Қазыналы жыл болсын

Уақыты: 03.01.2018
Оқылды: 1454
Бөлім: РУХАНИЯТ

Босағамыздан енген ит жылы елімізге берекелі, табысты болсын. Адам баласының адал досы саналатын, бабаларымыз жеті қазынаның біріне балаған ит жарықтық қашанда тыныштықтың, бейбітшіліктің күзетшісі іспетті. Жаңа жылға арналған мерекелік шарада бір-бірін құттықтаған көпшілік бір-біріне осындай игі сөзін арнап, Жетісу жерінің өркендей беруіне тілектестік білдірді. Облыс орталығындағы «Жастар» саябағында ұйымдастырылған мерекелік шара кезінде тұрғындар театрландырылған қойылымды тамашалап, қызылды-жасылды отшашудың жарқылын қызықтады.

Өткен тауық жылының қоштасу сөзінен кейін ит жылын қарсы алған Аяз ата мен Ақшақарды айнала билеген 12 жыл елімізге бақ-береке, ырыс-құт, тыныштық пен тұрақтылық тілеген қарттың батасына бет сипады. Әнмен әсемделіп, күймен көмкерілген мерекелік шарада облыс әкімі Амандық БАТАЛОВ өңір тұрғындарына жүрекжарды тілегін арнады.
– Жаңа жыл – баршаға жан шуағын сыйлайтын, өткен жылды саралап, жаңа істерді бастайтын жарқын мереке! 2017 жылға көз салсақ, табысымыз бен берекелі істеріміз, жетістігіміз бен жеңістеріміз мол болды! Өткен жылда береке мен бірліктің, тұрақтылық пен татулықтың өркен жайған сәттері көп болды, – деген өңір жетекшісі жеткен жетістіктер мен көрсеткіштерге тоқталды. – Астананың төрінде бүкіл әлем көз тіккен      «ЭКСПО – 2017» халықаралық көрмесі өтті. Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында ауқымды шаралар қолға алынды. Өткенімізге көз жүгіртіп, болашаққа бағдарымызды айқындадық. Тарихи орындар қайтадан жаңғырып, киелі мекендер қайта түледі. Облыс еңбеккерлерінің еңбегі жоғары бағаланып, бірқатар азаматтар мемлекеттік наградаға ие болды. Солардың ішінде жерлесіміз, қазақтың мақтанышы – Жақсылық Үшкемпіров Елбасы қолынан «Қазақстанның Еңбек Ері» жоғары атағын алды. Алдағы жылда да Жетісуымыз жайнап, гүлденіп, бәріміз жарқын сәттерге куә болайық. Жаңа жыл құтты болсын!
Құрметті қауым! Жаңа жыл Жетісудың ел-жұртына мол табыс, әр шаңыраққа шаттық, береке сыйласын! Жаңа жылдан күткен үміттеріңіз ақталып, әр шаңырақ шаттыққа кенеліп, қуанышқа бөлене берсін! Жаңа жыл құтты болсын, ағайын!
Бұдан соң Талдықорған қаласындағы ғимараттардың қас бетін мерекелік безендіру бойынша жүргізілген байқаудың нәтижесі таныстырылып, үздік мекемелерге бағалы сыйлықтар табысталды. Сонымен жүлделі 1-орынды облыстық ішкі істер департаменті иеленсе, 2-орынды І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университеті, 3-орынды Медицина колледжі еншіледі. Одан бөлек, «Қазақтелеком» АҚ-на, М. Ломоносов атындағы №5 орта мектеп-лицейіне, №9 орта мектеп-гимназиясына, «Белое солнце пустыни» кафесіне, «Мәрмәр» мейрамханасына ынталандыру сыйлықтары берілді.
Мерекелік көңіл-күйге бөленген көпшілік бұдан соң облыстық филармония мен қала өнерпаздары дайындаған концерттік бағдарламаны және Талдықорған аспанын көмкерген түннің жарығына шуақ қосқан отшашулар кезегін тамашалады.

Мәди АЛЖАНБАЙ.