БАҚЫТЖАН САҒЫНТАЕВ "EGEMEN QAZAQSTAN" ГАЗЕТІН ҚҰТТЫҚТАДЫ

Уақыты: 16.11.2019
Оқылды: 1190
Бөлім: РУХАНИЯТ

Алматы қаласында ұлт рухының ұранына айналған «Еgemen Qazagstan» газетінің 100 жылдық мерейтойы кең көлемде аталып өтті. Шара шеңберінде 1987-1999 жылдар аралығында бас басылымның редакциясы орналасқан еңселі ғимарат маңдайшасына ілінген ескерткіш тақтаның ашылу салтанаты өткізіліп, марқұм болған газет қызметкерлерінің рухына Құран бағышталып, ас берілді.

Мерейтойлық шара Ұлттық кітапханада жалғасын тапты. Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев бастаған қонақтар алдымен «Еgemen Qazagstan» газетінің 100 жылдық тарихынан сыр шертетін көрмеге қойылған газет тігінділерімен танысты.

Салтанатты жиында алғашқы болып сөз алған Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының директоры Бақытжамал Оспанова зиялы қауымды газеттің 100 жылдық мерейтойымен құттықтап, осы уақыт аралығында шыққан газеттің мазмұны түгелдей сандық жүйеге көшірілгенін хабарлады.

Осыдан кейін мінбеге көтерілген Бақытжан Әбдірұлы қалам қаһармандарын айтулы мерекелерімен құттықтап, газеттің тарихы мен ел мұраты жолындағы атқарған қызметіне тоқталып өтті. Қала әкімі газет ұжымына Алматының әсем келбеті бейнеленген суретті сыйға тартып,  шаһар дамуына ерекше үлес қосқан қабырғалы қаламгерлер – Аян Нысаналин, Мамадияр Жақып, Нұрлан Оразалин, Сарбас Ақтаев, Дархан Қыдырәліні «Еңбегі үшін» медальдарымен марапаттады.

«Еgemen Qazagstan» газеті акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі өз сөзінде басылымның мерейтойлық шаралары Шығыс Қазақстан жерінде,  Абай елінде бастау алғанын, осыдан кейін еліміздің көптеген  өңірлерінде аталып өткенін жиналған қауымның назарына салды. Тарихы мен тағдыры Алматы қаласымен астасып жатқан басылым 70 жыл бойы осы жерде  шығарылып, ұлтымыздың ұлы мұраттары үшін еңбек еткені де жұртшылық жадында.

Осыған байланысты той иесі алып мегаполисте газет мерейтойының жоғары деңгейде өтуіне қолдау жасаған қала әкімі Бақытжан Әбдірұлына алғысын білдірді. Соңынан ардагер қаламгерлер Нұрлан Оразалин, Сарбас Ақтаев, Мамадияр Жақып, Өмірзақ Айтбайұлы, Уақап Қыдырханов, Аян Нысаналы, Гүлзейнеп Сәдірқызына «Еgemen Qazagstan» газетінің 100 жылдық мерейтойына арнайы шығарылған медальдарды табыс етті.

100 жылдық тарихы бар аға басылымның мерейтойы қарсаңында «Еgemen Qazagstan» газетінің өткенінен мол мағлұмат беретін бес томдық кітап жарық көргені белгілі. Осы кітаптың тұсаукесер рәсімін Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев, ақын Нұрлан Оразалин, «Еgemen Qazagstan» газеті акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі жасады. Ал құттықтау сөз алған танымал қаламгерлер, басылым ардагерлері Сарбас Ақтаев, Өмірзақ Айтбайұлы, Нұрлан Оразалин, Қали Сәрсембай, Қазақстан Жазушылар Одағы басқармасының төрағасы Ұлықбек Есдәулетов басылымның кешегісі мен бүгіні жайында танымдық естеліктер айтып, газет ұжымын мерейлі мерекелерімен құттықтады.

Жиынды той иесі Дархан Қуандықұлы қорытындылады.

Қуат ҚАЙРАНБАЕВ

Алматы қаласы

Сурет ғаламтордан алынды