ІЛИЯС ЖАНСҮГІРОВ ӨЛЕҢДЕРІНДЕГІ «БІЛІМ» КОНЦЕПТІСІ

Уақыты: 02.08.2024
Оқылды: 1629
Бөлім: РУХАНИЯТ

Аннотация:

Бұл мақалада «білім» концептісіне назар аудара отырып, ақын Ілияс Жансүгіровтың өлеңдері талданады. Талдау жасалмас бұрын мақалада «білім» ұғымының шығу төркініне көңіл бөліп, «білім» ұғымына анықтама береді. Мақаладағы талдаулар І.Жансүгіровтың өлеңдерінен контекстік тұрғыдан қарастыруға және семантикалық түсіндіру әдістеріне негізделген. Авторлар ақынның өз шығармалары арқылы білімнің шын мәнін, оның адам өміріне әсерін және оның поэзиясында білімнің қалай тұжырымдалғанын анықтайды. Мақала авторлары Ілияс Жансүгіровтың поэтикалық шығармашылығының ішкі әлеміне "білім" концептісінің  призмасы арқылы қарайды.

.Тірек сөздер: білім, концепт,ұғым, оқу, өлең І.Жансүгіров,

Аннотация:

В этой статье анализируются стихи поэта Ильяса Жансугурова с акцентом на концепт» знание". Перед проведением анализа в статье делается акцент на происхождении понятия» знание «и дается определение понятия «знание». Анализ в статье основан на контекстуальном рассмотрении и методах семантической интерпретации стихов И. Жансугурова. Авторы через собственные произведения поэта определяют истинную сущность знания, его влияние на жизнь человека и то, как сформулировано знание в его поэзии. Авторы статьи смотрят на внутренний мир поэтического творчества Ильяса Жансугурова через призму концепта «знание».

Ключевые слова: знание, концепт, концепция, образование, стихотворение И. Жансугуров.

Annotation:

This article analyzes the poems of the poet Ilyas Zhansugurov with an emphasis on the concept of "knowledge". Before conducting the analysis, the article focuses on the origin of the concept of "knowledge" and defines the concept of "knowledge". The analysis in the article is based on contextual consideration and methods of semantic interpretation of I. Zhansugurov's poems. The authors, through the poet's own works, determine the true essence of knowledge, its influence on human life and how knowledge is formulated in his poetry. The authors of the article look at the inner world of the poetic work of Ilyas Zhansugurov through the prism of the concept of "knowledge".

Keywords: knowledge, concept, concept, education, poem by I. Zhansugurov.

 

«Әдебиет» саласын бір алып ғимарат деп алсақ, сол алып ғимаратқа өзінің кірпішін қалап, ізін қалдырған қаламгердің бірі — Ілияс Жансүгіров. Ілияс Жансүгіровтің мұрасы көп қырлы, сан алуын. Оның шығармашылғынан поэзияны да, прозаны да, пьесаны да, фельетонды да табасыз. Біздің бүгінгі жазып отырған мақаламызда қарастырып отырған дүниеміз Ілиястың өлеңдеріндегі «білім» концептісі. Қазақ әдебиетінің шоқтығы биік тұлғаларының барлығы дерлік білім алуға, оқу оқуға шақырып, білімнің маңыздылығын ерекше атап көрсеткен. Мысалы, «Барлық істің басшысы – білім» деген Жүсіп Баласағұнның сөзіне назар аударсақ, білім адамзат баласының өркендеуіне зор үлес қосқан ұғым. Білімнің адам үшін маңыздылығы туралы Ахмет Байтұрсынұлы: «Адамға тіл, құлақ қандай керек болса, білім де сондай керек», - дейді. Шынымен де білім адам баласы үшін өмір сүру жолында ажырамас мәнге ие. Аталған тұлғалардың қатарында Ілияс Жансүгіров те бар. Осы тұста «Ілияс шығармаларынан білім ұғымы қалай көрініс табады?» деген сұраққа жауап бермес бұрын «Білім деген не?» деген сұраққа жауап беріп көрейік.

Жалпы «білім» ұғымының пайда болуы тікелей философиямен байланысты. Бұл ұғым ең алдымен философия саласында қолданылған. Бұл сөзіміздің растығын «барлық дерлік ғылымдар философиядан бөлініп шықты» деген тұжырым дәлел болады. Философиядағы «білім» ұғымы «эпистемология» деген терминге саяды. «Эпистемология» сөзінің этимологиясы бізге «білім» философия пәнінің бір саласы екенін көрсетеді.

