ЖАМБЫЛ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ: "ЖАУАПКЕРШІЛІКТІ ЖАНЫММЕН СЕЗІНЕМІН"

Уақыты: 25.08.2020
Оқылды: 1282
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Облыстағы іргелі өңірлердің бірі Жамбыл ауданының бүгінгі тыныс-тіршілігі қалай? Әлемнің даму барысы күрт өзгерген кейінгі бес-алты айда елімізде қалыптасқан жағдай өңірде несімен көрініс тапты? Халықтың әл-ауқатының төмендеуіне жол бермеу үшін нендей шаралар жасалуда? Аудан әкімі Бағдат ӘЛИЕВПЕН сұхбат осы жөнінде өрбіді.

– Әлемді дүрліктірген мына індет елді біраз есеңгіретіп тастағаны өте өкінішті. Небір атпал азаматтар бақилық болды. Өзіңіз де жақыныңыздан айырылдыңыз. Алдымен қазаның арты қайырлы болсын дейміз. Жетісудың сонау батыс шетінде жатқан жұрттың көңіл күйі қалай?

– Иә, рахмет! Күллі адамзатты алаңдатып, тіпті талай жақындарымызды арамыздан алып кеткен мына бір індеттің қазақ еліне де орасан зиянын тигізгені қабырғамызды қайыстырды. Халық әу баста бей-жайлық танытып, кейіннен барып жұқпалы індеттің өте қауіпті екеніне көзі жетті. Сол аралықта жіберген салғырттықтың салдары талайдың өзегін өртегені рас. Дәл сол сын сағатта біздің елге қатаң шектеулер енгізуден басқа жол жоқ еді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 16 наурызда жариялаған Төтенше жағдай режимі шын мәнінде COVID-19-ға қойылған тосқауылға айналды. Дер кезінде осындай нақты шешім қабылданбағанда індеттің зардабы бұдан да ауыр болар ма еді, кім білген? Қазіргі кезде аудан халқының көңілі орнына түскендей. Бұрынғы мамыражай тіршілікті сағынған жұрт карантин кезінде де сабыр сақтап, байыптылық танытты. Алайда «Қайта шапқан жау жаман» дегендей, көпшіліктің бойында індеттің тағы бір толқыны қайталана ма деген қауіп те жоқ емес. Дегенмен, халқымыз көлденең келген кеселден сақтану үшін өздерінің де мұқият болуы қажеттігін сезінген сияқты.

– Осы орайда ауданның денсаулық сақтау жүйесі төтенше жағдайға қаншалықты дайын екендігін көрсетті?

– Аяқасты келген бұл індеттің батпандай салмағы ең алдымен дәл осы сала қызметкерлеріне түсті. Медицина қызметкерлері бұрынғы қалыпты жағдайдағы жұмысын 2-3 есе артық мөлшерде, қарбалас атқаруға көшті.

Мен мына бір мәселеге арнайы тоқталғым келеді. Төтенше жағдай кезінде кейбір тұрғындар медицина қызметкерлеріне өкпе-реніштерін де білдіріп жатты. Түсінемін, жаны қиналып жатқан әрбір сырқат дәрігердің үнемі қасында болып, кірпік қақпай қадағалап, емдеуін қалайды. Бірақ, індетке шалдығып, ем іздеген адам жалғыз ол емес қой, дәрігерлердің саны шектеулі екенін ұмытуға болмайды. Олар да ет пен сүйектен жаралған адамдар. Олардың арасында да күндіз-түні ем жасап жүріп, ауру жұқтырғандары болды. Соның салдарынан дәрігерлер тапшылығының сезілгені рас. Алайда, ақ халатты жандардың індетпен күрес жолында атқарған қызметі ұшан-теңіз.

Әрине, жұқпалы індетпен күресте алдын ала дайындық мәселесі көп жайтты шешеді. Әйтсе де қатермен бетпе-бет келгенде шұғыл шешім қабылдауды қажет ететін небір өзекті мәселелер де туындамай қоймайды. Сын сағатта халықтың психологиясын аңғара отырып, сабырға шақыру да басты мәселенің бірі дер едім.

