Адамзаттың Абайы: Бүгін – хакімнің туған күні

Уақыты: 10.08.2024
Оқылды: 1673
Бөлім: РУХАНИЯТ

Ақиқатында Абайдан қалған рухани қазына әр қазақ үшін сарқылмас байлықтың қайнар көзі! Адам болып өмір сүру жолындағы адастырмас темірқазығымыз да Абай мұрасы болса керек! Сондықтан хакімнің айтқанына құлақ асып, ақылын тыңдасақ, өмір-керуеніндегі көшіміз бұдан да көрікті болатыны сөзсіз еді! Бір кем дүние... Даланың дара ділмарын тыңдамақ түгілі өзін де, сөзін де жоққа шығарғысы келетіндер де бой көрсете бастады мына қоғамда. «Абай осы уақытта өмір сүрсе, мықты блогердің бірі ғана болар еді» деген «данышпандардың» да сөзін естіп жатырмыз. «Болмай жатып – болдым, толмай жатып – толдым» дегендердің шолақ ойы бұл енді. Зередей ақылман әженің жөргегінде құндақталып, Құнанбайдай қатал әкенің сынынан өткен Ибраһим жайлы сөз айтарда абай болғанымыз жөн-ау.

Даналық  ойдан дән іздеп...

Қырғыз ағайындар «Адамзаттың Айтматовы» деп Шыңғыстай дара ұлын тұлғалықтың шыңына шығара білді. Ендеше біз де «Адамзаттың Абайы» деп ұлт перзентінің рухын асқақтатсақ, одан ұлттық болмысымыз аласарып қалмайтыны анық. Бірақ дін десе шекесі «дың» ете қалатын бір топ Абайдың илләхи жырлары бола тұра ақынды діндарлықтан арашалап алғысы келіп жанталасса, енді бір тобы, анығы өздерін «тәңіршілміз» дейтіндер «Алланың өзі де рас, сөзі де рас», «Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті» немесе «Адамды сүй, Алланың хикметін сез» деп Хақтың жолын көрсетіп кеткен хакімді әкесі Құнанбаймен қосақтап тұрып «адасқандар» деп айдар тағып үлгерген. Осындай кертартпа ойлар алдымыздан көлденеңдеп шығып жатқанда, өз қазағы өз Абайын танымақ түгілі дананың «Алла деген сөз жеңіл, Аллаға ауыз жол емес» дегенінен шоқ ұстағандай шошып, талағы қарс айырылғандар барда дала ойшылын адамзаттық тұлғаға айналдыра аламыз ба? 

