Мен өлеңге тумысымнан құмармын

Уақыты: 21.07.2024
Оқылды: 387
Бөлім: АРДЫҢ ІСІ

МҰҚАҒАЛИҒА

Есіне елің алуда,

Ақ қырау тұнған ақпанда.

Әуенге елтіп өлеңің,

Нақышын мәңгі тапқанда.

Қара сөзі қазақтың,

Шекпенін сәнді жапқанда.

Махаббат деген ғажаптың

Тәттілік дәмді татқанда.

Арбалғанда сезімге,

Оттан да ыстық, шоқтан да.

Құрбаны болып жүректің,

Тұңғиығына батқанда.

Тебіренді өлеңге,

Бозарып атқан ақ таңда.

Дарыныңды таныды,

Ақ қырау тұнған бақтарда.

Арыныңды таныды,

Бәйгеде қыза шапқанда.

Өміріңді таныды,

Тағдыры түскен көкпарға.

Көңіліңді таныды,

Теңеді оны ақ қарға.

Алдыңнан кескен пендеңе,

Ақыным, айтшы сот бар ма?!

Өзіңе сыйлап мәртебе,

Келгендей ғұмыр тоқтамға.

Ықыласын алдың еліңнің.

Осыдан артық тақ бар ма?!

Осыдан артық бақ бар ма?!

 

 

 

Жүйріксің шаң қалдырған құба белге...

 

Махамбетке, Абайға жүгінетін,

Қара өлеңнің танытқан құдіретін.

Су жорғасы халқыңның өзің болдың,

Тайпалысы бәйгеде білінетін.

 

Жүйріксің, шаң қалдырған құба белге,

Ұқсайсың Тайбурылға, Құлагерге.

Батырлар баптап мінген күліктейсің,

Тиетін шапағаты, шуағы елге.

 

Желесің, желдей есіп желпінесің,

Келтірмей сертіңе мін, еркіңе сын.

Сауырыңа қамшы да салдырмайсың,

Шалдыққанда сезімнің дертіне шын.

 

Аракідік тыныстап, аялдайсың,

Тізгін тартып, шорқақсыз аяңдайсың.

Әлқисаның әуеніне елегізіп,

Ақ таңның самалындай баяулайсың.

 

Асаусың, кейде тіпті, бас бермейсің

Бел асып, қыза шауып, төске өрлейсің.

Жылқы мінез жаныңа серік болса,

Ауыздықпен алысып, дес бермейсің

 

Қазанатсың – көкпарда қаймықпаған,

Жанталаста жүрегі шайлықпаған.

Дүбіріңе бусанып жатқан сынды,

Құс қанаты талатын айлық далам.

 

Уақыт өтсе дағы сырғанап шын,

Мұқаңсың, ақиысың, мұзбалақсың.

Сөзден сарай тұрғызған сүмбілесің,

«Таулықсың», тамырлысың, жыр-драқсың!

         ***

Кейде таң кергіп атады,

Сананы сан ой түрткенде.

Кейде күн кергіп батады,

Ертеңнен үміт күткенде.

Адамдық мінезіңменен,

Шындықты сүйгенің үшін.

Туралық алдында,

Басыңды игенің үшін.

Ақиқаттың астарлы

Кебінін кигенің үшін.

Өзгенің өтірігінен,

Өзіңше ой түйгенің үшін.

От болып жанбасаңда

Шоқ болып күйгенің үшін.

Ұраның ұлтыңды сүйер,

Жүрекке сиғаны үшін.

Жалғанды жатқа балап

Құрбандыққа қиғаның үшін.

Көкірек көзі көргенді,

Кеудеге жиғаның үшін.

Уақыт қамалын тосады,

Соңыңа иттерін қосады.

Кешегі Махаңды ойлаймын.

Нарынқұм белінде өткен.

Қазақтың Абайын ойлаймын,

Шыңғыстау төрінде өткен.

Әлағаң, Ахаңды ойлаймын,

Алаштың жерінде өткен.

Бәрін де өзектен тепкен.

Қасарсып, түбіне жеткен

Уақыт – қатыгез неткен.

Кейде таң кербез атады,

Кеудені қуаныш кернесе.

Кейде күн кербез батады,

Уақыт жалғанды тергесе,

Өлмейтін Бабалар рухы

Жаныңды, арыңды тербесе

Несіне күрсініп, өкінем.

Дүние кезек,  ендеше...

 

Өлең деген....

 

Айқара ашып өнерімнің түндігін,

Кессем деймін өлеңімнің кіндігін.

Ақын салған соқпақпенен жүрді кім?

Ақындардай асау ғұмыр сүрді кім?!

 

Мен өлеңге тумысымнан құмармын,

Құмарлықпен биіктерден құлармын.

Өлең деген жұмақ болса жайқалған,

Қақпасында қарауыл боп тұрармын.

 

Өлең деген арда сөздің асылы

Қиял, сенім, сезімдердің ғашығы.

Өлең деген құдірет қой шынымен,

Алшысынан түсіп жатса асығы.

 

Өлең деген даласы ғой қазақтың,

Хан Тәңірі – биік шыңы, ғажаптым.

Өлең деген жұмсай білсе от қару,

Қанжарсыз ақ басын алар кәззаптың.

 

Өлең деген өрімі ғой қамшының,

Әр өрімде тұнар бәлкім тамшы мұң.

Өлең деген қанжығаны майлаған,

Дөп тиетін жебесіндей аңшының.

 

Өлең деген көздің ақ пен қарасы,

Өлшенетін өрнегімен бағасы.

Арқау болған өзегіне өлеңнің,

Тал бесік пен жер бесіктің арасы.

 

Сөзді қару, тиек етем өмірді,

Өлең емдер алабұртқан көңілді.

Жаңсақ сөзден жараланып жүрегім,

Жақсы сөзге шіркін жаным семірді.

 

Тапал тартса рухани танымым

Абайды оқып, өткенімді таныдым.

Махамбеттен мұра болған өлеңмен,

 Мен өзімше намысымды жаныдым.

 

         ***

О, таулар, заңғарсыңдар, алыпсыңдар,

Алып шыңдар, білгенге танықсыңдар.

Білмегенге құпия, тамұқсыңдар.

Жердің төсін бауырлап, аспанды емген,

Қос әлемнің құлқына қанықсыңдар.

 

Бітімі биіктіктен жаратылған,

Шатқал, шың, құз, беткеймен бағы артылған.

Қыран жайлап, бұлт қонған дара тұлғаң,

Бәрің де Шыңғыстаудай көрінесің

Баурайында Абайдай дана туған.

 

Бөленгендей ғаламның құндағында,

Сыр жатыр өркеш-өркеш шыңдарыңда.

Тау мүсін тұлғаланып тұрғаныңда,

Қасқайып Хан Тәңірідей көрінесің,

Шабыт берген Мұхаңдай шын дарынға.

 

Қаншалық кең болғанмен дүние-жалған,

Асқақтықты ежелден сүйеді арман.

Басына қыран жайлап, кие қонған,

Қасиетті Қазығұрттай көрінесің,

Пайғамбар кемесіне ие болған.

 

Түс берген бар әлемнің картасына,

Сұс берген, меңіреу құз жартасына.

Ақ мұздан сауыт киген арқасына.

Алатау, Қаратау боп көрінесің,

Тіршілікті тербеткен қалқасына.

 

Сұлулық мекендеген аумағында,

Төсін еміп, тербелген бау-бағым да.

Осындай қасиет бар тауларымда.

Көз жіберсең көркіне тамсанасың,

 

Дәулеткерей МҮЛІК,
Талдықорған қаласы