Басты қалай тартып жүрміз?

Уақыты: 29.12.2017
Оқылды: 2487
Бөлім: РУХАНИЯТ

Теңіздің дәмін тамшыдан татқан елге тағы бір жаңа айдардың табиғатын таныстырудың сәті келіпті. Бір сөзбен айтқанда, ұлт даналығы һәм даралығы дейтін ұлы ұстын айшықталады мұнда. Біз көздеген мақсат пен діттің діңгегі – мамаағашы да сонда. Яғни, бұл төл мәдениетіміздің мәйегін молдап ұсынар, салт-дәстүріміздің, әспеттеп айтқанда атқан таңдай рауан рәуішті қазынамыздың кетілген тұсын қал-қадірінше бүтіндер, жоғалған «жоғын» олжа етіп, ой-санасына қайтарар рухани азық алаңы болмақ. 

 «Бас тарту» десе, әдетте көз алдыңызға не келуі мүмкін? Әрине, үйітіліп, тап-таза етіп жуып-тазаланған бастың кәделі табақты  толтырып төрге ұсынылуы елестейді. Алайда оның қазақы салт-дәстүрге орай қалыптанған, бұлтармауы тиіс қағида, ұстаным, тыйымдары барын көптің көңілі кейде ұмытыңқырап кететіні де рас. Сосын да біреуі сыйлы қонақ келгенде басқа қандай жілік қосатынын білмей сасып қалса, енді бірі қонаққа қалай ұсынуды білмей тағы тосылатыны бар. Міне, мұның бәрі – ұлттық салт-дәстүріміздің сарқылып кету қаупіне де немкетті қараған тасыр, таяз сананың жемісі.     
Жайшылықта баппен батыстырып, еппен езілтпей пісірген басты тартудың алғашқы қадамы оны кәделі жіліктермен табаққа салу болса, мұнан кейінгі ең негізгі жосынның бірі оны қасқалау екені белгілі. Яғни, жолын ашу. Жоғарыдан төмен түзу бір сызық түсіре, тиісінше, көлденең тағы бір тіледі.  Онысы тігінен түскен біздің жол, көлденең түскен сіздің жол дегенді ырымдағаны. Бұл дәстүр моңғол жұртында да сақталған. Ұқсамайтын тұсы, олар төбе құйқаны дөңгелектеп тіледі. Бұл да көшпенді халықтың  жолаушының жолын ашу тәрізді ырым-жоралғысы деп түсінуге болады.
Бұдан кейінгі ескеретін дүние де, қазіргі жұрттың көп қателесетін тұсы да бас табақты қонақтың алдына әкелу тәртібі. Яғни, бас салынған табақты әкелгенде қазақ оның тұмсық тұсын төрге, шүйдесін есікке қаратып әкелген. Оның бірнеше түрлі дәстүрлік мәні бар. Біріншіден, ол несібенің адамға оң келуі, адал асы дегенді білдірсе, екіншіден, мұнда діни наным-сенім де жоқ емес. Айталық, дана қазақ әманда мал басын құбылаға қаратып союға ниет ететіндіктен, оның тұмсық тұсы Меккенің топырағын иіскеген деп қастерленеді. Бұл туралы атақты Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп Ахметова «Бабалар аманаты» атты этнографиялық кітабында мынадай үзінді келтіреді:
«Қонақтар кеткен соң жаңалап шай жасап, енді өзіміз дастарқан басына отырдық. Байқаймын, атаның (Бауыржан Момышұлы) қабағы салыңқы. Бір кезде:
– Дастарқаның толымды, астарың дәмді болды. Әсіресе «ұмытылған тамақ қой мыналар» деп әсіп пен сүт құйған өкпе оларға өте ұнады. Бірақ соның бәрін сен жіберген төрт қателік жуып кетті. Қонақтар оны байқады-байқамады дей алмаймын. Ал мен анық көрдім, – дегенде дымым ішіме түсіп, көзім қарауытып кетті. Бүріскенім соншалық, құрттай тесікке сыйып-ақ кетер едім.
– Ол не, папа? – деп Бәкең әкесіне қарады. Бірақ ата маған қарап, маған арнап сөйледі:
– Біріншіден, есі дұрыс қазақтың әйелі қонаққа бас көтеріп кірмейді. Жаман-жақсы болсын, басиең аман. Екінші қателігің – басты шүйде жағымен әкелгенің. Қой шүйдесі емес, тұмсығын алға беріп жүреді. Үшінші қателігің – қойдың тісін қақпай әкелгенің. Бұл – ең алдымен, тазалық. Қой тісінің түбінде не жатқанын қайдан білесің?! Шөп жейтін, жем жейтін мал ғой. Содан кейін мұның екінші мағынасы бар. Қазір ұмытылған, көнекөздер болмаса, көпшілік біле бермейтін жағын да айтайын. Қазақтар – талай нәрсені ым, тұспал, ишара арқылы білдірген текті халық. Соның бірі осы қағылмаған тіске байланысты. Сыйласып жүрген екі адамның біреуі әлденеге ренжіп, бірақ соны «сөз көбейер» деп айта алмай жүрсе, өзі ренжіп жүрген адамы үйіне келгенде етпен бірге алдына тісі қағылмаған басты қояды. Сонда бас ұстаған адам: «Ә-ә, мынаның ішінде маған деген бір қыжылы бар екен, тісін басып жүріпті-ау», – деп ұға қояды. Ары қарай реніштің түйінін шешіп, түсінісуге бет түзейді. Ал төртінші қателігің – басты қасқаламай әкелгенің. Талайлар мұның мәнін ұқпайды. Ол – «төрт құбылаң тең болсын, маңдайың ашық болсын» деген ізгі тілек, – дейді”. Осыдан-ақ, бас тартудың бұлжымауы тиіс бірнеше қағидасы жадыңызда жаңғыра қалатыны рас. Ал бас тартылды делік, қонақ не істеуі керек дейсіз ғой. Оны да тақырып аясында тарқата кетейік.
Егер қонағыңыз көргенді, парасатты жан болса, бас келіп, бата жасалған бойда бірден басты мүжи жөнелмесі белгілі. Әуелі  Меккенің топырағын иіскеген деп тұмсық ұшын кесіп алып отқа салып, одан кейін езуімізден май кетпесін деген ырым бойынша бастың оң жақ езуін құйқасынан бастап кесіп алдымен өзі ауыз тиеді. Мұнда да оң жақ езуін ескерілетінін ұмытпауымыз тиіс. Бұдан соң табақтастарына құйқадан жағалай ауыз тигізеді. «Құлағың сақ, жақсылыққа үйір болсын» деп құлағын сол үйдің баласына береді. Бұл, тіпті, несібем, ырысым өзімде қалсын деген тілекпен істелетін салттың бірі деуге болады. 
Ал көзін көзімдей бол деп жақын тартқан адамына ұсынады. Онда да қазақы дәстүр бойынша жұбынан бөлмей беру дәстүрі бар. Оның мәні, екі адам жесе бір-бірімен араз болып кетеді деп ырымдайды қазақ. Осы ретте, таңдайға қатысты дүниені айтудың өзі артық болса керек. Оны қазіргі жас балалардың өзі-ақ таңдайы тақылдап айтар. Өйткені, оны аты айтып тұрғандай сөзге шебер деген адамға немесе дәм татып отырған үйдің қызының алақанына жезтаңдай әнші бол, таңдайың тақылдаған шешен бол немесе таңдай өрнегіндей кестеші бол деп алақанына ұрып беретін болған.
Осындай жора-жосыннан соң барып басты тұмсығын ілгері қарата үй иесіне қайтарады. Ол келесі табаққа ұсынады. Бұл да ырысым, несібем өз үйімде, өз босағамда қалсын дегенді ырымдағаны. 
Тағы бір айта кететін жайт, қазақта «әкесі тірі адам бас ұстамайды» деген ырым бар. Бұл үлкенді сыйлау әдебін көрсетеді.  “Әке тұрып, бала сөйлегеннен без” дегендей, асқар тауы тұрғанда  алдын кесіп, бас ұстау әдепсіздік саналған. Тіпті, қазақ жетім-жесірді мүсіркегенде: «Қайтсін, бас ұстары жоқ болғасын сөйтеді-дағы», – деп олардың әрбір айыбына, қате басқан қадамына іштей түсіне қарауға тырысқан. 
Міне, бұл ұлтымыздың бас тарту дәстүрі төңірегінде аманаттаған қағида-қисыны. Оны жаңғырту, сол арқылы қазақтай данышпан жұрттың қалыбын тану тағы сіздің қолыңызда, оқырман.


