Қанаттандырған халқымен қауышты

Уақыты: 03.01.2018
Оқылды: 1576
Бөлім: РУХАНИЯТ

Өз жолын шүу дегеннен тауып алған таланттың тамыры туған топырағымен біте қайнасып жатыр. Ақын туған жерін жырға қосқанда тағалаған жорғадай. Аз жазса да саз жазады. Жарық көргеніне қанағат, жабулы қалғанына салауат айтып жүретіні де бар. Содан болар, оның туындылары таңғы шықтай мөлдір, мизамкөктей нәрлі. Әділбек Ыбырайымұлын ойлы оқырман жырларынан жақсы біледі. Жақында әдебиет айдынында поэзия мен прозаның ескегін қатар ескен қаламгер киелі мекеніне келіп қайтты.

Қазақ поэзиясының еңлікгүлі Зайда Елғондинова  қаламгер Әділбек Ыбырайымұлымен жүздесу оқырман  үшін рухани олжа екенін әлеуметтік желіде жариялаған еді. Оны естіген жетісулықтар арғымақ ақынын асыға күтті. Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы мен С. Сейфуллин атындағы облыстық әмбебап кітапханасының ұйымдастыруымен ақын, жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Халықаралық әдеби Алаш сыйлығының иегері Әділбек Ыбырайымұлымен «Жүрегіме мен сені көшіремін...» атты поэзиялық кездесу кеші өтті.  Бұл шара «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асып отыр.
Әдеби кеште беташар сөзді облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ақан Әбдуәлиев сөйледі.
– «Туған жер» бағдарламасының арқасында Жетісу жеріне көптеген ақын-жазушы келіп жатыр. Соның бірі де бірегейі – Әділбек Ыбырайымұлы. Оның қаламынан туған шығармалар көпшіліктің көңіліне көктем боп орнап, шұғыласын төгуде. Азаматтығы да бір төбе. Басқа саланың сойылын соқса да әдебиеттен алыстаған емес. Айтары бар қаламгер, – деді ол.
Иә, шығармадағы әрбір суретке, әрбір сөзге поэзиялық сәулет, нәр беретін нәрсе – ақындық  ой-сезімнің тереңдігі мен көркемдігі. Осы қасиеттерді бойына сіңірген қаламгердің жазу әдісі мен жүрген жолы басқаларға ұқсамайды. Мемлекеттік қызметте жүріп, шығармашылықпен айналысу шыдамдылықты талап етеді. Ол осы жауапкершілігі мол жолда жүріп, ертеңгі күнге рухани азық болатын дүниелерді әкелуге атсалысуда. Мұның себебі – әлдеқандай бір ерекше сұлулап сөйлеуге әуестіктен емес, ұлтқа деген жанашырлықтан.
Кеште І.Жансүгіров атындағы ЖМУ-дың профессоры, зерттеуші-ғалым Қанипаш Мәдібаева жазушының шығармашылығына талдау жасаса, ақын Гүлбақыт Қасен «Сүмбіле шуағы» жинағы туралы толымды пікірін білдірді. Одан кейін филология ғылымдарының докторы, профессор, жазушының курстасы Мұратбек Иманғазинов ақынмен бірге өткен студенттік шақтарын баяндады. Қызыққа толы оқиғаларымен бөлісіп, оқырман қауымды бір тамсантты. 
Кешке арнайы дайындалып келген жастар ақынның өлеңдерін оқып, көпшіліктің ыстық ықыласына ие болды. Оның  өмірі мен шығармашылығы туралы слайд көрсетіліп, сұрақтар қойылды.  Сонымен қатар, «Алтын қалам», «Алтын тобылғы» әдеби сыйлықтарының иегері Есболат Айдабосын қаламгердің тақырып шеңбері ауқымды екенін жеткізіп:
– Проза – шабан тартқан жанрдың бірі. Сондықтан, жазушылардың жаңа шыққан туындыларын оқуға асығамын. Мен де сол  өнердің өкілі ретінде жазушының  сөз зергерлігін ерекше атап өткім келеді. Оны бір ғана «Жиреннің тезегі» хикаятынан байқауға болады. Қаламгер ойға батыл, рухани күші теңескен, көңіл көзі көреген, деңгейі өте жоғары, – деді. Сондай-ақ, «Жетісу» газеті бас редакторының орынбасары Жұматай Әміреев ақындық болмысы туралы әңгімеледі.
Шығармашыл адамның жеке мінез ерекшеліктеріне байланысты поэзия да түрлі сипаттарға бөлінетіні бар. Байыпты ақындардың  өлеңдері өзінің тамаша мінезін бейнелеп тұрады. Мұны шара соңында Әділбек Ыбырайымұлы өз туындыларын оқығанда байқадық. Қаламгер жырсүйер жетісулық қауымға  алғысын білдірді. Жер жаннатының перзенті екенін әрдайым мақтанышпен айтатынын да ақтарыла жеткізді.  
Кітапханадағы келелі кеш мәресіне жеткен соң кіндік қаны тамған Ақсу мекеніне бет алды. Өз орталарынан түлеп ұшқан дарынды ұлын Ақсудың ақжарқын халқы күтіп отыр екен. Алыста жүрсең де асық ойнаған ала төбенің биіктігіне жетер шың бар ма? Ақын қанат бітірген ұясына қайта қонғанына мәз-мейрам. Өлеңге шөліркеген аудан жұртын жырдың кәусар бұлағымен суарып, көңілдерін бір көтеріп салды. Ауылдың қадірлі ақсақалдары ақ батасын берді. Сонау алып шаһардан алақандай ғана ауыл жұртымен қауышуға келген қарымды қаламгердің шығармашылығының шоқтығы биік болуын  тіледі. Оқырмандар естелік суретке түсіп, ақынға деген құрметін білдірді.
Осындайда жыр құлагері Ілияс Жансүгіровтің: «Өз елі өз ерлерін ескермесе, ел тегі қайдан алсын кемеңгерді?», – деген сөзі ойға оралады. Шынымен де ақынын алқаламаған  халықтың атының бәйгеден озуы екіұдай. Жетісу жеріне сапарлап келген жыр саңлағы Әділбек Ыбырайымұлын жетісулықтар барынша қошеметке бөледі. Біз оны кешегі сүлейлерден қалған сарқыт деп түйдік. 

 

Мұхтар КҮМІСБЕК.