Мен төтенше жағдай кезінде аудан халқымен әлеуметтік желіде пікір алмасып отырдым. Аудан тұрғындарына бейнеүндеу жасап, қиын кезде түсіністікке, ауызбіршілікке шақырдым. Індеттің кеңінен таралуын болдырмау мақсатында аудан орталығындағы халық көп жиналатын жерлерге, негізгі жолдарға, әлеуметтік нысандарға залалсыздандыру жұмыстарының жүйелі жүргізілуін қадағаладым. Осы жұмыстарды тыңғылықты атқаруда орынбасарларым мен бөлім, мекеме басшыларының да еңбегі елеулі.

– Сіздің осы қызметке кіріскеніңізге екі жылдан асты. Бұл аз уақыт емес. Содан бері ауданда қандай оңды қадам, ауқымды іс, тың бастамалар жүзеге асырылды?

– Ауқымды істер жыл сайын жүзеге асырылуда. Шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту мақсатындағы есте қаларлық ауқымды жұмыстың бірі Шолаққарғалы ауылдық округіне қарасты аумақта өткен жылы жүзеге асырылды. Мұнда «Империя Фуд» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жылына 8 мың тонна ет өндіретін заманауи зауыты іске қосылды. Ауқымды деп айтатын себебім, онда 80 адамға жұмыс орны ашылды. Ауыл халқына керегі осы ғой. Былтырғы жазда ғана ашылған бұл ет комбинаты өткен жылдың өзінде 125 тонна қой етін, 80 тонна сиыр етін экспортқа шығарды. Аудан орталығында 100 орынды перзентхана ғимаратының бой көтергенін де жан жадыратар жаңалық ретінде айта кеткім келеді. Оның құрылыс жұмыстары негізінен аяқталды. Жақын арада қолданысқа беріледі. Алайда карантинге байланысты уақытша аялдап тұрған бірқатар жобалар бар.

– Қазір жаздың соңғы айы. Шаруа адамы үшін шешуші кезең. Өрісі малға толы өңірде жұмыстың қызған шағы. Мал азығы қажетті мөлшерде дайындалды ма? Қамба астыққа тола ма?

– Биылғы ауа райын байқаған боларсыз, шаруаға жайлы, жаңбырлы болды. Жылдағыдай қуаңшылық болған жоқ. Жыл басынан бері аудан бойынша 17 млрд. 224 млн. теңгенің ауылшаруашылығы өнімі өндірілді. Егін шаруашылығы бойынша 103 244 гектар жерге ауылшаруашылық дақылдары себілді. Тарқата айтар болсақ, күздік бидай 13900 гектар, жаздық арпа 33350 гектар, дәндік жүгері 616 гектар, сұлы 350 гектар, мақсары 2644 гектар, майбұршақ 1720 гектар, картоп 1658 гектар, көкөніс 1104 гектар, бақша 618 гектар, мал азық дақылдары 47284 гектар алқапқа егілді. Мал азығы дақылдары, атап айтсақ, сүрлемдік жүгері 817 гектар, бір жылдық шөп 4029 гектар, көпжылдық шөп 1600 гектар алқапта өсірілді. Бұрынғы себілген көпжылдық шөп алқабы 40838 гектарды құрады. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда айтарлықтай жоғары көрсеткіш. Аудан бойынша қысқы мал азығына 172 000 тонна шөп, 23500 тонна пішендеме, 58000 тонна сабан, 31000 тонна жемдік азық, 42000 тонна сүрлем дайындалды.

Егін орағы аяқталуға жақын. Түсімі ойдағыдай. Нәтижесі науқан аяқталғанда белгілі болады. Қамбамыз астыққа толады деген үміттеміз. Шаруашылық құрылымдарының сұранысына орай күзгі дала жұмыстарын жүргізуге қажетті 1250 тонна дизель отыны бөлінген болатын. Жыл басынан бері өндірілген мал шаруашылығы өнімдерінің көрсеткіштері де жаман емес. 11256 тонна ет, 27589 тонна сүт, 70 млн. 382 мың дана жұмыртқа, 1643 тонна жүн өндірілді.

