер жалдап, айлықтан-айлыққа әзер жетіп жүрген жандар өз баспанасына ие болу үшін күн-түн демей еңбек етуде. Біреулері ипотека арқылы баспанаға қол жеткізіп жатса, екіншілері «жер алып, үй салғаным артық» деген пікірді ұстануда. Әрине, әлдекімдікі дұрыс не бұрыс дей алмаймыз. Таңдау – әркімнің өзінде. Тек ертеңгі күні опық жеп қалмас үшін толыққанды ақпарат жинастырып, екі жақтың да пікірін білгенді жөн санадық.

Бүгінде жас отбасының отағасы, үш баланың әкесі Оралбек Тілеубек жер алып, жеке үйінің қабырғасын көтерген. Үйлі болып, тұңғыштары дүниеге келгеннен кейін Талдықорғаннан Алматыға көшіп кеткен. Әуелі алып шаһардан 50-60 мың теңгеге 1 бөлмелі пәтер жалдап тұрады. «Екінші ұлым өмірге келгенде ойлана бастадым. Үлкенім ол кезде 2-ден асқан. Ең алдымен бір емес, екі бөлмелі пәтер жалдап тұруды ұйғардық. Бағасы пәтердің өзіне 70-80 мың кетсе, қосымша коммуналдық қызметтері бар. «Қашанғы біреудің үйінде тұрмақпын, ертең балаларым өссе екі бөлме тарлық етеді ғой» деп ойландым. Тиімді, тиімсіз тұстарын таразылай келе банктен депозит ашып, ақша жинай бастадым. Айлығым пәтер құны, азық-түлік пен киім-кешектен аспайтынына көзім жеткен соң қосымша жұмысқа орналастым. Демалыс күндері және бос уақытта такси болдым. Сөйтіп, 3 жыл көлемінде қомақты қаражат жиналған соң Қаскелең қаласынан 1 млн. теңгеге жер телімін сатып алдым. Екінші жылы қабырғасын көтеріп, ақырын-ақырын үй сала бастадым. Содан кейін қоныстоймен бірге қызымның дүниеге келуін тойлау қуанышымызды еселей түсті. Қазір басымызда баспанамыз бар. Ешкімнің көңіліне қарамаймыз», – деп өзінің оқиғасымен бөлісті кейіпкеріміз. «Неліктен мемлекеттен несие рәсімдеп, ипотекаға үй алмадың?» деген сауалымызға:

Мен 5-10 жылдап мемлекетке қарыз болғым келмейді. Оның үстіне пәтерде тұрып көрдік. Төрт қабырғада қамалып отырғандай күй кештім. Балалар да далада ойнасын, кең бөлмелері болсын деп шештік. Жер үйге жететіні жоқ, – деп жауап қайтарды О. Тілеубек.

Қазақта «Тарта жесең, тай қалар, қоя жесең, қой қалар. Қоймай жесең нең қалар?» деген мақал бар. Кейіпкеріміздің оқиғасы осы тәмсілді еске түсірді. Десе де, ақша жинап, жер алып, үй тұрғызыңдар деп үгіттеу әсте ойымызда жоқ. Оған біреудің шамасы келсе, енді біреуіне қиындық туғызары анық. Өйткені шаңырақтың қабырғасын көтеру де оңай шаруа емес. Барлығын ақылға салып, ойланып барып шешім қабылдаған дұрыс. Шешім қабылдау демекші, көбісі мемлекеттік бағдарламалар арқылы баспаналы болуды дұрыс деп санайды. Сол арқылы аңсаған кең сарайдай өз үйлеріне қол жеткізгендері де қаншама?! Бұл істе «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» атқарып жатқан жұмысы орасан зор. Патша көңіліңіз қалаған кез келген мемлекеттік бағдарлама арқылы баспаналы болуға көмек қолын созады. Тек тиісті шарттарын орындасаңыз болғаны.

Осы сала мамандарымен кездесіп, көкейде жүрген сауалдарымызды қойған едік. Ипотекалық тұрғын үйге қалай қол жеткізуге болатынын «Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ Алматы облыстық филиалы директорының орынбасары Жасұлан Құрманғалиев егжей-тегжейлі түсіндіріп берді.