Эпистемология дегеніміз —  көне грек тілінен аударғанда: ἐπιστήμη — «ғылым» және λόγος — «сөз» деген мағынаны білдіреді[1, 198].

«Білім» ұғымының шығуын қарастыру барысында біз «эпистемология» терминіне синонимдес «гносеология» терминіне де мән береміз. Бұл туралы философтар «Стэнфордская энциклопедия философии» еңбегінде ««эпистемология» сөзі «гносеология» сөзімен қатар жүреді», - дейді [2]. Ендеше «гносеология» терминіне берілген анықтаманы қарастырып көрейік. Гносеология —  көне грек тілінен аударғанда: γνῶσις — «білім» және λόγος — «сөз» деген мағынаны білдіреді [1,67]. Жалпы алғанда бұл екі ұғым да немесе таным теориясы— философия ғылымының саласы.

Гносеология-бұл рефлексивті пән, сол себепті адамдар қызметінің әртүрлі салаларында бар білімнің нақты құбылыстарын анықтап, талдауы керек. Осындай құбылыстарды жинақтай келе гносеология , "Білім деген не?"деген сұраққа жауап береді. Сол сұраққа жауап беру арқылы таным теориясының өзекті мәселесін құрайды. Мұнда осындай құбылыстардың алуан түрлілігі ашылады. "Білім", "білемін" сөздері табиғи және ғылыми тілдерде әртүрлі контексттерде қолданылады және көптеген мағыналарға ие.

Жоғарыда біз бекер таным теориясы мен білімді байланыстырып қараған жоқпыз. Бұл сөзімізге қазақтың ұлы ақыны Абайдың қара сөздеріндегі мына жолдар дәлел болмақ: «Адам ата-анадан туғанда есті болмайды: естіп, көріп, ұстап, татып ескерсе, дүниедегі жақсы-жаманды таниды-дағы, сондайданбілгені, көргені көп болған адам білімді болады», – деген (19-қара сөз) [3].  Абайдың осы келтірген бұл тұжырымында білімнің танымдық та, педагогикалық та мәні айқындалып тұр. Мәселен, «естіп, көріп, ұстап, татып... дүниедегі жақсы-жаманды тану» адамның танымдық қызметін, ал «білгені, көргені көп болу» білім жинау үдерісін, яғни педагогикалық ерекшелікті байқатады. Жалпы білімнің танымдық әрі педагогикалық ерекшеліктері адам бойындағы бір-бірімен тығыз байланыста дамитын интеллектуалдық деңгей. . [4]

Адам баласы үшін білім алу қандай қиын болса, «білім» сөзіне анықтама беру де сондай қиын. Себебі «білім» концептісі жалпы ұғымдардың бірі.

Білімді ұғым ретінде қарастырғанда адамның тіршілігінде аса маңызды, қажетті күш екендігіне анық көз жеткіземіз. білім – адамды жетілдіруші, жетелеуші, дамытушы, айқындаушы, қорғаушы. Адамзат өзінің біліміне жүгіну арқылы ел-елді, жер-жерді, өткен тарихы мен бүгінін танып, болашағын болжай алады. Бұлардың барлығы адамның жалпы интеллектуалдық қызметімен тығыз байланысты болғанымен, білім, білім беру, білім алу, білімді дамыту үдерістері адамның тіршілігіндегі ең маңызды ұғымдар [4].

Білім– әлеуметтік интеллектіге жататын базалық концепт. Сондай-ақ білім педагогикалық, экономикалық, қоғамдық, философиялық ғылымдардың нысаны.Адамның интеллектуалдық деңгейін, көрсеткішін танытатын жан-жақты ұғым. Оның екі ғылыми мағынасы бар: «1. Оқу, үйренуден санаға қонатын ақиқат жайлы түсінік. 2. Ақыл-парасат, ой-өріс» [5, 165].

Адамның интеллектуалдық сипатын талдауда білімнің ақылмен қатар жүретінін, кейде ақылдың артуына білімнің, білімнің қызметіне ақылдың итермелеуші күш болатынын байқаймыз. Сондай-ақ білім тұтас педагогикалық үдерісті қамтиды.