– Бұл аудан мал саны жағынан облыста алдыңғы қатарлы өңір екені белгілі. Мал басының өсуі қалай?

– Оныңыз рас. Оған қоса облыстағы ең ірі мал базары да біздің ауданда орналасқан. «Аманат» мал базарына, өзімізді айтпағанда, әрісі сонау шығыстағы Өскемен мен Семейден, берісі іргелес облыстардан, тіпті мына Алатаудың арғы бетіндегі көршілес Қырғызстаннан үздіксіз мал тасымалданып жатады. Сондықтан мал басының өсуі әрқалай өзгеріп отырады. Төтенше жағдай кезінде бұл базардың да жұмысы тоқтатылды. Мал санының есебі үнемі назарымызда. Қазір ауданда 120753 бас ірі қара, 39516 бас жылқы, 890332 бас ұсақ мал, 1800-ге жуық түйе, 653040 бас құс бар.

– Ауданда кейінгі жылдары өнеркәсіп саласында да біраз оң өзгеріс болып, жаңа кәсіпорындар іске қосылған еді. Олардың қазіргі жағдайы қалай? Өндірісін өрге бастыра алды ма?

– Иә, аудан аумағында бірнеше ірі кәсіпорын жұмыс істейді. Қасымбек ауылында электр шамының түр-түрін және металл құрылғыларын шығаратын «Тексан-Қазақстан инвест» зауыты бар. Онда жарықдиодты шамдардың 350-ден астам түрі өндіріледі. Олардың қатарында кеңсеге, көшеге, тұрмысқа және өнеркәсіп орындарына арналған сан түрі бар. Айрықша айтып өтуге болатын бір мәселе – аталған кәсіпорынның тауарлары жоғары сапасымен ерекшеленеді. Ауданда шығарылған бұл өнімдер Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Парсы шығанағы елдеріне, Латын Америкасына, Біріккен Араб Әмірліктері сияқты мемлекеттерге экспортталады.

Дәл осы Қасымбек ауылының іргесінде «Сұңқар-Алматы» құс фабрикасы бар. Сегіз жылдан бері нәтижелі жұмыс атқарып келе жатқан кәсіпорын жұмыртқа өндірумен айналысады. Онда 80-нен астам адам жұмыс істейді. Олардың басым бөлігі жергілікті ауыл тұрғындары. Айлықтары да жаман емес. Фабрика жұмысшылары ай сайын 165 мың теңгеден бастап 220 мың теңгеге дейін еңбекақы алады. Бұдан өзге де орташа деңгейлі кәсіпорындар мүмкіндігінше нәтижелі жұмыс атқарып келеді. Тұрмысқа қажетті өнім шығаратындықтан бұл кәсіпорындар карантин кезінде санитарлық нормаларды сақтай отырып, жұмысын жалғастырды.

– Ауданда құрылыстың қарқынды жүріп жатқанынан хабардармыз. Осы саланың жұмысы жайлы тарқата айтып берсеңіз.

– Алматы маңындағы аудан болғандықтан бізде тұрғындар санының өсу қарқыны жоғары. Жері шұрайлы, қатынасы қолайлы аймаққа сырттан көшіп келушілер көп. «Елге ел қосылса құт» демекші, халық санының артуы жақсылық, әрине. Соның нәтижесінде мектеп, балабақша, тұрғын үйлерге деген сұраныс жылдан-жылға арту үстінде. Ал, құрылыс ауқымы артқан жерде жаңа жұмыс орындарының ашылатыны заңдылық. Осы ретте Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асырылып отырған өте қолайлы бағдарламаның бірегейі – «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасы екенін айрықша атап өткім келеді. Бұл бағдарламаның аясында біздің ауданда да құрылыс саласы қарқын алды. Халықты жұмыспен қамту мәселелерін жедел шешу мақсатындағы бағдарламаны іске асырудың аудандық жобасы әзірленіп, қолданысқа енгізілді. Осы арқылы қосымша жұмыс орындары құрыла отырып, әлеуметтік, инженерлік-көліктік инфрақұрылымды және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамыту көзделді. Елді мекендерді абаттандыру бойынша бірқатар инфрақұрылымдық жобалар іске асырылады. Мемлекеттік бағдарламаның арқасында ауылда жұмыссыз жүрген талай азаматтарымыз бұрынғыдай жұмыс іздеп Алматы қаласына сабылмай, аудан шеңберінде табыс тауып отыр.

