ҒАЛИ ОРМАНОВТЫҢ КІТАБЫ ТАБЫЛДЫ

Уақыты: 07.08.2024
Оқылды: 1445
Бөлім: РУХАНИЯТ

Жетісу жерінің тумасы, қазақ әдебиетінің аса көрнекті тұлғасы, талантты ақын-жазушы, журналист һәм аудармашы Ғали Ормановтың кітабы табылды. Аталмыш жинақ 1948 жылы араб графикасында жарық көрген. 


«Өмір дастаны» атты бұл кітаптың таныстырылымы Павлодар қаласындағы Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінде өтті.

«Көрнекті қаламгерден мұра болып қалған бұл жәдігердің ерекшелігі, кітаптың түпнұсқасы еліміздің өзге кітапханалары мен музейлерінде сақталмаған», – деп айшықтайды мұражай қызметкерлері. Ендеше, баға жетпес мұра туралы қысқаша тоқтала кеткен де жөн. 

Сонау 1948 жылы жарық көрген араб графикасында «Өмір дастаны» Қазақтың мемлекеттік баспаханасы, «Қазақ елі» журналының баспасында жарық көрген. Жинақта ақынның өлеңдері топтастырылып берілген. Атап айтқанда, «Ана сабағы» дастаны, «Алғашқы адым», «Жолда», «Қуаныш», «Біздің ауыл», «Темір ат», «Шеңбер», «Ана толғауы», «Қырманда», «Ұстаз», «Біздің заман» және тағы басқа өлеңдері басылған. Осынау қазынаны ақынның жиен немересі Айдар Қырықбайұлы музейге аманаттаған.

Саналы ғұмырын ұлттық әдебиетіміздің өсіп-өркендеуіне, қазақ поэзиясының дамуына арнаған Ғали Ормановтың әр мұрасын елдің рухани байлығы деп санауға негіз бар. Оның жазған жырлары, журналистік жазбалары мен көркем шығармалары өз кезеңінде оқырман мен қаламгерлердің айырықша ықыласын оятқан. Орыстың (Л. Толстой «Анна Каренина»), Шығыстың классикалық үлгілерін аударып, қазақ әдебиеті қорына өлшеусіз үлес қосқан аудармашы, аса құнды еңбектер жазған қажырлы тұлғаның аталмыш кітабы  алдағы уақытта оқырманға жол тартады деген үміттеміз.

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