Бүгінгі ғылым мен білім қарыштап дамыған заманда тілімізде қолданылатын «білім» ұғымына қатысты түсініктердің де көбеюі заңды. «Білім» базалық концептісі өзінің мағыналық-ақпараттық аясына бірнеше микроконцептілерді енгізе алады. Сондай-ақ білімінің арқасында адам ақылын, ғылыми әлеуетін, тәжірибесін, шешендік өнерін, жалпы интеллектуалдық деңгейін арттырады.

Адамда сирек кездесетін табиғи жоғары интеллектуалдық қабілет болады: талант, дарын. Көбінесе, адамдар өзінің ойлау қабілетін, ақыл-есін білім алу арқылы толықтырып, шыңдайды [4].

Білім адамның инттелектісін ғана артырып қоймайды. Білім жарық шам тәріздес. Адамды қараңғылықтан алып шығады. Білім адам баласының көкжиегін кеңітеді. Білімді адам өзін кез келген қиын жағдайдан алып шыға алады. Бұл туралы Ілияс Жансүгіровтің «Замандасқа» деген өлеңінде былай дейді:

Өнерге ұмтыл, өнерді біл замандас!

Қамдан, жатпа, заманыңнан хабарлас!

Ынта салсаң, білім туын қолға алсаң,

Тендік тиер, ешкім күйе жаға алмас.

Шөлдеп тапқан судан басын ала алмас,

Шөлдемеген суға басын сала алмас.

Жаста білген, басқа сіңген тәлімің

Өзің өлмей сүйегіңнен қала алмас. [6, 24]

Сондай-ақ, білім адам баласының өмірін жеңілдетеді. Адамға орасан зор табыс әкелетін де білім. Оған дәлел бүгінгі біздің пайдаланып отырған компьютеріміз, қолданып жүрген автокөлігіміз, хат алмасатын әлеуметтік желілеріміз, жұмысты жеңілдететін құралдар барлығы дерлік оқу-білімнің арқасында келген. Егер адам баласы туғаннан бастап ата-анасының, балабақша тәрбиесінің, мектеп мұғалімінің, ЖОО оқытушысының берген және өз бетімен алған ақпараттарының жиынтығын білім деп есептесек, сонда адам өмір бойы интеллектісін шынықтырып, жетілдірумен шұғылданады екен, тіпті, білімсіз адамзаттың тіршілік етуі мүмкін емес [4]. Бұл туралы Ілияс Жансүгіров «Оқу» өлеңінде төмендегідей жолдармен келтіреді:

Қарайыңқы көңілді аппақ қылған бұл оқу.

Түк білмейтін мақауды тақ - тақ қылған бұл оқу.

«Тұтқасы» деп тұрмыстың мектеп құрған бұл оқу...

Жаратқанның бірлігін сақтап тұрған бұл оқу.

Күннен - күнге молайып, аттап тұрған бұл оқу.

Аспан да жерге көрік боп, ат боп тұрған бұл оқу.

Алысқа да тіл болып, хат боп тұрған бұл оқу. [6, 39]

Жоғарыда келтірген Ілияс Жансүгіровтің өлең үзінділерінен «білім» концептісін көрсететін тілдік бірлік ол «оқу» сөзі. Тілімізде қашанда оқу мен білім деген ұғымдар қатар қолданылады, бірін бірі толықтырады. Халқымызда «Оқу – білім азығы, білім – ырыс қазығы», «Оқусыз білім жоқ, білімсіз күнің жоқ» деген күллі адамзат баласына таныс ұғым беретін мақалдар бар. Сонда, оқыған адамда білім болады, ал адамның білімі болса, тіршілігі лайықты деңгейде болады және өз қалауына қарай өз өмірін қамтамасыз ете алады деген сөз. «Оқыған» микроконцептісінің осындай семантикалық ерешеліктерін ескере отыра, «білім» базалық концептісіне (БК) енгіземіз. [4]

«Білім» концептісіне: білімді, білімдар, білікті, білім саласы, білім алу, білгір, білгіш, білім жолы, оқыған, оқымысты, көзі ашық сынды тілдік бірліктерінің мағыналық-ақпараттық аясында қарастырамыз. [4]

Сонымен қатар «білім» концептісінің қамтитын семантикалық өрісі тек мұнымен шектелмейді. Өлең жолдарында ол тікелей білім, оқу деп тұрмауы мүмкін. Контексте қарастырған кезде «білім» концептісін білдіретін ұғымдар кездесуі мұмкін. Мысалы, Ілияс Жансүгіровтің «Саналы жастарға» өлеңіндегі «білім» концептісі былай беріледі:

Исі аңқып, өскен балқып сабағым,

Құтты болсын көкке өрлеген талабың [6, 115].