Нақтырақ айта кетсем, «Жұмыспен қамту жол картасы» бойынша біздің ауданда сәуір айынан бастап 56 жобаны жүзеге асыру мақсатында мемлекеттік бюджеттен 7 млрд. 169 млн. 245 мың теңге қаражат бөлініп, 1394 жаңа жұмыс орыны ашылды. Оның 698-і аудандық халықты жұмыспен қамту орталығы арқылы рәсімделіп, жұмыссыздар есебінде тұрған осынша жергілікті тұрғын жұмыспен қамтылды. Аталған бағдарлама аясындағы ірі құрылыстарды айта кетсек, бүгінде аудан орталығынан 1500 орынды жаңа мектеп салынуда. Сұраншы батыр ауылында бұрын-соңды болмаған жаңа Мәдениет үйі мен балабақша салынып жатыр. Бұдан өзге де Қызыләскер, Жайсаң ауылдарындағы мектептер күрделі жөндеуден өтіп, Қасымбек ауылындағы орта мектептің жанынан 300 орынды жапсаржай тұрғызылуда.

– Ауданда халық санының өсуіне Алматының әсерін айтып қалдыңыз. Еліміздегі ең ірі қаланы және оның маңын дамыту үшін мемлекеттік деңгейдегі ауқымды жобалар бар. Жамбыл ауданы қала маңындағы үлкен аудандардың қатарында. Таяуда ауданда осыған байланысты түбегейлі өзгеріс бола ма?

– Иә, біз үлкен мегаполистің іргесіндеміз ғой, аудан шегарасынан қалаға небары 30 шақырым. Аудан халқының саны 170 мың адамға жуықтады. Аудан мен қала жақын орналасқан жағдайда көптеген қажеттіліктер мен игіліктердің ортақ болып кетуі заңдылық. Уақыт өте келе қала қарамағына қосылу ықтималдығы да жоқ емес. Бірақ оған әлі талай уақыт керек сияқты. Ол – азық-түлік белдеуін берік етіп қалыптастыру басқыштарынан кейінгі қадам болса керек. Түбегейлі өзгеріс республикалық деңгейде шешілетін, алдағы уақыттың еншісіндегі мәселе.

– Оқу жылының басталуына санаулы күн қалды. Ауданның білім беру жүйесі жаңа жұмыс жағдайына әзір ме? Кімдер қашықтан оқиды, оған қажетті оқу құралына қолжетімділік қалай?

– Білім беру ісі – ең маңызды саланың бірі. Биылғы оқу жылы қауіпті індеттің салдарынан өзгеше басталғалы тұрғаны көпшілікке белгілі. Жаңа оқу жылына дайындық пен қашықтан оқытуды ұйымдастыру жұмыстарын күнделікті қадағалап отырмын. Бұл мәселе бойынша қиындықтар туындаған жоқ. Аудан бойынша 62 мектеп бар. Оның 46-сы орта мектеп, алтауы негізгі орта мектеп, 9-ы бастауыш мектеп, біреуі мектеп-балабақша. Аталған мектептерде барлығы 33 019 оқушы білім алады. Биыл 1-сыныпқа болжам бойынша 4140 бала қабылданады деп күтілуде. Бүгінгі күнге 3693 баланың ата-анасы өтініш берді. Оның 2789-ы электронды түрде, 904-і қағаз түрінде тіркелген.

