"ҰЛТ ҮНІ": БАС РЕДАКТОР ЕЛ ГАЗЕТІНЕ ЛАЛА ЛЕБІЗІН АРНАДЫ

Уақыты: 15.11.2019
Оқылды: 1262
Бөлім: РУХАНИЯТ

Баспасөздің басты борышының өзі ел-жұрттың көкейіндегі көп дүниені дөп баса тамыршыдай таба білуінде болса керек. Ал мұныңызға қалың ел қайырыла үн қатып, айтарыңыздың айдыны барған сайын кемерлене берсе, онда шын мәнінде, халықтық мінбер қалыптастыра алғандығыз. Бір ғасырдан бермен маңдайымызға басып, таңдайымызға татқан «Егемен Қазақстанның» баршамыздың басты бағдаршам, алтын көмбемізге айналу себебі, ең алдымен, осында жатыр. Бағы жанып, мәртебесі өсті.

Журналист мерейі асса – елге құт! Қолымызға қалам ұстап жүргендіктен, біз де отаншылдық пен опагерлікке ұйытар көркем аңсарымыз көктегі Тәңірге қол созғандай тұла бойы табиғатымызды көмкере кестелеп тұрса дейміз әмісе!  Ұлы Дала қайта оянып, ұлы дүбір дәл құлақ түбінен шыққан қазіргі таңда кеткенің мен келеріңнің, бет-бедерің мен береріңнің қадіріне жетер наркескен рухты жандарға аса зәруміз.

Бұл шетін дүниеге Елбасымыз бас болып, ел-жұртымыз хош көріп, көтеріле кірісуіміздің түпкі мән-мағынасы да осыған келіп саяды. Дос көңіл, қош пейілді, қобыз-дала, лала лебізді: атадан қалған асыл арнадан адаспас, ашөзек пиғылмен жанаспас, алғы күнді парықтап, жалғанның жарығында шарықтап жүрер ары да, жаны да азат ардакүреңдер топтасса, қанеки!

Айтары не, топтастырып отырған да ежелгі ел газеті! Сонау Ергенеқоннан елдігімізді түзей кәрі тарихты тірілтіп, ұлттық сананың мәңгілік тұғырына ұластырып жатқан да осы басылым!

Ата тарихқа азды-көпті қатысым болғандықтан өз басыма газеттің бұл ауандағы талғамды да толғақты еңбектері аса ұнайды. Арыға бармай-ақ, Дархан Қыдырәлі басшылыққа келгелі бергі тарихи тақырыптардағы соны соқпақтары мен ілкімді ізденістері жүрек тебірентеді. Бұған әдепкі себеп, Д.Қыдырәлінің осы саланың белгілі маманы екендігі, екіншісі, сөз жоқ, оның ғасырлар қойнауынан мөлдір бұлақтай тербеп шыққан ұлттық құндылықтарымызға деген шексіз сүйіспеншілігі!

Сол асқан құштарлықтың арқасында көп кәсібилердің дәті батпай жүрген сағымды қыраттарға түрен түсті. Өзге жұрт өкілдерінің бас-көз демей қалыптастырып кеткен қарғыбаулы қағидаттарының көбесі сөгілді. Ақиқаты аршылды. Сөйтті де, кеудесі күмбір оқырмандарына «Тарихи сананың жаңғыруы, темірден түйін түйгендер», «Ергенеқон», «Мәңгілік өмір жоқшысы», «Ашина», «Өрісті Өтүкен, киелі Керулен», «Дала данагөйлері: Майқыдан Мөңкеге дейін», «Жошы жортқан Ұлы Дала» сынды бір шоғыр шырайлы зерттеу еңбектерін тарту етті. Автордың бұған дейінгі деректерді өз түйсік-қазанында қайта қайнатып, жүзжылдықтарға ұласар мемлекеттігімізге тән дүниелерді даралай алға тартуы оқырмандар қызығушылығын тіптен арттыра түскен.

Газеттің тойы – елдің тойы. Елдің тойы екендігіне осы басылым өткелектерінен бір мысал келтіре кетсем деймін. Қызыл империяның қылышынан қан тамып тұрған шақ. Бұрынғы Талдықорған облыстық «Жерұйық» газетінде қатардағы тілшімін. Облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Сергей Жигулин жолдастың ұлттық саясатта, әсіресе, қазақ мектептерін ашу мен ана тілімізді дамытуда жіберіп отырған қателіктерін жариялап отырған мақалаларымыздың тілімен де, бас редакторымыз Тұрсын Әбдуәлиев ағамыздың күшімен де өзіне әлденеше рет ескерттік.

Сыннан нәтиже шығарудың орнына биліктің қыспағы күшейе түсуіне байланысты редакциямыздың намыс тұнған қызметкерлері – Тәкен Әліпбаев, Қанат Асқаров пен Кемел Құсайынов республикалық «Социалистік Қазақстан» газетіне бірінші хатшының олқылықтары асқан дәйекпен мұрнынан тізілген мақала жолдады. Бұл арада біз «Социалистік Қазақстан» газетінің сол шақтағы бас редакторы Шерхан Мұртазаның әлгі мақаланың аяғын жерге тигізбестен, жоғарыға жалтақтамай, бірден басып жіберген ерлігін ерекше айтап өткіміз келеді. Содан, несін айтасыз, айқай-шу шығып, Қазақстан орталық партия комитетінен  арнайы комиссия келіп, нәтижесінде Жигулин жолдас қызметтен кетіп тынған еді!

Жол білген керуенге жалтақтамаса керек. Ел газетінің халқымыздың тегіне мыңжылдықтар көгінде уыз ұялаған өршіл мінез, тулаған табиғатын оятуда шырағдандай жарқырап, Ұлт үніне айналуы, Ұлт ұстазы бейнесіне енуі - соның айғағы!

Елдік мүдденің ұшар басында бес қаруды сайлап алған бүгінгі беделді қалыптарыңызда келешекте де Алаштың ажарын аймаңдай аша бергейсіздер деп ақжарма тілек білдіреміз әріптестерімізге!

Әміре ӘРІН,

Қазақстанның Құрметті журналисі,

халықаралық "Алаш" сыйлығының иегері,

"Jetіsý" газетінің бас редакторы