КІМДЕРДІҢ САЛЫҒЫ АЗАЙДЫ?

Уақыты: 23.01.2019
Оқылды: 1005
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Бақытжан САҒЫНТАЕВ Президенттің Бес әлеуметтік бастамасын іске асыру жайын талқылады. Сондай-ақ, «Шағын несие беруді көбейту» атты төртінші бағытының орындалу барысы жайлы мәліметтер тыңдалды. Жиын селекторлық негізде өткізілді.

Алғашқы сөз алған  Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев «7-20-25» бағдарламасын іске асыру тұрғысында баяндама жасады. Аталмыш бағдарлама халықтың   тұрғын үй  мәселесін шешуге арналған.  Бағдарлама қолға алынғанда құрылыс жүргізуге отандық компанияларды тарту тапсырылған.  Осыған орай әр министрлік өткен жылдың шілде айында Үкіметке өз ұсыныстарын берген еді. Бағдарламаны іске асыруға 8 банк қатысты. Баяндамашының айтуынша, биыл 17 қаңтарға дейін «7-20-25» бағдарламасы бойынша баспана алуға өтініш берушілердің 4350-нің сұранысы мақұлданған. Өтінімнің құны 52 млрд. теңгені құрайды.

Бүгінде елімізде демографиялық өсім байқалуда. Сондай-ақ, көші-қон негізінде елімізге қоныс аударушылардың қатары толысуда. Данияр Ақышев тұрғын үймен қамту бағдарламасы жайлы түсіндіру жұмысының жүйелі жүргізілгенін, бүгінгі нәтиже соның айғағы екенін айтты.

Жалақысы төмен жұмысшылардың еңбекақысын көбейту, олардың салық жүктемесін азайту жайлы Ұлттық экономика  вице-министрі Руслан Дәленов баяндады. Ол салық төлеушілердің арасында түсіндіру жұмыстарының  жүргізіліп жатқандығын айтты. Бірінші вице-министр жалақысы 63125 теңгеден төмендер үшін салық кодексінде тәртіптің өзгергенін мәлімдеді. Олардың салық жүктемесі 10 есеге төмендеген.  Сондай-ақ,  жиында 2 млн.-ға жуық жұмысшының жылына 15 мың теңгеге дейін қосымша кіріске ие болатыны айтылды.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша төртінші әлеуметтік бастама аясында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі  халық табысын ұлғайту  үшін өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен жұмыссыз азаматтарға шағын несие беруді жүзеге асыруда. Осылайша, 2018 жылы бағдарламаны қаржыландыру 20 млрд. теңгеге, оның ішінде ауылдарда – 14 млрд. қалаларда – 6 млрд. теңгеге ұлғайған. Министр М. Әбілқасымованың айтуынша, биыл бөлінген қаражат есебінен 14 мың адамды, оның ішінде ауылдық жерлерде 12 мың адамды, ал қалаларда 2 мың адамды шағын несиемен қамту міндеті тұр. Осы жылы шағын несие беру бағдарламасын қаржыландыру көлемі 62 млрд. теңгені құрайды.

Селекторлық жиын соңында облыс әкімі Амандық БАТАЛОВ айтылған мәселелерге орай орынбасарларына және сала басшыларына жатақхана салу, халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету бағытында «7-20-25» бағдарламасын іске асыру жайлы нақты тапсырмалар берді.

Гүлжан ТҰРСЫН,

"Жетісу"