Қазіргі қалыптасқан жағдайға байланысты елді мекендердің оқыту ерекшеліктерін сараладық. Жаңа оқу жылы басталғанда 45 мектептің оқушылары аралас түрде, яғни, теледидар мен интернет арқылы білім алады. 16 мектептің оқушылары штаттық режимде, яғни мектепте оқуын жалғастырмақ. Бұлар бала саны аз, алыс ауылдардағы білім ошақтары. Онда әлеуметтік арақашықтықты сақтап, бетперде кию, залалсыздандыру сияқты барлық қажетті сақтық шараларын қатаң ұстануға мүмкіндік бар. Ал, 494 топқа бөлінген 5940 оқушы кезекші сыныпта оқиды. Оларға 439 мұғалім сабақ береді. Бір мектеп қана тек теледидар арқылы оқуын жалғастырады. Қашықтан оқыту кезінде оқушыларды компьютермен қамтамасыз ету үшін 50 ноутбук, 16 планшет, барлығын қосқанда  66 құрал сатып алынды. Аудан бойынша 2915 мұғалім бар. Педагог мамандар компьютермен толық қамтылған. Оқушылардың әлеуметтік жағдайына қарай жалпыға бірдей білім қорынан 1340 отбасындағы 3142 мектеп жасындағы балаға түрлі көмектер көрсетілді. Олардың ішінде аз қамтылған 1260, көпбалалы отбасынан 1819 және    61 жетім оқушы бар.

Барлық мектеп интернет желісіне қосылған. Аудан бойынша сымды байланысы жоқ, АТС орнатылмаған, интернетке қосылу мүмкіндігі жоқ 13 ауыл және интернет жылдамдығы төмен 4 ауыл қалды. Осы ауылдарға интернетке қосылу мүмкіндігін жасау үшін жергілікті бюджеттен 19 млн.500 мың тенге қарастырылып, бүгінгі күні аудандық «ҚАЗАҚТЕЛЕКОМ» мекемесінің мамандары тиісті жұмыстарды атқаруда. Санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды сақтау үшін мемлекеттік сатып алу үнемдерінен 15 млн. 115 мың теңгеге қажетті антисептиктер, термометр, төсеніштер, дезинфекциялық туннельдер алынбақшы. Бүгінгі күні санитарлық талаптар сақтала отырып, оқушылардың ата-аналарына оқулықтар толығымен таратылды.

– Бағдат Байшалұлы, туған жерді түлетуде ойыңызда қандай тың идея бар? Алдыңызға қандай жоспар-жоба қойдыңыз?

– Жетісу өңірінің қай бұрышында қызмет атқарсам да менде бір ғана мақсат болды. Ол – халыққа шынайы қызмет ету. «Туған жерге туыңды тік» деген аталы сөз әрбір азаматты еңбекқорлыққа, патриоттық сезімге жетелейді. Зейнеткерлікке жақындағанда өзімнің кіндік қаным тамған Жамбыл ауданына келіп, әкімдік қызмет атқару – менің маңдайыма біткен бақ деп есептеймін. Ауданның экономикалық қуатын көтеріп, ауылдағы ағайынның әл-ауқатын арттыру басты мақсатым болып қала береді. Ауылдық жерден ірі зауыттар, ауылшаруашылығы өнімдерін өңдейтін кәсіпорындар ашуға барынша күш саламын.

Адамның ойлағаны үнемі бола бермейтіні сияқты, осы лауазым иесі ретінде жоспарланған кейбір істің қиюы келмей жатқан да жайы бар. Қауіпті індеттің кесірінен Жартас ауылындағы қуаттылығы 600 тонналық цемент зауытының ашылуы кейінге қалдырылды. Сол сияқты, 15 гектар аумаққа жоспарланған жылыжайдың жұмыстары, сондай-ақ, Үлкен ауылында Корея елімен бірлесе салынуы тиіс қуаты 100 МBт. күн электр стансысын ашу бағытындағы шаруалар кешеуілдеп тұр. Алдағы уақытта елдегі ахуал қалыпқа түссе, осындай ірі жобаларды қолға алып, жүзеге асырамын деген ниетім бар. Осы елдің тізгінін ұстап отырған соң маған жүктелген міндеттердің өте көп екенін жан-жүрегіммен сеземін. Сондықтан ел игілігіне жұмыс істеу менің міндетім ғана емес, перзенттік парызым да.