Осы жердегі «көкке өрлеу талабы» деген тіркес білім алуға ұмтылу деген мағынада түр.

Сондай ақ, адам баласының дүниеге шыр етіп келгеннен бастап өмірінің соңына дейін білім алады десек, адам баласының білім алуын мынандай жүйемен ұсынсақ болады:

1. Адам (бала) алғашқы білім жолын отбасынан бастайды, ол тәрбие алу үдерісінде қамтылады.

2. Балабақшада тәрбие және соған қосымша білім беріледі.

3. Мектептерде (жалпыға ортақ білім беру мекемелерінде) білім және тәрбие қатар беріледі. Бірақ негізгі назар білімге бағытталған.

4. Жоғары оқу орындарында білім, білік, кәсіптік білім, тәрбие беріледі.

5. Жоғары білімнен кейінгі мерзім (қызмет) тәжірибе, білім алу (ғылыми білім алу), білім беру, тәрбиелену, тәрбиелеу[4]

Бұл адам өмірінің басынан аяғына дейін біліммен ұштасып отыратынын байқататын қоғамдық-әлеуметтік жүйе [4]. Жоғарыда көрсеткен білім алу жүйесіне қарасақ, «тәрбие» ұғымы «білім» ұғымымен қатар жүреді. Бұл ұғымдарды да біз Ілиястың төмендегі жыр шумақтарынан көреміз:

...Жас мұраты білім, тәлім-талабы,

Таудай болсын, оңалуға алабы.

Жас қанжары – жүректегі жігері,

Өнер оқу – жастың қару жарағы[6, 115].

Қорыта айтқанда адам туғаннан бастап педагогикалық үдерісте өмір сүріп отырады: білім мен тәрбиенің қуатын тұтынады. Осындай үлкен айналымды жасайтын да, қолданып, дамытатын да адамның интеллектуалдық сипаты. Білім бүгінгі таңда тек жеке адамның ғана емес, бүкіл елдің, мемлекеттің қажеттілігі, күші. [4] Білім алуға, оқуға шақырған «Өнер, білім бар жұрттар Тастан сарай салғызды» деген Ыбырай Алтынсарин мен «Өнер-білім, адалдық, ар-намысты, Жоятын надандық қой емсіз індет.» деп жырлаған Сұлтанмахмұт Торайғыровтың қатарынан біз Ілияс Жансүгіровті көре аламыз. Білімнің күшін, білімнің берер рахатын, жемісін Ілияс Жансүгіров ерекше атап көрсеткен. Ол адам баласының  болашақта тап болатын қиындықтарында білім қалай көмектесетінін, білімі мен білігі алып шығатынын жазған. Ақын шығармаларында «білім» концептісі «тәрбие,оқу, тәлім, талап» деген сөздер арқылы берілген. Сонымен қатар ақын білім сөзі тікелей кездеспесе де, контексте ақынның «білім» ұғымын білдіретін тіркестерді, тілдік бірліктерді қолданғанын көре аламыз.

 

ӘДЕБИЕТТЕР:

  1. Орысша-қазақша түсіндірме сөздік: Философия/жалпы редакциясын басқарған

э.ғ.д., профессор Е. Арын – Павлодар: «ЭКО» ҒӨФ, 2006.

  1. Стап, М. Эпистемология // Стэнфордская энциклопедия философии (версия весны

2014 года) / Ред. Эдвард Н. Залта. Пер. с англ. А. С. Мишуры

  1. Абай. Қара сөз / Құнанбаев Абай. – Алматы: «Көшпенділер», 2009. – 160 б.
  2. Рахимова А.М. Адам интеллектісі дамуының лингвистикалық аспектілері:

Монография. – Алматы: ТехноЭрудит, 2020. – 180 б.

  1. Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі / Жалпы редакциясын басқарған Т. Жанұзақов.

Алматы: Дайк-Пресс, 2008. – 968 б.

  1. Жансүгіров Ілияс. Бес томдық шығармалар жинағы. / Алғы сөз: М. Қаратевтікі.

Алматы: Жазушы 1986.

Абызова А.М.,
PhD, оқытушы-дәріскер 
Айтқазы Ш. М.,

1-курс магистранты

І. Жансүгіров атындағы Жетісу университеті