Оймақтай ой

Әрбір ұлттың борышы – әлем алдында өзінің ұлттық болмысын таныта білу керек. Егерде халық әлем дамуына ешнәрсе қоспаса, онда бұл адамзат тарихында қашанда кешірілмес, өлімнен де зор ұлттық қылмыс ретінде қаралуы керек.

Рабиндранат
ТАГОР.


Тақырыпқа тұздық​

Құт Қойдың құлағында

Ерте заманда Сырлыбек дейтін кісінің ауылына кешқұрым қонақ келіп түседі. Қонақ ит-құстың тілін біледі екен. Дастарқан басында отырғанда сырттан ұлыған қасқырдың даусын естиді. Қасқыр:
– Әй, ит екеш, інім. Әлімсақтан екеуміз туыс едік. Алла менің жеті несібемді желден, бір несібемді үйден жаратқанын білесің.  Маған бір қой бер, – дейді. Ит үріп: “Қасеке, менің тоқтығым осы қойлардың амандығы емес пе? Қойды алдырсам, қожайынның алдында ұятты болмаймын ба?” – деп көнбейді.  Қонақ мұның бәрін естіп отырады.  Ас ішіліп болған соң барі ұйқыға бас қояды.  Таңертең қонақ абыр-сабыр айқайдан оянып кетеді. Түнде қасқыр шауып, қорадағы қойларды айдап кетіпті. Үй иесі қонаққа: «Қонақ жақсы болса, қой егіз табады, жаман болса, қораға қасқыр шабады», – деген. “Пиғылың лас адам екенсің”, – деп ренжиді. Қонақ сыртқа шықса, батысқа қарай кеткен екі ізді, шығысқа жүрген көп ізді байқайды. Қожайынға: “Қам жеме, қойың аман. Шығыста жайылып жүр. Ал, итің қасқырмен жан алысып, жан берісіп жатыр. Батысқа кеткен із соны меңзейді. Итіңнің артынан барма. Ол ием келді деп саған алаңдап, қасқырға алдыруы мүмкін. Қасқырдың артынан барсаң, ол қорыққаннан артына қарайды. Итің бас салып талайды”, – дейді. Сырлыбек қонақты ертіп, қасқырдың ізімен барады. Айтқандай, иті мен қасқыр бір-бірін ала алмай, көзбен арбасып тұр екен. Бөрі арт жағынан келе жатқан адамды иісінен танып, жалт қарағанда ит тамағынан шап береді. Ұлыма сол жерде мерт болады. Бұдан соң үй иесі қонағын ертіп шығысқа барса, сайдың ішінде қойлары жайылып жүреді. Буаз қойы егіз қоздап, қозыларын емізіп тұр екен. Сырлыбек қуанып:
– Аңдамай, ашумен айтқан сөзімді кешіріңіз. Жақсы қонақ келсе қой егіз табады екен. Сіз тегін адам емес екенсіз. Тағы бір күн қонақ болыңыз, – деп үйіне түсіреді. Қонақ тағы бір күн қонақтайды. Ертесіне үй иесі одан:
”Не бұйымтайыңыз бар?” – деп сұрайды.
– Итке қатты қызығушы едім. Көңілім бөрібасарыңызға ауып тұр. Қарғысын берсеңіз, жетектеп кетер едім, – дейді. Сырлыбек:
– Итіңіз не, марқа қой берейін, жылқы жетектетейін, – дейді.
– Жоқ, ниетіңізге рахмет. Итіңізді бұйымтай еттім, – деп, итін жетектейді. Ит кетіп бара жатып, киіз үйдің іргесінде жатқан шиге дәрет сындырады. Қонақ:
– Қожайын, мен ойландым. Иттен гөрі мына жаман шиді алсам, қалай қарайсыз. Кемпірім: «Ши әкеп бер», – деп қақсай беруші еді. Соның тілегін орындайын. Итіңізді қоя берейін”, – дейді. Сырлыбек түсінбей, келіседі. Қонақ шиді ала бергенде әлгі қойдан туған егіз қозының бірі шидегі иттің дәретін жалайды. Мейман қайтадан Сырлыбекке бұрылып:
– Қожайын, шиді басқа жерден табармын. Көңілім жаңа туған қозыңызға түсті. Жас қозының етіне аңсарым ауып жүр еді. «Іздегенге сұраған» деген. Маған қозыны сойып беріңіз, – деп қозыға бата жасайды. Сырлыбек қонағының көңілін қимай, әлгі жас қозыны бауыздайды. Сонда қонақ:
– Қозының басына ешкімнің қолын тигізбей алдыма тартсаңыз. Құмарым қанып, бір тояйын, – деп өтініш қылады.
Ас піскен кезде Сырлыбек қозының басын тартады. Қозының бір құлағы жоғын байқаған қонақ:
– Қожайын, қозының басына ешкім қолы тимесін деп өтініш етіп едім, құлағы қайда? – деп сұрайды. Бұл сәтте үй иесі сәл ыңғайсыданып: “Жолаушы, айып етпеңіз. Жаңа ғана қозының басын қазаннан түсіріп, суытып қойғанбыз. Біздің көзді ала бере, үйдегі жүгірмектің бірі қозының құлағын кесіп алып, жеп қойыпты. Ат-шапан айыбымды өтейін, қаласаңыз, марқа қой сояйын. Тек бізге ренжімеңізші, – деп жалынады. Қонақ мырс етіп күліп:
– Шаңырағыңа тепкілесе де, кетпейтін бақ орнапты, – дейді де, естіп-білген оқиғасын бастан-аяқ айтып береді. Әрі ақ батасын беріп, аттанып кетеді. Осыдан бастап ел аузында «ырыстың бірі қойдың құлағында» деген түсінік қалыптасыпты.

Қозыбай Құрман.