– Қашаннан той-томалағы үзілмейтін «Ақындар мен батырлар елінің» рухани тіршілілігі биыл тым-тырыс қалғандай. Ауданның рухани өмірі жүдеп қалған жоқ па?

– Иә, келімді-кетімді кісісі толас таппай жататын ауданда жиын-той мен салтанатты шаралар, думанды кештер сап тыйылды. Оған себебі карантин екендігін халық жақсы біледі. Осындай қиын-қыстау кезеңде замандастарымыз ең бірінші кезекте амандық пен саулықтың, денсаулықтың қажет екендігін жан дүниелерімен сезінгендей болды. Меніңше, қазақтың рухани дүниесі енді әлсірей қоймас. Бұдан да алмағайып, зұлмат замандарда рухымыз сынбаған, жігеріміз жасымаған. Ел аман болса мамыражай тіршілік қайта оралады. Ауданның мәдениет қызметкерлері төтенше жағдай кезінде мәдени шараларды қашықтан өткізіп отырды. Әлеуметтік желінің көмегімен онлайн концерттер ұйымдастырып, тұрғындардың күпті көңілдерін көтеріп, рухани демеу бола білді.

– Мұның алдында Кербұлақ ауданын бес жыл басқарғаныңызда бірқатар игілікті істерге мұрындық болғаныңызды күреңбелдіктер айтып жүр. Осыны өз аузыңыздан естісек. Онда қандай жұмыстар істеліп еді?

– Кербұлақ ауданына 2013 жылы әкім болып тағайындалдым. Жұмысты ең әуелі ауылшаруашылығын дамытуды қолға алудан бастаған едім. Себебі, ол жақта игерілмей жатқан жерлер көп болды. Қант қызылшасы алғаш рет 2018 жылы 300 гектарға егілді. Соншама жер тұрғанда азық-түліктен таршылық көрмеуіміз қажет  деген ұстаным болды менде. Халық өзін-өзі азық-түлікпен қамтамасыз етуі керек. Қызметкерлердің бәріне «Алатау-дели» ЖШС шаруашылығынан тегін тұқымдық картоп алып бердім.

Сол кезде егістіктің жалпы көлемі 76 мың гектар болатын. Тың жерлерді игерудің нәтижесінде 2018 жылы бұл көрсеткіш 113 мың гектарға жетіп, ауылшаруашылығының жалпы өнімі 13 млрд. 860 млн.теңгеден 30 млрд. 290 млн-ға, яғни екі есеге ұлғайды. Шағын және орта бизнесті дамытуға да барынша қолдау көрсетіп, кәсіпкерлерге қолдан келгенше көмектестім. Шағын және орта бизнестен түсетін өнім 2013 жылы 4 млрд. 257 млн. теңге болса, бұл көрсеткіш 2018 жылға дейін 14 млрд. 154 млн. теңгеге жетті.

Ауданның экономикалық қуатын арттыруда инвестиция тартудың маңызы зор. 2013 жылы Кербұлақ ауданының экономикасына тартылған инвестиция көлемі 4 млрд. 267 мың теңге болса, 2018 жылы бұл көрсеткіш 9 млрд. 632 млн. теңгеге өсті. Сандарды бұлайша тізбектей берсем, әңгімеміз ұзаққа созылып кетер.
Дегенмен, құрылыс саласында да айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізілгенін айту керек. Әлеуметтік нысандардың құрылысын жеделдету ісі кезек күтіп тұрған мәселенің бірі болатын. 2013 жылдың соңында 1 млрд. 712 млн. теңгеге 5 мектептің құрылысын аяқтап, пайдалануға бердік. 

Кербұлақ ауданының балабақша кезегінде жыл соңында 600 балаға дейін тұратын. Өйткені, аудан орталығында «Ақ тиын», «Балдырған» атты екі ғана балабақша болды. Сондықтан, аудан орталығынан 320 бүлдіршінге арналған «Айсана» балабақшасын пайдалануға бердік. Сонымен балабақша кезегі толығымен жойылды. 