Бір әңгіме ойыма оралып отыр. Осыдан жиырма жыл бұрын қазақтың қайраткер ұлы, ұлттық театр әлеміне құбылыс болып келген режиссер Болат Атабаев ағамыз Талдықорғанға келіп, Бикен Римова атындағы өнер ордасында Би апамыздың «Абай – Әйгерім» қойылымын сахналады. Болат ағамыздың Абай шығармасының жілігін шағып, майын ішіп алғаны соншалық, данышпан атамыздың рухани әлемімен қайтадан қауышқандай күй кешкеніміз рас. Хакім мұрасын бір кісідей білемін дейтін әрқайсымызға Атабаевтың абайтану ілімі сұмдық әсер етті. Қара сөздерінің әр сөйлемі мен қара өлеңінің әр жолын тәпсірлегенде дана бабамыз ХХІ ғасырдың мінберінен сөйлеп тұрғандай сезіндік. Таңқалғанда тілімізді таңдайымызға жабыстырған сондай сәттің бірінде Болат аға Германияда болған бір жағдайды әңгіме етті. Ол кезде режиссер ағамыз сол елдің театрларына арнайы барып, спектакль қойып тұратын еді. Кезекті бір сапарында немістің өте дарынды, талғамы терең, білімді актерімен ұзақ әңгімелеседі. Тақырып Абай әлемі. Болат ағамыз бірде қара сөзінен, бірде өлеңінен мысал келтіре отырып, Абай шығармасын жаны кіре айтқанда әлгі актер терең ойға шомып отырып, бір күрсініпті де: «Абайдың қара сөзіндегі «қазақ» деген жерге «неміс» деп қойып оқысаңыз, ойшыл аталарыңыз тура біздің халық туралы айтыпты ғой», – деп таңғалысын жасырмапты. Атабаевтың атымен ұпайымды түгендеп отырғаным емес, осындай әңгіменің болғанын театрдағы көзкөрегендер де жоққа шығара қоймас. Бұл оқиғаны еске алуымның себебі – пендеге тән кемшіліктің күллі адамзатқа ортақ екені және Абайды оқу арқылы әр ұлт өзінің кемшілігін көріп, жетістігін саралай алатынын айтқым келді. Дана бабамыздың: «Халқым надан болған соң, қайда барып оңайын» деп күңіренуінен, «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым» деп тебіренуінен, «Сабырсыз, арсыз, еріншек, көрсеқызар, жалмауыз» деп налуынан қазағын жерден алып, жерге салып жамандаған деп қана түсінгеніміз жөн болмас. Дегенмен, Абайдың сынындағы кемшіліктен ада жұртпыз деп айта алмайтынымыз тағы рас. Ал жоғарыдағы неміс театрындағы зиялы өнер адамының таңғалысынан бізде бар кемшіліктің басқа елден де табылатынын аңғаруға болады. Абай атамыздың қара сөзіндегі: «Көпте ақыл жоқ, ебін тап та, жөнге сал» дегенін қазағымызға ғана тели берсек қателесеміз-ау. Иланбасаңыз қара сөзін оқып көрейік: «Сократқа у ішкізген, Иоанна Аркті отқа өртеген, Ғайсаны дарға асқан, пайғамбарымызды түйенің жемтігіне көмген кім? Ол – көп, ендеше көпте ақыл жоқ. Ебін тап та, жөнге сал». Атам айтқан қорғасын ойды ақыл таразысына салсақ, адамның надандық кейіпке түсуі қазақтың бойындағы ғана қателік емес, жалпы пендеге тән кемшілік болса керек. Өзге ұлтта бар жақсы, біздің жұртта жоқ деп кім айта алады?! Сәйкесінше біздің ішімізден шығып жатқан жаман, басқа халықтың да ортасында бар екені ақиқат. Осылай таразылай келе, Құнанбайдың перзенті қалдырған мұрадан адамзатқа ортақ ой айтылғанын аңғарамыз.  Дегенмен, «бізде бар қателік өзге халықтан да табылады екен ғой» деп көңіл жұбатпай, қандай жағдайда да «ебін тауып, жөнге салушылардан» болғанға не жетсін?!

Даналық ойдан дән іздесек, дала ойшылы айтады: «Тегінде, адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ. Онан басқа нәрсемен оздым ғой демектің бәрі де – ақымақтық!». Ақылман ақсақал «қазақ баласы, қазақ баласынан» деп бөле жарып айтып отырған жоқ. Адам баласына ортақ мәселені қаузап отыр. Өткенге зер салсақ, әлемді соғыс арқылы жаулап, бейбіт елді қан қақсатып, ақылын айуандыққа билетіп, арынан аттап өтіп, мінезін қатыгездікпен көрсетіп, өзгеден озамын дегеннің оңғаны жоқ. Тарихтан алған олжасы мойнына іліп әкеткен «қарғыс қамытынан» өзге ештеңе емес. Ал патшасы қандықол қарақшының тірлігін кешкен елдің ішінен шыққан ғалымның ашқан жаңалығы, жеткен жетістігі, қалдырған білімі ғасырлар керуенімен жалғасып, сол елдің ұрпағына ғана емес, жер бетіндегі барлық ұлтқа азық болып келе жатқаны да шындық! Ендеше біз мысалға келтіріп отырған Абай пәлсапасы адамзаттың пайдасы үшін айтылып отырған асыл ой екені даусыз! 

