Ер есімі ел есінде

Уақыты: 24.05.2024
Оқылды: 450
Бөлім: АРДЫҢ ІСІ

Биыл Кеңес Одағының әйгілі батыры Рақымжан Қошқарбаевтың дүниеге келгеніне 100 жыл. Осыған орай Жетісу облысы қорғаныс істері жөніндегі департаментінде арнайы еске алу кеші өтті. Аталған шараға аймақтағы қалалық, облыстық қорғаныс істер жөніндегі басқарманың және басқа да әскери мекеменің жауапытары мен қызметшілері қатысты.

Жиналған қауым алдында сөз алған облыстағы департамент басшысының орынбасары, штаб-бастығы полковник Аркадий Злобин батырдың сұрапыл соғыс жылдарындағы ерен ерліктеріне кеңінен тоқталып, ер есімі ел есінде мәңгі сақталатынын,  осындай еске алулар арқылы оның  рухына үнемі тағызым  жасалатынын жеткізді. Осыдан соң батыр туралы арнайы дайындалған бейнероллик көрсетіліп, кітаптарынан көрме ұйымдастырылды.

 – «Жалпы ұлыларды ұлықтап, еңбектерін насихаттау ұлы дала ұландарының басты парызы. Себебі, ата-бабалардың елін, жерін, Отанын қорғап, тыныштық пен бейбітшілік жолындағы жанқиярлық күресі бүгінгі ұрпаққа  бақытты өмір сыйлады. Сондықтан ер есімі ешқашан ұмытылмайды.Ерлік – елге мұра, ұрпаққа ұран», – деді полковник.

Рақымжан Қошқарбаев 1924 жылы 19 қазанда Ақмола облысының Қырыққұдық жерінде өмірге келген. Төрт жасында туған анасынан айырылған оның 1937 жылы әкесі қуғын-сүргінге ұшырап балалар үйінде есейіп 7-сыныпты сол ортада бітіреді. Кейін Балқаш маңындағы фабрика-зауыт шәкірттері мектебіне оқуға түсіп, онда жұмысшы, қолөнерін ғана емес, әскери істің негіздерін де үйреген. Сонымен қатар ол мектеп оркестрінде өнер көрсетіп, домбыра, мандолин аспаптарының тілін жан-жақты меңгерген.

Екінші Дүниежүзілік соғыс басталғанда ол небәрі 16 жаста әскер қатарына шақырылып, 1942 жылы атқыштар полкіне қосылып, әрі қарай Бішкектегі Тамбов жалпы командалық жаяу әскер училищесіне жіберіледі. 1944 жылы оқуын үздік бітіріп, майдан шебіне аттандырылған жас жауынгер сан мәрте бетпе-бет келген жаудың көзін жойып, Отанын қорғау жолында жанқияр батылдығымен көзге түскен. Соғыстың соңына қарай лейтенант Р.Қошқарбаев Кутузов дивизиясының 150-ші Идрицк-Берлин орденінің 1-ші атқыштар взводының командирі болды.

1945 жылы 30 сәуірде қазақ тарихында Рейхстагқа бірінші болып жеңіс туын тіккен батырлығымен есте қалды. Осындай ерен ерліктері  үшін 1945 жылы Қызыл Ту орденімен, 1985 жылы 2-ші дәрежелі Отан соғысы орденімен марапатталған. Соғыстан кейін Рақымжан Қошқарбаев Алматы қаласы Халық депутаттары Кеңесінің депутаты болып сайланып, соғыс ардагерлері комитеті мен кеңестік-германдық достық қоғамының Қазақ бөлімшесі төралқасының мүшесі болды. «Жеңіс туы», «Дауыл: 1410-шы күн» сынды деректі кітаптары жарық көрген.

Бүгінде ел азаматтары аты аңызға айналған жерлесін құрметтейді және ұлы батырлығын еске алады. Қазір батырдың есімімен көтеген мектептер мен көшелер және елді мекендер аталып, құрметіне ескерткіш тақталар, ескерткіштер мен бюсттер орнатылған. Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Рақымжан Қошқарбаевқа еліміздің ең жоғары наградасы – «Халық Қаһарманы»  атағы берілген.

                                                                       Айдын КӘЛІМХАН