Тағы бір айта кететін мәселе – 2015 жылға дейін аудан орталығында таза қазақ тіліндегі орта мектеп болмады. Үшауысымды оқытуды жою мақсатында 2015 жылы 1,5 млрд. теңгеге 900 орынды Күреңбел орта мектебін пайдалануға бердік. Сонымен қатар, аудан орталығынан жалпы құны 680 млн. теңгені құрайтын спорт кешені бой көтерді. Жылдық қуаты 1200 тоннаны құратын «АлаЦем» цемент зауытының іргетасы да сол кезде қаланды.

Сол жылдары күреңбелдіктерді мазалаған қиындықтың бірі ауызсу мәселесі еді. Аудан халқы орталықтандырылған су жүйесімен небары 58 пайызға қамтылған екен. Мен әкім болған 5 жыл ішінде 28 ауылға орталық су жүйесі жүргізілді. Сонымен ауданның 88 пайызы ауызсумен қамтамасыз етілді. Аудан орталығынан жас ұрпаққа тәлімдік маңызы мол "Ұлы Даланың ұлы даралары" атты  саябақ аштық. Кербұлақ өңіріне менің бес жылда сіңірген азды-көпті еңбегім жайлы айтатын болсақ, ең алдымен, осылар ойға оралады.

– Сіз мемлекеттік қызметті Кеңестер одағы заманында бастадыңыз. Алғаш жастар ұйымында, шаруашылықта, кейіннен ауданның басқару органдарында жауапты қызметтер істеп, облыстың ауылшаруашылығы саласына басшылық жасадыңыз. Демек, қос кезеңнің мемлекеттік қызметінің қазанында қайнап, бай тәжірибе жинақтадыңыз. Әр уақыттың өз талабы болады ғой. Адам да өзі өмір сүріп жатқан қоғамына икемделері сөзсіз. Осы орайда еліміздің басынан өткерген екі жүйенің басты айырмашылығы мен ерекшелігі жайында айтып өтсеңіз. Көп нәрсені саясатпен байланыстырғанымызбен өзгермейтін не нәрсе деп есептейсіз? Қандай ой түйдіңіз? Одан алар тағылым қандай?

– Әр заманның өзіндік ерекшелігі бар ғой. Кешегі кеңестік кезеңді жатып кеп жамандай беруге болмайды. Біздің буынды қатаң тәртіпке, қажырлы еңбекке бейімдеген ол кезеңнің де өз ұстанымы болды. Ал енді Тәуелсіздік кезеңінің талабы одан да ерекше, одан да биік. Ола болса, егемен еліміздің келешегіне, ұлтымыздың болашағына қызмет етуден асқан бақыт жоқ шығар, сірә?!

«Заманына қарай адамы» демекші, кеңестік кез бен бүгінгі өмірді салыстырып, кемшіліктер іздеуге болмайды. Қазіргі қоғам – цифрлы қоғам, қатері мол, бәсекесі көп қоғам. Қазақ үшін екі кезеңде де өзгермейтін дүние – рухани құндылықтар, халқымыздың салт-дәстүрі екен. Сондықтан да бабаларымыз сан ғасырдан бері ұлтына, ұрпағына адал қызмет еткен. Мен жұмыста әріптестер мен жастарға «Бір-біріңді аңдып, өсек айтудан аулақ болыңдар» деп ылғи ескертемін. Бірлік жоқ жерде береке болмайды.

– «Жетісу» газетіне, оқырмандарына тілегіңіз?

– «Жетісу» газеті – ғасырлық басылым. Өңірдің тыныс-тіршілігін тұтас облысқа жеткізіп, саралап отырған шежіре іспетті. Біз де жаңалықтың көбін осы «Жетісудан» оқып отырамыз. Редакция ұжымына шығармашылық табыс тілей отырып, шынайы алғысымды білдіремін. Сондай-ақ, газетті асыға күтіп оқитын барша оқырмандарға бар жақсылықты тілеймін. Еліміз мына аты жаман індеттен тез айығып, қалыпты өміріне тезірек қайта оралса деймін! Ауырмаңыздар, аман болыңыздар!

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан - Серік САТЫБАЛДИЕВ

Жамбыл ауданы

Алматы облысы