Алматы облыстық филиалы 2004 жылдан бері қызмет атқарып келеді. Бүгінгі күнге дейін 60 мыңнан астам салымшы тіркелген. Қазіргі таңда 21246 адам банктен есепшот ашып, пәтерлі болуға ниеттілер қатарында. Бұл мемлекеттік бағдарламаларға деген сұраныстың күннен-күнге артып келе жатқандығын көрсетеді. Қарапайым халық тарапынан қолдау тапқан бағдарламалар қатарында  «Нұрлы жерді», «Өз үйімді», «Әскери баспананы» ерекше атауға тиіспіз. «Өз үйім» жобасының «7-20-25»-тен бір ғана айырмашылығы бар. «7-20-25» бағдарламасында соңғы 5 жылда атыңызға дүние-мүлік тіркелмеуі қажет болса, «Өз үйім» бағдарламасында ондай талап жоқ. Сондықтан болар, «7-20-25»-ке сұраныс түспей отыр. «Әскери баспананың» пайыздық үстемесі ең азы. Яғни, 5-6 пайыз мөлшерлемесінде 25 жылға дейін пәтер беріледі. Бұл – тек әскери қызметкерлер мен арнаулы мемлекеттік орган қызметкерлеріне арналған жоба. Жалпы, «Әскери өнім» (балама атауы) 2018 жылдан бастап қолданысқа енгізілді. Жобада тұрғын үй төлемдері үй жалдауға ғана емес, баспана сатып алуға да пайдаланылады. «Нұрлы жер» мен «Өз үйім» 15 жылға дейін несие ретінде рәсімделеді. Аталған бағдарламаларға салымшы пәтер құнының 20 пайызын жинаса да қатыса алады. Нақты жарты бағасы толық болсын деген ереже жоқ. Сондықтан, біз бөлінген қаржыны тиісті жеріне нақты жұмсап, кез келген тұрғын үйді дер кезінде, уақытында пайдалануға береміз. Бағдарламалар арқылы 2018 жылы 713 пәтер кілті табысталған, – деп Жасұлан Мұратұлы мемлекеттік деңгейдегі жобалардың іске асырылуына тоқталды.

Ипотекалық есепшотты ашқаннан кейін қалай жинаған тиімді, ай сайынғы төлемді өтей алмаған жағдайда қандай іс-әрекеттер жүзеге асырылатындығын да сұрадық. Директор орынбасарының айтуынша, депозит 1,5-3 жылдай тұрақты түрде толықтырылып тұрса пайыздық үстемесі аз болмақ. Бірақ салымшылардың басым бөлігі қаражаттарының жетіспеушілігіне байланысты 20 не болмаса 50 пайызды бірден салады екен.Толығырақ Ж. Мұратұлы:

– Салымшылардың басым бөлігі өз баспаналарын қайталама, яғни, екінші нарықтан сатып алады. Оның бағасы үй иесімен келіскеніңізге байланысты. Несиенің пайыздық үстемесі – салымшының төлем қабілеттілігіне байланысты 7 немесе 8,5 пайыз көлемінде. Банк салымшылары тарапынан төлей алмау жағдайлары бола қойған жоқ. Егер ай сайынғы төлемді өтемеген жағдайда борышкермен call орталықтары 20 күн жұмыс істейді. Оларға хабарласады, ескерту айтады, «Төлемді толықтырыңыз» сынды хабарламалар жібереді. Содан кейін барып мамандар 60 күн бойы жұмысына, тұрғын жайына хат арқылы ескертпелер жолдау сынды іс-әрекеттерді жүзеге асырады. Соңында еш нәтиже шықпаса іспен заңгерлер айналысады, – деп жауап берді.   

Сонымен қатар, бағдарламалар аясында салынып жатқан үйлер туралы ақпаратты baspana.kz сайтынан біле аласыздар. Мамандардың сөзіне қарағанда, портал арқылы тұрғынжайды таңдау ыңғайлы. Себебі, мұнда қолжетімді үйден үміткер өзі пәтер алғысы келетін қаланы таңдап, құжаттар қабылданып жатқан-жатпағандығын анықтай алады.

