ЗЕЙНЕТАҚЫ ҚОРЫНДАҒЫ БІР КҮН (тілші түйіні)

Уақыты: 28.03.2019
Оқылды: 1363
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Елімізде зейнетақы жүйесіне деген тұрғындардың сенімі арта түсуде. Естеріңізде болса, өткен жылы еліміздің жинақтаушы зейнетақы жүйесінің құрылғанына 20 жыл толды. Әрине, бұл тым аз уақыт болғанымен зейнетақы жүйесін кемелдендіру, өркендету жолында үлкен жұмыс атқарылды. Қиындықтар да аз болмады. Десе де, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры өзіне жүктелген міндеттерді абыроймен атқарып келеді. Бүгінде Қор өз қызметінде ашықтық қағидатын ұстана отырып, 2017-2021 жылдарға арналған корпоративтік даму стратегиясын ойдағыдай жүзеге асыруда. Әрине, мұның барлығын жай сөзбен айта салу оңай. Ал олардың жұмыс барысын көру, жүрекпен сезінудің әсері басқаша болады. Сондықтан біз бір күндік уақытымызды бөліп, Қордың Алматы облыстық филиалының жұмыс барысымен танысып шықтық.

 

Талдықорған қаласының Жансүгіров көшесі бойындағы екі қабатты сәулетті ғимаратта орналасқан Қор филиалы  жанынан өткен адамға ерекше бір жылылық сыйлайтыны анық. Бұл ғимараттан әр аптаның дүйсенбісінен бастап жұмаға дейін таңғы сағат 8.00-ден кешкі 19.00-ге, сенбі күні таңғы сағат 9.00-ден кешкі 19.00-ге дейін адам аяғы үзілмейді. Әсіресе, мекеменің операциялық бөліміндегі жұмыс қызу.  

– «Болашақ табалдырықтан» дегендей, біздегі жұмыс барысы да ең алдымен кіреберістен басталады. Ең қызығы, біздің қызметке әр деңгейдегі, әр жастағы, әр саладағы адамдар жүгінеді. Әр тұтынушының сұрағы да әр алуан. Сондықтан, мамандар соның бәрін мұқият тыңдап, барлық мәселе бойынша түсінік беруге тырысады. Келушілер, ең алдымен, кіреберістегі құрылғы арқылы қандай сұрақпен келгені туралы нөмір алады. Сосын электронды шақыру тақтасындағы рет бойынша мамандарға жолығып, сұрақтары бойынша тиісті жауабын алып, жұмысын тындырып қайтады, – дейді операциялық бөлім маманы Динара Алпысбаева. 

Операциялық бөлімнің заманауи техникамен толық жабдықталғаны көрініп тұр. Таза, жарық, адамдар жүріп-тұруға, отырып кезек күтуге ыңғайлы. Бөлімнің бір қабырғасына көрсетілетін қызмет түрлері мен құжаттарды толтыру үлгілері жазылып, ілініпті. Бұл бөлімде маман, жетекші маман, бөлім бастығы болып барлығы 11 адам жұмыс істейді. Олардың әрбірінің күнделікті атқаратын қызмет бөлінісі бар. Ең бастысы, әр маман өзінің жауапкершілігін түсінеді, қызмет көрсету сапасы жоғары, тұтынушымен қалай сөйлесу, тіл табысу жолын әбден меңгеріп алған. Бұл жерге қарт кісілер жиі келеді. Олардың зейнетақы төңірегіндегі сұрағы да, шағымы да көбірек болады. Сонымен қатар, шетел азаматтығын алған тұлғалардың зейнетақы аударымдарын рәсімдеу де оңай болмайды. Осындай қиын-қыстау кезде Қор мамандары тұтынушылардың көңілінен шығуға тырысады.

