Жаман бала...

Уақыты: 11.08.2024
Оқылды: 1565
Бөлім: РУХАНИЯТ

Кейде бүгін турасында ой толғағаннан қарағанда бабалардың бір ғана аталы сөзін тыңдаған жөн бе дейсің. Олар заман ауса да, дәуір парағы жабылса да сыны мен сыры, мәні мен мазмұны кетпес өнегелі сөзді хаттап кеткен ғой. Алып Абайдың ақыл дариясынан су ішіп, рухани шөл қандырған бүгінгілер Мәшһүр Жүсіптің де ұлағатына қаныққаны жөн деп ойлаймыз. Ендеше болашақты болжай білген ұлы тұлғаның жастар турасында айтылған бірер сөзін оқырман назарына ұсыналық.

«Жас күндеріңде ата-ананың қызметін қылып, бата алмағандарың – өскенде өзіңнен төмен иттің құлдығында қаласың. Ата-анаңның ризалығын мақсат қылсаң, есіл дертің ата-ана ризалығы болса – жасаған жас, сүрген өмір, қылған кәсіп, тіршілігің пайдасын көресің.

Бұл үшеуінің ризалығын іздемеген, ойламаған болсаң, бұл жалғанның жүзінде атар таң, шығар күн, жарық сәуле көремін деп ойлама. Иттен ілгері, кісіден кейін болып, жалған дүниеде жүргеннен өлгенің артық.

Біреу кедей болса – Құдай кедей қылды», біреу жаман болса – «Құдай жаман қылды», біреу надан болса – «Құдай надан қылды» деу Құдайды жамандаған болады.

Не тапса әркім өз пиғылынан, өз кәсібінен таппақ. Құдай ешкімді зорлықпен кедей қылмайды, ешкімді зорлықпен жаман қылмайды, ешкімді зорлықпен надан қылмайды.

Құдай бермейтұғын сараң емес, сақтай алмайтын осал емес. Не кемшілік болса, пенденің өз пейілінен, өз осалдығынан…

Кісі сол – кәсіп, әрекет қылсын, өзінен басқаға пайдасы тисін. О да аңқайып тұрады, мұның да аузы аңқайып тұрады.

«Жаман бала малға ортақ,

Жаман адам жанға ортақ». Жаман туған бала – ата-ананың, һәм бірге туысқан бауырларының соры. Ай, Құдай-ай, сақтай гөр, не қылайын күні бұрын жалбарынып?!»

"Жетісу-Ақпарат"