Ел еркесі елуде

Уақыты: 09.12.2017
Оқылды: 1924
Бөлім: РУХАНИЯТ

Белгілі айтыскер ақын, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері Ермек Жұматаевтың аудандық Мәдениет үйінде өткен шығармашылық кеші осылай аталды. Облыс әкімі Амандық БАТАЛОВТЫҢ арнайы құттықтауы мен Құрмет грамотасын ақынға салтанатты жағдайда облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Ақан Әбдуәлиев тапсырды. 

Шараға жиналған көрермен алдымен ақын өлеңдерінің негізінде әзірленген сахналық композицияны тамашалады. Қазақтың бағзыдан келе жатқан айтыс өнерін, оның ішінде Жетісу ақындарының алтын діңгегі Сүйінбай мен жыр алыбы Жамбыл салған сара жолды өткен ғасырдың аяғында жаңғырта жалғастырып, кеңес дәуірінде көмескі тартып қалған асыл өнерді халқымен қайта қауыштырған бір шоғыр лектің ізін өкшелей басқандардың бірі осы Ермек Жұматаев екені белгілі. Бірнеше рет халықаралық, республикалық айтыстардың жеңімпазы атанған суырыпсалма сөз шеберінің шығармашылығы туралы Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының орынбасары Жанарбек Әшімжан мазмұнды баяндама жасады.
Жиын тізгінін облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы, ақын, мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының иегері, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Ақан Әбдуәлиев алып, бұл күннің таңдалуының өзіндік себебін айтып өтті. Осыдан тура төрт жыл бұрын, дәл осы қарашаның    14-інде «ел еркесі» атанған Есенқұл Жақыпбеков өмірден озған еді. Мұны ақындық жолдағы шәкіртінің ұстазына деген құрметі деп білген орынды. Кеш барысында Есенқұл ақынның өлеңдеріне жазылған Ермек Жұматаевтың «Дүние-ай», «Бәйбіше» және «Есаға» әндерінің орындалуы өрісі мен қонысы бір кеңістікті жайлаған ақын ағасының рухын асқақтата түскендей болды.
Сахна төрінде Ермек Орынбасарұлының баспадан жаңа шыққан «Күншуақ» атты жыр жинағы таныстырылды. Кітаптың тұсаукесер рәсімін өнер жанашыры, меценат Болат Әбішұлы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Жұмабай Шаштайұлы, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Жанарбек Әшімжан және ақын Ахмет Кендірбекұлы жасады. Дәстүр бойынша шашу шашылып, жинақ көпшілікке таратылды. Одан кейін мерейтой иесіне арналған тілек-құттықтауларға кезек берілді. Туған жердің ыстық ықыласын Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары Дастан Шалтабаев жеткізді. Сондай-ақ, еліміздің мәдениет саласының майталмандары, зиялы қауым өкілдері, ақындар мен батырлар елінің азаматтары мерейтой иесіне деген ақ тілектерін ақтарып, сый-құрмет көрсетті.
Қарасай ауданының әкімі Махаббат Бигелдиев елуге толған ақынға сый-сияпат жасап, рухани саланың дамуына қосқан үлесі үшін «Қарасай ауданының Құрметті азаматы» атағын тапсырды. Себебі Жамбыл ауданында туып-өсіп, осында сөз құдіретін бойына терең сіңірген Ермек Орынбасарұлы кейінгі сегіз жылдан бері Қарасай ауданының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы қызметін атқарып келеді. Жалпы Жамбыл мен Қарасай аудандары ежелден еншісі бөлінбеген, бірімен-бірі етене аралас жатқан іргесі бір аймақ. Содан бір күн бұрын Қаскелең қаласындағы аудандық Мәдениет үйінде Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында «Туған жерге туыңды тік» жобасын жүзеге асыру мақсатында республикалық деңгейдегі ақындар айтысы болған еді.
Елінің ерке ақыны құрметіне арналған сөз сайысына Ермек Жұматаевпен кезінде үзеңгі қағыстыра шындықты шынайы жырлап, айтыс тарихында өзіндік қолтаңбасын қалдырған ақындармен қатар қазіргі жас дарындар да әр өңірден арнайы келді. Көрерменнің үлкен қошеметімен өткен айтыстың қорытындысында алдыңғы буын ағаларына еліктеп, шашасына шаң жуытпас жүйріктердің қатарына қосылып келе жатқан Сырым Әуезхан бас жүлдені жеңіп алды. Бірінші орынды Балғынбек Имашев қанжығасына байлады. Екінші орынға тараздық Алтынкүл Қасымбекова, үшінші орынға шымкенттік Жәкен Омаров ие болып, одан басқа қатысушылардың барлығы да қаржылай ынталандырылды.
Ұзынағаштағы салтанатты шараны Е. Жұматаевтың шығармашылығынан құрылған концерттік бағдарлама қорытындылады. «Нұр аға», «Қарасай елім»,  «Ауылым», «Әкеме хат», «Беу дүние», «Біздің елдің арулары», «Көздер», «Үшқоңырға кел», «Ініме», «Асыл жарыма» сияқты ақынның сөзіне жазылған әндер мен сазгер ретіндегі төл туындылары аудандық өнерпаздар мен танымал эстрада жұлдыздарының орындауында шырқалды. Соңында кеш иесі сөз алып, ақыным деп еркелеткен ел-жұртына жүрекжарды алғысын білдіріп, өзінің «Жан бауырларым» әнін тебірене айтты.

  Серік САТЫБАЛДИЕВ

Жамбыл ауданы.