Бұл жөнінде ТҚЖБ-нің Алматы облыстық филиалының менеджері Раушан Сабырбаева: «Нысан бойынша өтінімдер қабылдау құрылыс аяқталғанға дейін 3 ай қалғанда басталады. Пулға (іріктеуге) барлық ТҚЖБ клиенттері қатыса алады. Алайда мемлекеттік бағдарлама талаптарына толық сай келетін және ең көп ұпай жинаған салымшылар ғана баспаналы болу мүмкіндігіне ие. Ұпай саны депозиттің қаншалықты тұрақты толықтырылып отырғандығы және шоттың әрекет ету мерзіміне байланысты. Осылайша депозит неғұрлым ерте ашылса және оған дер кезінде ақша салынып отырса, ұпай да соғұрлым жоғары болмақ. Оны арнайы бағдарлама есептейді. Адам араласа алмайды. Яғни, процесс ашық автоматты түрде іске асырылады» – дейді.

Жыл сайын республикалық бюджеттен азаматтарға тұрғын үй жағдайына көмектесуге арналған қаражат бөлінеді. Бұл ақша «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» салымшыларына мемлекеттік сыйақы ретінде беріледі. Мәселен, бір жыл ішінде салымшы депозитіне 481 мың теңге жинаса, ол 96 200 теңгеге тең ең жоғарғы мемлекеттік сыйақыға қол жеткізеді. Яғни, шотыңыздағы ақшаның 200 айлық есеп көрсеткішінен асқаны келесі жылдың сыйақысына енгізіледі. Одан бөлек, банк тарапынан жыл сайын 2 пайыз қосылып отыратын көрінеді.

Сөзіміз дәйекті болуы үшін «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі»  арқылы үш бөлмелі пәтердің кілтіне ие болған Бақыт Құнанбаевамен әңгімелескен едік.

Бұрыннан баспаналы болуды ойлап жүрген Бақыт Дәуенқызы осыдан екі жыл бұрын «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен» депозиттік есепшот ашқан. Бірақ ай сайын толықтыруға мүмкіндігі болмаған. 2018 жылдың қазан айында үй құнының 50 пайызын бірден салып, екінші нарықтағы пәтер сатып алған.

– Пәтер алуды бұрыннан ойлап жүрдім. Тұрақты түрде толтыратын шығармын деген оймен депозит аштым. Бірақ белгілі бір жағдайларға байланысты үнемі ақша салуға мүмкіндігім болмады. Өткен жылдың күзінде лезде жер үйді сатып, бірден 3,5 млн. теңгені есепшотқа салдым. Ай сайын төлем жасамағандықтан екінші нарықтағы үй алуға ғана мүмкіндік болды. Риэлтордың көмегімен ұнаған, көңілімнен шыққан 8 млн. теңгеге 3 бөлмелі пәтер таптық. Үй иесімен келісіп, оған алдын ала 1 млн. теңге көлемінде қаражат беріп, жетпеген соманы несиеге рәсімдедім. Бірден депозитті толтырғандықтан 1,5 жыл көлемінде несие 8,5 пайызға шықты. Сол уақыт аралығында ай сайын 48 мың теңгеден пайыздық үстемені ғана төлеп келемін. Осы жылдың көктемінде банкке барып қайтадан 5 пайызға шағатындай есептетемін, – деп Б. Құнанбаева өзінің баспанасына қалай қол жеткізгендігімен бөлісті.

Б. Құнанбаеваның оқиғасы мен төлемдерін негізге ала отырып шама-шарқымыз келгенінше есептеп көрейік. 18 ай 48 000 теңгеден – 864 мың. Ары қарай депозиттік шотындағы 3,5 млн. + 96 200 (мемлекеттік сыйақы) + банк тарапынан қосылатын 2 пайыз (70 000) = 3,7 млн. Енді қарыз 7 млн.-нан 3,7 млн.-ды алып тастасақ, 3,3 млн. ғана қалады. Бұл – салымшының 5 пайыздық жеңілдікпен 5,5 жыл (66 ай) төлейтін сомасы. Айына шамамен 50 мыңнан қайтарып отырады десек, Б. Құнанбаева 7 млн. үстінен 1 млн. теңге көлемінде артық қайтарады.

Ескере кететіні, артық ақшаңыз болса несиеңізді алдын ала жауып тастасаңыз болады. Оның артықшылығы: үстінен қайтаратын қаражатыңыз аз болады.