Осы уақытқа дейін Абай шығармалары қанша тілге аударылса, сонша ел иен байлыққа кенелмесе де, оқуға ынталы, білімге құштар жандар өміріне қажетті рухани азық алды. Бұл сөзімізге жоғарыда Атабаев айтқан бір ғана мысал дәлел. Абайдың қара сөзіндегі мына бір оймақтай ой тек қана қазаққа керек пе? Жоқ, әрине! Хакім айтқан «толық адам» концепциясымен өмір сүргісі келетін кез келген ұлттың өкіліне керек дүние. Оқып көрейік: «Егерде есті кісілердің қатарында болғың келсе, күнінде бір мәртебе, болмаса жұмасында бір, ең болмаса айында бір, өзіңнен-өзің есеп ал! Сол алдыңғы есеп алғаннан бергі өмірді қалай өткіздің екен, не білімге, не ахиретке, не дүниеге жарамды, күнінде өзің өкінбестей қылықпен өткізіппісің? Жоқ, болмаса, не қылып өткізгеніңді өзің де білмей қалыппысың?». 

Абай мұрасы жайлы сөз қозғағанда қалам ұшына іліккен бірер ой-толғам осылай болды. Ал данадан қалған асыл қазынаны ақтара берсеңіз қазағы үшін ғана емес, адамзат қоғамына керек құнды дүниемен қауыша беретініңіз сөзсіз! Хакімнің бүгінгі туған күнінде «Мұны жазған кісінің атын білме, сөзін біл» деген аманатын орындау үшін қалам тарттық. Керегі болса аларсыз, қажет етпесеңіз «Адамзаттың Абайы» айтқандай, өз сөзім өзімдікі!

Жұматай ӘМІРЕ

Имани гүл

«Мен құдайды көп іздедім. Христиандарға бардым. Кресінде құдай жоқ екен. Индуистердің храмында, көне монастрында болдым. Құдайдың өзі тұрмақ ізі де көрінбеді. Қағбаға сапар шектім. Ол жерден де құдайды таппадым. Күдерім үзілді-ау дегенде жүрегіме үңілдім. Еш жерден табылмаған Құдай менің жүрегімде екен», – дейді ХІІІ ғасырда өмір сүрген Жалаладдин Руми. «Тамшы қаншалықты данышпан болып кетсе де, теңіз бола алмайды» дегенді де осы ойшыл айтыпты. Дегенмен «Болмасаң да ұқсап бақ» деген Абайдың сөзін басшылыққа алып, өз ойымды ортаға салып көрейін. 

«Құдай неге мұқтаж? Құдай сенің жүрегіңнің тазалығына мұқтаж. Өйткені, сенің жүрегіңнен ол өзін көреді», – дейді Руми. Абай атамыз: «Жүректің көзі ашылса, Хақтың түсер сәулесі» деп толықтырады. Және «Махаббатпен ғадауат майдандасқан, Қайран менің жүрегім мұз болмай ма?» деп сауал қояды. Федор Достоевский «Ібіліс әрдайым Құдаймен алысып келеді, сондағы ұрыс алаңы – адамның жүрегі», – деп жүректің махаббатқа бөленуінің немесе ға¬дауатқа жеңіліп, мұзға айналуының себебін айтады. Ғадауаттың жеңісі, ібілістің жеңісі. Яғни, иманның өшуі. Ал иман дегеніміз – Аллаға деген махаббат. 
Махаббатпен жаратқан адамзатты, 
Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті. 
Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп, 
Және хақ жолы осы деп әділетті,– дейді Абай дана. Осы үш сүюің болса, жүрегің махаббатқа бөленіп, иманың гүлдеп тұрады деп ескертеді. Бір қарағанда осы үш сүю бәрімізде бар сияқты. Ал өзімізге үңілсек, мүлдем басқа дүниені көреміз. Абай айтқандай, «Адамзаттың барлығын бауырым деп сүю», жақсы көру, жақсылық істеу, мейірбандық, қамқорлық көрсету. «Иә, біз осындаймыз» деп айта аламыз ба? Адамзаттың бәрін қоя тұрып, өз ұлтымызды, өз қазағымызды сүйеміз бе? «Мен патриотпын, ұлтымды сүйемін» деп ұрандатып айтып жүрміз. Жүректен шыққан шынайы сезім бе, әлде тіл ұшындағы құрғақ сөз бе?! Жүректен шықты десек, неге біз «оралман қазақ», «жаңа қазақ», «мәңгүрт қазақ», «мәмбет қазақ», т.б. толып жатқан «қазақтарға» бөлінеміз, неге қазақты жамандаса бірге жамандап, руымыз¬ға сөз келтірсе намысымыз оянып, жағасына жармасуға дайынбыз? Ұлтты, руды қойып, ағайын арасында «алтау араз болып» ауыздағымыздан айырылып жүріп, иманымыз толық деп айта аламыз ба? Алысқа бармай-ақ өз ағайын-туыстарыңыздың арасында бір-бірін жақтырмайтындар бар, бір мекемеде қызмет істеп жүріп бір-біріне деген қызғанышы, іштей қыжылы барлар қаншама?! Тіпті, бір отбасында араласпай кеткен ағайындар аз емес! Осылардың басым бөлігі намаз оқиды, ораза ұстайды. Ал иманы қандай деңгейде? Қиналып жүрген кезімізде бір адам қол ұшын беріп, қаржылай көмек көрсетсе, оны ешқашан ұмытпаймыз. Кездескен жерде жүгіре басып амандасамыз. Іштей жақсы көріп тұрамыз. Ал бізге рухын үрлеп жан берген, мына жарық дүниені біз үшін жаратқан Жаратушыны қалай ұмытамыз?! Махаббаттың төлеуі қашанда махаббат. Яғни, Алланың бізге деген махаббатының бір төлеуі – оның жаратқандарын сүйе білуде.  Сондықтан «Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті» дейді Абай. 

