АЛЫП АБАЙ АРДАҚТАЛДЫ

Уақыты: 10.08.2024
Оқылды: 1600
Бөлім: РУХАНИЯТ

Қасиетті қара өлеңнің зергері, ұлы ақын, дархан даланың данышпаны Абай Құнанбайұлының туған күнін ел көлемінде тойлау, «Абай күні» ретінде атап өту ұлт мәдениетінің жаңғыруы іспетті игілікті дүние.

Осынау ғажайып күнді бүгінде зор ықыласпен күтетін деңгейге жеттік. Бұл ретте тотыдай түрленген Талдықорған жұртшылығы да адамзат алыбының айшықты мерекесін асқан қуанышпен атап өтті.

Облыс әкімі Бейбіт Исабаевтың қатысуымен өткен Абай күні мерекесі Б. Римова атындағы Талдықорған драма театрының алдындағы ақын ескертіші маңында шырайын тапты. Алдымен аймақ басшысы бастаған зиялы қауым өкілдері ақын Абайдың тастұғырына гүл шоқтарын қойды.

 Төрт жылдан бері жалғасын тауып келе жатқан Абай күні жетісулықтарды терең тағылымға шақырып, ерекше рухани күш бергендей көрінді. Әсем ғимараттың алдындағы Абай ескерткіші, оның алдындағы субұрқақты айнала қоршаған жетісулықтар сөздің сарасы мен патшасы болған өлең тыңдап, Қара сөздің астарына бойлап, әсем ән мен тәтті күйге елітті.

«Еліктеп талай ақын, талай дана,

Өзіңді үлгі тұтқан Абай баба.

Ұлтқа берген мұраңды қадірлеумен,

Ел-жұртың тойлап жатыр арайлана», – деп жыр түлеткен жүргізушелерден тартып, сахнаға көтерілген әр өнерпаз ұлы ақынның рухына тағзым жасағандай, барша қазақтың көзтастар көкжиегіне ықыласпен зиярат еткендей көрінді.

Иә, «Мыңмен жалғыз алысқан» алып Абайдың әр өлеңі қазақтың қасиетті құбыласындай киеге, құдыретке толы. Дүниенің ақтығынан тартып, жаратқанның хақтығына дейінгі аралықта қазағына жөн көрсеткен, жол сілтекен хәкімнің жазған жыры – жақұт, күйі – керім, әні – әсем.

Сол әсем ән мен тәтті күйді жетісулық өнерпаздар шегіне жеткізе орындады. Тілек Нығымбаев, Дархан Дүйсен, Төлеутай Серіков, Гүлбақыт Қасен, Сая Есенгелдинова, Жангелді Немеребай, Әділ Құттыбаев, Анель Бердімұратова, Гүлнұр Нұрасылова, Таңжарық Орынбасар, Мұқағали Сансызбаев, Дархан Сабыров, Мейрамбек Абдықадыров, Асанәлі Байтоғаев, Асхат Мадиев, Аяулым Жапархан, Жомарт Тәкебаев, Азамат Үмбетов, Мәулеш Әбжапаров, Алмас Жексенбаев секілді әншілер мен күйшілер, Абай бабаның ізімен қара өлеңде зер салып жүрген ақындар жетісулық жұртшылықтың ықыласына бөленді. Алғысына кенелді.

Шырайлы шарадан көпшілік ерекше шабытпен тарқасты.

АРДА БИ

Суретті түсірген автор