ТАҚЫРЫПҚА ТҰЗДЫҚ:

* Алматы облысы «Нұрлы жер» бағдарламасын орындауда республика бойынша үздік бестікте. Облыс аумағында 1 миллион 300 шаршы метр тұрғын үй берілген. Бір ғана Талдықорғанның өзінде 200-ден аса отбасы баспаналы болған.

* Ағымдағы жылы Талдықорған қаласында «Өз үйім» жобасы аясында – 72, «Нұрлы жер» бойынша 290 пәтер қолданысқа берілмек.

* «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы көпқабатты пәтердің 1 шаршы метрі 140 мың теңге болса, «Өз үйім» арқылы 1 шаршы метрдің құны – 180 мың теңге. Бұл – бастапқы нарықтағы үйдің құны.

Келесі кейіпкеріміз Ернар Мұхамедияров та  «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы баспаналы болғандардың бірі. Ол салымшы ретінде тіркеліп, 3 жыл бойы үзбей депозитін толықтырып отырған.

– Үйленіп, отбасылы болғаннан кейін қашанғы жалдамалы үйде тұрамыз деп ойландым. Не де болса банктің салымшысы болдым. Сала қызметкерлері депозитті ай сайын тұрақты түрде толтырып тұрған дұрыс деп ескертті. Одан бөлек, отбасының 2 мүшесінің атынан депозит аштық. 3 жылдан кейін банктен: «Сіздің депозитіңіздегі қаражат 2 бөлмелі үй алуға жетіп тұр. Пәтер қарастырасыздар ма?» – деп хабарласты. Сөйтіп, есепшотты тексерсек, шынымен де жетіп тұр. Бұл сома 3 жылдың ішінде екі адам салымшы болғандықтан жиналды. Кейбіреуі 5 жылдап жинайды екен. Тұрақты түрде ақша құйып отырғандықтан бірден 5 пайыздық несиемен 7 жылға рәсімдеді. Екі бөлмелі пәтер құны – 6 миллион. Айына 43 мыңдай төлеп тұрамыз. Басымызда баспанамыз бар. Бұрынғыдай жалдамалы пәтердің иесіне жалтақтамаймыз. Шығарып тастамас па екен деп қорықпаймыз, – деген кейіпкердің несиелік шығынын есептесек, шынымен де мемлекетте аз ғана мөлшерде қайтарады.

Екі салымшыға 3 жылға 96 200 және банктің 2 пайыздық сыйақысы – мөлшермен 650 мың. Сонда Е. Мұхамедияров 2,4 млн. жинаған. Ай сайын 43 мыңнан 84 ай (7 жыл) = 3 млн. 360 мың теңге. Артығымен санағанда 500 – 600 мың теңге артық төлеп тұр. Бұл сомаға риэлторлық қызметі мен құжаттарды рәсімдеу құны да кіреді.

Кейіпкерлеріміздің оқиғасынан көрген тиімді тұсымыз – бір емес, бірнеше депозитке қаражат жинау; ай сайын 1000 теңге болсын есепшотқа салып отыру. Алайда депозиттер бір ғана салымшының атында тіркелмеуі қажет.

Баспананы ипотекаға аламын десеңіз, абзалы – алдын ала банкке барып, барлығын анықтап алу. Өйткені «Көп көрген үйренеді, Көп білген сый алады» емес пе?!

Талдықорған қаласында 1 бөлмелі пәтер орналасқан шағын ауданына, ыңғайлылығына байланысты 35 мың теңгеден басталады. Ал 2 бөлмелісі 50 мыңнан жоғары. Алматыдағы баға бұдан да қымбат. Ойлап қарасақ, айына 30-60 мың теңге көлемінде несиелік қаражат төлеп, өз баспанаңа қол жеткізген ыңғайлырақ қой?! Одан бөлек, қазіргі кезде халыққа баспаналы болудың оңай жолын ұсынып, қаражат жинай бастаған компаниялар да баршылық. Мемлекетпен бекітілген бағдарламалар болмаса, сенімсіз жобаларға жақындаудың өзі қауіпті. Сондықтан, несиеге баспана сатып алмас бұрын жан-жақты ойланып, мамандармен кеңесіп алғаныңыз дұрыс. Ертеңін ойлаған адам озатыны сөзсіз. Бүгіннен бастап қамдансаңыз, баспана да қолжетімді болары анық.

Еңлік ҚАБДЕШ,

"Жетісу"