Данышпан ауылына аттанды

Уақыты: 10.08.2024
Оқылды: 1626
Бөлім: РУХАНИЯТ

«Ұзын ғасырлардан созылып аққан қазақ сөзінің мәйегі Абайға кеп сарқып, өзін өзі танымастай жас қуатпен жайнап, жаңа арнаға лықсыды. Осы кеп құйған дариялардың толқыны абайлық ағыстың ұзына бойында арқауын үзбей жөңкіліп жатыр», – дейді «Анық Абай» кітабында Тұрсынжан Шапай. Бұл – келісті сөз, кестелі ой, лайықты бағаны оқып отырып мыңжылдықтар тізбегіндегі тектіліктен түзілген жаратылысты, «Өлең сөздің патшасын» көзге елестетуге негіз бар.

Иә, Абай – алып. Абай – дана. Абай өзі айтқан: «Әрбір ғалым хәкім емес, әрбір хәкім – ғалым» деген тұжырымның биігіне шыққан кемеңгер. Өз халқының қасиеті мен киесін асқақтатып, кемшілігін түзеуге талпынған ұлы тұлғаны құрметтеп, зиярат ету, басқан топырағымен көз сүрту елдік мұратымыз бен парызымыз іспетті десек, артық айтқандық емес.

Алып Абайдың туған күніне орай жетісулық зиялы қауым, ардагерлер ұлы ақынның атырабына жол тартты. 50 адамнан құралған игі жақсылар алдымен Б. Римова атындағы Талдықорған драма театрының алдында еңсе тіктеген данышпанның ескерткішіне жиналып, ақ батамен аттанды.

Абай басқан топарақты, тектілер жүрген атырапты, Шыңғыстау шоқысын көру мен Өскенбай, Зере, Құнанбай, Ұлжанның жатқан жеріне мінәжат етудің де мәні зор, тағылымы толымды. Осы орайда, Абай облысы, Абай ауданына аттанған жетісулықтар ең алдымен ұлы тұлғаға тағзым жасамақ. Өз кезегінде Семей қаласындағы мұражайды аралап, елдің бай мұрасы мен жәдігерлерін тамашалайтын болады. Оған қоса, Абай ауданының киелі жерлерін аралап, мұражайларына бас сұғады. 

Жетісу жерінің гүлденуі, әдебиеті мен мәдениетінің асқақтауы үшін бір адамдай тер төккен жандардан жасақталған топ екі күн бойы Абай Құнанбайұлының құтты мекеніне табан тигізіп қана қоймай, ел мұрасының бір бөлшегі жатқан жердің жәдігерлерімен көз суармақ, көзайым болмақ. Ендеше, Шыңғыстау шоқысына қарап-ақ күллі дүниенің биігін ақыл-ойымен еңсерген, адамзат баласының ең асқақ мұраты мен адамның анық сипатын айнытпай бедерлеген ұлы ақынның жеріне таңнан аттанған талдықорғандықтарға сәт-сапар тілейміз.

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ
Суретті түсірген Дмитрий ЕРОФЕЕВ