Ұрпақ азбасын десек

Уақыты: 11.12.2017
Оқылды: 1357
Бөлім: РУХАНИЯТ

Газетіміздің 4 қараша күнгі №122 санында Құралбек Сәбитовтің «Мейірі жоқ мереке» атты мақаласы жарық көрген болатын. Онда Талдықорған қаласындағы Оқушылар сарайында өткен «Hеlloween party» атты шараның жас ұрпаққа берер тәлім-тәрбиесі жоқ екендігі, тіпті бұл жеткіншектеріміздің санасын жат нәрсемен улауға жетелейтіндігі туралы жазылған. Осыған орай облыстық білім басқармасының басшысы Дәурен Жүнісовке арнайы хат жолдап, қосымша білім беру мекемесінде орын алған жайтқа орай түсіндірме беруін сұраған едік. Бұл хатқа облыстық білім басқармасы  басшысының орынбасары Гүлсара ИСАҒҰЛОВА былайша жауап берді.

«Талдықорған қаласының Оқушылар сарайы директорының түсініктемесі бойынша бекітілген іс-шаралар жоспарына сәйкес «Күзгі балл» мерекесі орнына оқушылар сұранысы бойынша «Hеlloween party» шарасы өткізілген. Осыған сәйкес Талдықорған қаласының білім бөлімі мемлекеттік мекемесінің «Оқушылар сарайы» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны директорының 2017 жылғы 13 қарашадағы № 105/ө бұйрығымен Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінің 64-бабының 1-тармағы 1-тармақшасына сәйкес қызметтік міндеттерін дұрыс атқармай, 31 қазан күні жоспардан тыс шара өткізгені үшін  шара өткізген уақытта директордың міндетін уақытша атқарушы А. Сқақовқа, көпшілікпен жұмыс бөлімінің меңгерушісі А. Мырзахметоваға, педагог-ұйымдастырушы А. Ботабаеваға, ағылшын тілі үйірмесінің жетекшісі А. Маратқызына ескерту берілді. Алдағы уақытта басқарма тарапынан мұндай жат және жеткіншектерге беретін тәлім-тәрбиесі жоқ шаралар өткізілмеуі қатаң бақылауға алынатын болады».
Ұлттық болмыс-бітімімізге, салт-дәстүрімізге қайшы келер шаралар білім беру ұйымдарында ұйымдастырылмауы тиіс. Өйткені, әлі толық жетіліп болмаған баланың санасын жат нәрсемен улауымыз мүмкін. Қазір жас ұрпаққа қандай нәрсе ұсынсақ, соны қабылдайтыны да белгілі. Сондықтан ұрпақ тәрбиешісі – ұстаздар қауымы мұндай мәселеге аса ыждағаттылықпен қарауы тиіс. Алдағы уақытта ұлтқа жат, ұрпаққа берер пайдасы жоқ, мағынасыз шаралар білім беру ұйымдарында өткізілмейді деп сенеміз.

Алма ЕСЕНБАЕВА,
руханият бөлімінің меңгерушісі.