Прагада қазақ күйін күмбірлетті

Уақыты: 09.12.2017
Оқылды: 1204
Бөлім: РУХАНИЯТ

Жақында Талдықорған қаласы Оқушылар сарайының “Мұрагер” домбырашылар ансамблі Чехияның астанасы Прага  қаласында өткен «Салют талантов» жобасындағы «Очарование Богемии» байқау-фестивалінде бас жүлдені және жеке орындауларда 1-орындарды иеленіп, еліміздің беделін асқақтатып, үлкен жеңіспен оралды.

Оған негіз салған маусым айында Астана қаласында өткен. «ART BAYTEREK» ASTANA EXPO – 2017»  байқауы еді. Онда жүлделі орын иеленген ансамбль халықаралық байқауға жолдама алған болатын. Ал, Чехияда қазақ өнерін танытқан талантты жеткіншектер келер жылы қазан айында Санкт-Петербор қаласында өтетін супер-финалға шақырту алды. Ал, балғындарды ұлттық өнермен сусындатып, талантын шыңдап жүрген ұстаз – домбыра үйірмесінің жетекшісі Хайырниса Базарбаева. Шәкірттердің де бұл байқаудан алған әсері зор.  Олар былайша ой бөлісті.
– Ариман:  – Мен сахнаға шыққанда қатты қорқатынмын. Бірақ осы жолы бойымда бір батылдық пайда болды. Санамда қайтсек те жеңіп, сахнада Қазақтың Туын желбіретсек деген ой болды. «Бас жүлде»! дегенде, қуанғаннан «Қазақстан, алға» деп, бар дауысымызды қаттырақ шығарып, шаттандық.
Ақбота: – Менің жеке аспапта орындаудағы алғашқы жеңісім. Көзіме жас келді. Қарасам бәрінің көздерінде мөлтілдеген жас... 
Әли: – Бұл өнер жолындағы алғашқы жеңісім. Әлі талай биіктерді бағындыру үшін талмай ізденуім керек. Домбыраның қыр-сырын терең меңгеруім қажет.
Әділжан: – Менің де ұлттық намысым оянды. Ансамбльдің ең кішкентайы болсам да бір емес, екі кубокты  жеңіп алдым. Праганы мойындаттық. Ұлттық өнердің, домбыраның арқасында. Қатты қуандым.
«Мұрагер» ансамблі әлі талай байқауларға қатысып, биік шыңдарды бағындырарына сенім мол. Өйткені Хайырниса апайлары алдағы байқауға дайындықты бастап та  кетті. 

Алма ЕСЕНБАЕВА.