Біз мамандармен кездесіп, сұхбат алып жүргенде есіктен елуді еңсеріп қалған бір ағамыз кіріп келді. Оны жетекші маман Ақтолқын Омарова қарсы алып, алдымен амандасып, аты-жөнін сұрап, әрі қарай электронды түрде кезекке тұруды ұсынды. Сосын тақтада көрінген рет нөмірі бойынша өзі қабылдап, сұрақтары бойынша ақпарат беруге кірісті. Өзін Үсен Бейісқұлов деп таныстырған ағамыз болашақ зейнетақысының мөлшерін алдын ала есептетіп көруге келген. Ақтолқын оған Қор сайты арқылы Жеке кабинетке қалай кірудің және оны қолданудың барлық жолын көрсетіп, қазіргі табысы және зейнетақы жинақтарының көлемі бойынша болашақта алатын зейнетақысының мөлшерін есептеп берді және бұл қызметтерді электронды түрде қалай пайдалану керектігін түсіндірді. Ағамыздың жүзінен қуаныштың лебін көріп: «Болашақ зейнетақысының мөлшері аз болмайтын сияқты», – деп ойладық. 

Іле-шала кірген жас жігіт Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің салымшысы ретінде баспана алу мақсатында зейнетақы жарналары мен жинақтарының мөлшерін білуге келіпті. Оны келесі маман ілтипатпен қабылдап, құжаттарын қарап жатты. Осы кезде биыл зейнетке шығуға дайындалып жүрген апайымыздың жұмысы біраз қиындық тудырды. Оны қабылдаған маман біраз бөгелді. Арасында Қордың Алматыдағы орталық аппаратының мамандарына хабарласып, апайдың жұмыс орнымен сөйлесіп, мұрағатын ақтарыстырып жүріп, құжаттарын толықтап берді. Расында, түрлі себептерге байланысты бүгінгі күні зейнетке шығатын адамдардың еңбек өтілін есептеуде түрлі кедергі бар. Зейнет жасына келіп қалғандардың алдын ала білгілері келетіні де осы сұрақ. Алайда мамандардың көмегімен қиыншылығы тез шешілген тұтынушылардың риза көңілмен аттанып жатқанын көріп, қуанып қалдық. 

Әрине, күн сайын жаңа өзгерістермен бетпе-бет келіп жататын бүгінгі дәуірде зейнетақы жүйесі соған сай өркендеп, заңдарға өзгертулер енгізіліп, қызмет көрсету сапасы жаңаланып отырады. Осыған орай зейнетақы қорында жұмыс жүргізетін мамандар да білімін толықтырып, біліктілігін жетілдіріп отырулары керек.

– Біз жеке адаммен жұмыс істейміз. Сондықтан, ең алдымен, шынайылық қағидасына бағынамыз. Тіпті жыл сайын қызмет көрсету сапасын арттыру үшін орталық апараттың кәсіби мамандары мекемеге келіп, мамандарды оқыту, олардың біліктілігін арттыру бағытында оқу-жаттығу жұмысын жүргізеді. Осындай курстан өткен біздің мамандар үйренгендерін аудан, ауылдағы филиал мамандарына үйретіп, білім мен біліктілігін жетілдіріп отырады, – дейді БЖЗҚ облыстық филиалы директорының орынбасары Әнуар  Елеусізов. 

Таяуда «Е-нотариат» жүйесі мен БЖЗҚ ақпараттық жүйесінің өзара ықпалдастығы жүзеге асырылды. Соған сәйкес енді нотариустар мен шетелдік консулдық мекемелер өздерінің өндірісіндегі мұрагерлік істер бойынша (мұрагерлер өтініш берген жағдайда) қайтыс болған салымшылардың (алушылардың) Қорда жеке зейнетақы шотының және онда ақшаның болуы туралы сауалдар жолдап, жауап ала алады. Бұл қызмет нотариустарға жүгінген мұрагерлердің уақытын үнемдейді және қағаздық құжат айналымын жояды. Сонымен қатар, Қазақстаннан шетелге тұрақты тұруға кеткен шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдар Қор бөлімшесіне өздері келе алмаса, тиісті құжаттарды Қордың ресми сайтында көрсетілген үлгі бойынша толтырып, нотариус арқылы куәландырып, пошта немесе сенім білдірілген жеке тұлға арқылы жібере алады.  

Осылайша сан түрлі қызмет көрсетумен айналысатын операциялық бөлімдегі мамандар кештің қалай батып, жұмыс уақытының аяқталып қалғанын сезбей де қалады. Қиындығы мен қызығы қатар жүретін жұмыс ешкімді жалықтырмайды. Ең бастысы, осы мекемеге көңілсіз қадам басқан әрбір салымшының кетерінде алғысын айтып, жадырап шығып бара жатқанын көресіз. 

