МӘДЕНИЕТ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІМЕН КЕЗДЕСУ

Уақыты: 29.12.2017
Оқылды: 1703
Бөлім: РУХАНИЯТ

«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының ғимаратында мәдениет саласының қызметкерлерімен кездесу өтті. Жиынға «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалиасқар Сарыбаев пен облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ақан Әбдуалиев, «Жетісу» газеті бас редакторының орынбасары, партияның облыстық филиалы жанындағы «Мирас» қоғамдық кеңесінің төрағасы Нүсіпбай Әбдірахым қатысты.  

Кездесуде Қазақстан Республикасы Президентінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы талқыланып, келесі жылға аталған бағыттар бойынша жоспарлар құрылды. Алғашқы сөздің тізгінін облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ақан Әбдуалиев алып, өңірдегі мәдениеттің жай-күйі мен жыл бойы атқарылған жұмыстарға тоқталып, жеткен жетістіктерді сөз етті. Облысымызда 546 мемлекеттік мәдениет және архив мекемелері бар екендігін және жергілікті бюджет есебінен Талғар қаласындағы Мәдениет  үйінің ғимаратына қазандық салынып, ал Талдықорғандағы драма театрының құрылысы 2018 жылы аяқталатынын қуанышпен жеткізді. Бұл тек игі істердің бастамасы екендігін, алдағы уақытта  мұндай қуанышты жаңалықтардың көп болатындығын тілге тиек етті. Сондай-ақ, мәдениет саласының дамуына ерекше үлес қосқан бірнеше қызметкерге «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісін тағып, Құрмет грамоталарын ұсынды. 
Әрмен қарай «Мирас» қоғамдық кеңесінің төрағасы Нүсіпбай Әбдірахым ілкімді істерді алға тартып, ауыз толтырып айтар жетістіктерді де назардан тыс қалдырмады. Және де кездесу барысында талқыланған тың жобалардың жемісін беретініне сенім білдірді. 
Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалиасқар Сарыбаев баяндама жасады. Қоян-қолтық еңбек ету арқылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың берген тапсырмаларының ойдағыдай іске асып жатқандығын жеткізді. Сонымен қатар еліміздің ұлттық өнері мен мәдениетіне сіңірген қажырлы еңбегі, өңірдің мәдени шараларына қосқан сүбелі үлесі үшін облыстық тарихи, мәдени мұраны қорғау жөніндегі орталығының директоры Ғалымжан Оспанов, «Адырна» ансамблінің көркемдік жетекшісі Арман Аманжолов, І. Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайының көркемдік жетекшісі Әділжан Ғұмаров, облыстық халық шығармашылығы орталығының бас есепшісі Гүлнар Қыдырбаева, С. Сейфуллин атындағы облыстық әмбебап кітапханасының қызметкері Гүлзира Жабықбаева және тағы басқа белсенділерді Алғыс хатпен марапаттады.
Кездесу соңында Ғалиасқар Төлендіұлы келгендерге ризашылығын білдіріп, алдағы уақыттағы жұмыстарына сәттілік тіледі.

Серік ҚАНТАЕВ.