Жерұйықтың бір бұлағы

Уақыты: 15.12.2017
Оқылды: 1721
Бөлім: РУХАНИЯТ

Талдықорған қаласында кіндігі кесілген біртуар талант иесі Рахат-Би Әбдісағин «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы атанды. «Жалпы, есімі ел жадында болуға лайық деп ұсынылған адамдардың саны 2 мыңнан асып түскен-ді. Арнайы жұмыс тобы олардың ішінен 300 адамды іріктеп алды. Сол 300-дің ішіндегі үздіктерін ел онлайн дауыс беру арқылы таңдады. Үздік шыққан жүздіктің қатарында жас композитор, пианист, халықаралық конкурстардың лауреаты Рахат-Би Әбдісағин де бар. Жасы 18-ден енді асқан бозбала Бах, Гайди, Моцарттан бастап қазіргі классиктерге дейінгі әлемдік классика жауһарлары жинақталған дүниежүзілік қор қоржынына туындылары енген жалғыз қазақстандық композитор». Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпаздарымен жүздесуінде сөйлеген сөзінен. «Егемен Қазақстан», 4 желтоқсан, дүйсенбі, 2017 ж.

Ұштың сен қарақанат балапан боп,
Өзіңді аялаған алақан көп.
Ананың ақ сүтімен ауыздандың,
Әжеңді аспандаттың «жан апам» деп.

Басыңнан құс ұшырмай бақты бәрі,
Болашақ бағдарыңды нақтылады.
Күшімен ата-ананың бойға біткен,
Өнердің атқылады ақ бұлағы.

Ақбасты Алатаудың бір ұлысың,
Музаның миға қонған құбылысын.
Сүйінбай, Жамбыл, Кенен, Нұрғисаның,
Және де бар Қазақтың құлынысың!

Қуанды ұстаз біткен, ақталды үміт,
Атыңды әспеттейді мақтан қылып.
«Құдай-ау, көз тимесін!» деп тілейді,
Алыс-алыс сапарға аттандырып!

Ақ тілектер аспанға алып ұшты,
«Супермальчик» атандың бабы күшті.
Қылқаламмен өрнектеп, әнмен әрлеп,
Сан құбылттың сәулелі сағынышты.

Сағыныш ол – өнерге құлшынысың,
Сағыныш ол – қиянға ұмтылысың!
Таңғажайып дүние – саз сырының,
Шым-шым тартты сиқырлы тылсымы шын!

Даңқы асқан тұлғалар бар әр ғасырда,
Әр ғасырда дарындар жалғасуда.
Әл-Фараби, Бейбарыс, Шоқан, Шоқай,
Әміре боп әйгілер алмасуда.

Сол бабалар соқпағы сені іздейді,
Талант-талап туасы егіз дейді.
Заманыңа лайық таным-түйсік,
Жан-жақтылық қалпыңды негіздейді.

Жолың түсті дүниенің әр қырына,
Сахналар бұйырды тағдырыңа.
Сылқым-сері әуендер шомылдырды,
Алқалаған алғыстың ақ нұрына!

Алматы мен Астана қол соқты көп,
Сен оралған сәттерде жолсоқты боп.
Шалқығанда шабытың шарқ ұрады,
Күйсандықтың тіліне саусақ тіреп!

Үштұғырлы тіл өмір – серігің,
Үш тілде де қыздырдың сөз көрігін!
Сол үшін де «казахское чудо» атанып,
Мадақ сөзге сары майдай ерідің!

Шетжұрттықтар «это явление» дегені,
Намыс отын қамшылауға сеп еді.
Қазақия оғланын қайда да,
Хақ-тағала өзі қолдап, жебеді!
Шопен, Моцарт, Глинка боп шалқыдың,
Алдың талай Гран-при алтынын!
Кең көсіліп Ялта, Прага, Парижде,
Асқақтаттың даңқын Қазақ халқының!

Он сегіз жас – болаттұяқ тастүлек,
Өрге шауып, өрттей жанған жас жүрек.
Отандастар сүйіншілеп қуансын,
Фарабидей өнері елден асты деп!

Алақайлап айтар жеңіс жетерлік,
Салтанат көп тіпті мақтан етерлік.
Күйсандықтың құлағында ойнасаң,
Бас шайқасты күллі маман шетелдік.

«Муза жолы» аталатын саз-сабақ,
Дәріс-концерт тыңдар әркім аңсап-ақ!
«Гармония шегі» еңбегің еленді,
Ғылым үшін жаңалыққа тән санап!

Құйқылжытып құлаққа әуен құясың,
Арқаң қозса, сахнаға әрең сиясың!
Жер-әлемге жайдың жаның елжіреп,
«Жыл құстары», «Қазақ рапсодиясын».

Әжең еді-ау жанкүйерің жайдарман,
«Жорғалаған саусағыңнан айналған!».
Ондыққа тиер найзағай оғы – он сегіз,
Сұрмерген сынды қанжыға күнде майланған!

Орысбай ӘБДІЛДАҰЛЫ,
ҚР Мәдениет қайраткері, «Жетісудың» ардагер журналисі.