Операциялық бөлімге жапсарлай орналасқан барып қызмет көрсету бөлімінің де жұмысы ертеден кешке дейін бір толастамайды екен. 
– Бөлімнің атқаратын қызметі – «Мобильдік агент» жобасы аясында Қор бөлімшесіне денсаулығына байланысты келе алмаған салымшыларға үйлеріне барып қызмет көрсету. Сонымен қатар, бөлім мамандары кәсіпорындар мен ұйымдарға барып, еңбек ұжымы арасында таныстыру шарасын өткізеді. Филиалда үйлеріне барып қызмет көрсететін салымшылар мен алушылардың толық тізімі жасалған. Сол бойынша жоспар жасалып, қызмет көрсетіледі. Арасында телефон шалып немесе сайт арқылы өтініш жазып, мамандарды үйлеріне шақыратындар да жеткілікті, – дейді қызмет көрсету бөлімінің басшысы Айдос Жанталинов.  

Биылдан бастап міндетті зейнетақы жарналары бойынша Қорға келіп, жеке зейнетақы шотын ашудың қажеті жоқ. Енді алғашқы жарна түскен сәтте зейнетақы шоты автоматты түрде ашылады. 

Аталмыш бөлімнің мамандары салымшылар мен алушыларға барып қызмет көрсету үшін өздерімен бірге компьютер, принтер, тағы да басқа интернетке қосылатын құрылғыларды алып жүреді. Барған жерінде осы құрылғылар арқылы Қор базасына қосылып, қызмет көрсетеді. 

Қордың Алматы облыстық филиалында «Мобильдік кеңсе» жобасы жүзеге асырылады. Жоба аясында жүріп-тұру үшін ГАЗель NEXT базасында жасалған, жерсеріктік жабдықтары бар, заманауи технологиялармен жабдықталған шағын автобус пайдаланылады. Оның салоны операторларға арналған екі автоматтандырылған жұмыс орны және азаматтарға арналған екі орындық бар. Кезек күтушілер үшін тағы үш кісілік орын қарастырылған. Бұл автобусты барлық қызметтерді онлайн тәртібінде көрсететін өзіндік бір жылжымалы дербес қызмет көрсету орталығы деп атауға болады. Филиал мамандары 13 аудандағы алыс елді мекендегі қор қызметін ала алмаған тұрғындарға мобильдік кеңсе арқылы қызмет көрсетеді. 

Қор филиалының жұмысымен танысу барысында Талдықорған қаласындағы «Ерлік» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Роза Ақжаркеновадан мүмкіндігі шектеулі бірнеше салымшының үйге маман жіберілуін сұраған ұсынысы түсті. Олармен біз де бірге барып, қандай қызмет көрсетілетініне куә болдық. Біз мекемеге қайта оралғанда мобильді кеңсе мамандарының Ескелді аудандық әкімдігінің шақыртуымен аттанғалы жатқанының үстінен түстік. Сонымен Ескелді ауданының Қаратал, Көкжазық, Жетісу, Қайнарлы ауылдарын аралап, мобильдік кеңсенің қызмет көрсету мүмкіндігін көріп қайттық. Расында, шалғай ауылға сапар шегу оңай болмаса да, бар жұмысты жеңілдеткен мобильді кеңсе мен онда жұмыс істейтін мамандар тұрғындардың алғысын алып оралды. 

– Биыл наурыз айында Жаркент, Үшарал, Талдықорған қаласында Ашық есік күнін өткізуді жоспарлап отырмыз. Осы шара барысында аудандардағы филиалдардың жұмыс қарқынын да біліп отыруға мүмкіндік болады, – дейді БЖЗҚ облыстық филиалы директорының орынбасары Әнуар Елеусізов.

Әрине, бұл мекеменің бір күндегі жұмысын шағын мақалаға сыйдыру мүмкін емес. Десе де, көзбен көріп, өзіміз куә болған жағдайларды сараптай келіп, филиалда жұмыстың қалай атқарылып жатқанын білдік. Бұл ретте зейнеткерлердің келешегі үшін жасалып жатқан жақсы істер көңілімізге қанат бітірді.

Қажет АНДАС