Араб ғұламасы Ибн Қайум: «Махаббат ауыртпалықтан құтқарып, жан тыныштығына жеткізеді, сансыраған санаңды ашып, жақсы іс-әрекеттеріңе қанағат еткізеді», – дейді. Жүрегіңіздегі махаббаттың тұнығынан сүзіп алмаған дүние сұлу, құнды болмайды. Сәулетті үй салсаңыз да, кітап жазып, ою-өрнек тоқысаңыз да шын сүйіспеншілік қажет, олай болмаған күнде сәулетіңіз сәнсіз, жазуыңыз мәнсіз, ою-өрнегіңіз шимай-шатпақ болып шығады. Сондықтан да жүрегін махаббат жайлаған адамдар барлық кезде қайырымдылық, әділдік, адалдық деген ауылмен іргелес қонады. 

Үшінші сүю – хақ жолы әділет. «Құдайдан қорыққан құдайға қарай қашады» деген бұрынғылардың сөзі бар. Шындығында қайда барып тығыласың, кімнен пана сұрайсың? Неге құдайдың өзіне қарай қашасың? Өйткені Алла әділетті, кешірімді, тәубені қабылдаушы. Француз философы Жан Жак Руссо: «Адасуға бастайтын мыңдаған жол бар, ал ақиқатқа алып баратын жол – біреу ғана» дейді. Сол жалғыз жол хақ жолы. Соны таба алсаң үшінші сүюді тапқаның. «Азанда ақ жол таңдаған, ақшамда армансыз өледі» деген бабалар сөзінің астарында осы дүние жатыр. Сонымен үш сүюді таптыңыз, иманыңыз гүлдеді. Бірақ, сұлу болса отап тастауға, биік болса құлатып тастауға әуес шайтан алысқа кете қоймайды. Сондықтан да Абай: 
Дін де осы, шын ойласаң, тағат та осы, 
Екі дүние бұл тасдиқ хақтың досы. 
Осыларды бұзатын және үш іс бар: 
Пайда, мақтан, әуесқой – онан шошы, – 
деп ескертеді. Пайда іздеп, байлық қуған кезде, дүниеге құмарлық жеңген жерде, мақтау мадақтарды көңіліңіз қалап тұрған жерде жүрегіңіздегі махаббат, сүйіспеншілік ғадауатқа жеңіледі. Иман гүлі солады. Ал иман толық болмағаннан кейін барлық құлшылық ғибадаттарыңыздың құны көк тиын. 
Руза, намаз, зекет, хаж – талассыз іс, 
Жақсы болсаң, жақсы тұт бәрін тегіс. 
Бастапқы үшін бекітпей, соңғы төртті, 
Қылғанменен татымды бермес жеміс. 
Құлшылық ғибаттарыңыздың жемісі татымсыз болса, кімге өкпе айтасыз, кімді кінәлайсыз? Күндердің күнінде Руми сияқты құдайды іздеп жүрегіңізге үңілсеңіз ол жерден құдайды таба аласыз ба? Ойланып көріңіз!

Жұмахмет  Жанахметұлы,
Қазақстанның Құрметті журналисі

Ойдағы көздің қуаты

«Абайлар әрбір сөзді өз халінше», –  деп хакімнің өзі айтқандай Абайды әркім өз қауашағының жеткен жеріне дейін түсінеді. «Абай қазақтарды малға теңеп, қорлаған, өз ұлтын жек көрген», – деп жүр біреулер. Өресінің жеткен жері сол боп тұр енді, қайтесіз?! 

Абай қазақтың айнасы сияқты. Әркім өзін көреді. Абайдан басқа ештеңе оқымай-ақ ғұлама болуға болады. Өйткені Абайда бәрі бар! Поэзия, проза, музыка, философия, тарих, жаратылыстану, дін. Дін демекші, дінді осы Абайдың көрсеткенімен ұғынсақ, еш жаңылыспайтын едік. Абайдың исламы – тура жол. Абай қазаққа әлі жүз, екі жүз жылға жетер мол азық. Бала күннен Абайды құмартып оқимын. Оқыған сайын өзіме жаңалық ашамын. Бұрын мән бермей зуылдатып оқып, өте беретін кей сөздер жас ұлғайған сайын басқа бір мәнге ие болып, арғы шетінде терең ойға бастар сөздердің тізбегі екенін ұғынасың. 

Тұрсынжан ағам құсап талдай алмасам да, өз бетімше өзіме жаңалық болған кей сөздерін түсінуге тырысамын. 
«Бойда қайрат,
Ойда көз
Болмаған соң айтпа сөз!» – дейді атақты «Сегізаяқ» өлеңінде.
Мұнан не ұғындық?! Сөз айту үшін қайрат және ой керек пе? 
Біз үшін керегі жоқ. Жатып алып ауызға келгенді айта беруге болады. Ешкім қой демейді. Ауыздағы сөз де бір, арттан шыққан жел де бір. Тек алдыңғысының зардабы соңғысынан әлдеқайда күштірек, әлденеше есе сасық, әлдеқайда уытты һәм қауіпті. 

Фейсбук деген тіпті жақсы болды. Ашасың, құсасың, жабасың. Ар шетінде адам өліп жатқанында шаруаң жоқ. Ойыңа не келсе, ойыңа емес -ау, аузыңа не келсе соны айтасың. Рахат!
Енді Абай атамыз айтады:
«Бойда қайрат,
Ойда көз
Болмаған соң айтпа сөз!» 
Сөз айту үшін екі нәрсе керек екен!
Қайрат және ой. Ой түсінікті. Ойланып сөйлеу керек екенін бәріміз түсінеміз. Әсіресе, кейбір орталар болады, ойланбай мүлде сөйлеуге болмайтын. Тартып тұрып кесіп алады. Сол ортада қалай тіліңді тартып жүрсең, басқа жерде де тура сондай бол. Ол ортадан кеткеніңмен, құдайдың назарынан кеткен жоқсың ғой. Әр сөзіңді жазып отыратын екі иығыңдағы жазушылардың сұрауы жаңағы кесіп алғыштардан да қаттырақ болса керек. Ең қызығы көзіңде ой болсын демейді, «ойда көз» дейді. «Ойдағы көз» көздегі ойдан да қуаттырақ дегені ғой.

Ал енді қандай қайрат керек?! Айтқан сөзіңе амал қыларлық қайрат керек. Ерге де, әйелге де. Қоғамның былығын айтпастан бұрын отбасыңның бүлігін түзеп аларлық қайратың болсын. Айттың ба, енді істе! Сөзіңе жауап бер! Қазақ тілі туралы айтқан екенсің, Керекудегі Руза апай құсап мыңмен жалғыз алысар қайратың болсын, болмаса есігің алдындағы кафенің мәзірін қазақшалауға бел шешіп кіріс, соттас, мақала жаз, қайрат қыл!
Қоғамды түзегің келсе өзіңнен баста, оған қайратың жетпесе үндеме дейді хакім атамыз.
Бұған қайсымыз иландық, қайсымыз амал қылдық?!

Жәнібек Әлікен,
«Ұлағатты ұрпақ» қоғамдық қорының төрағасы