Жетісуда Тілдер күні атап өтілді

Уақыты: 06.09.2024
Оқылды: 177
Бөлім: АРДЫҢ ІСІ

2024 жылғы 5 қыркүйекте Жетісу облысының қоғамдық даму басқармасының ұйымдастыруымен Қазақстан халқының тілдері күнін мерекелеу аясында «Тіл – татулық тірегі» тақырыбында салтанатты жиын өтті.

Іс-шараның негізгі мақсаты: Қазақстан халқы тілдері күні және ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күнін атап өту, Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын жүзеге асыруға атсалысып жүрген азаматтарды ынталандыру және этнос өкілдерінің ана тілдерін дамыту шараларына қолдау көрсету.

Жиынға облыс әкімдігіне қарасты басқармалардың тілге жауапты мамандары, ҚР ДСМ Ұлттық ғылым денсаулық сақтауды дамыту орталығы РМК Жетісу облыстық филиалы қызметкерлері, «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігінің облыстық, Талдықорған қалалық филиал төрағалары, облыстық «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының аудандық, қалалық филиал меңгерушілері мен тыңдаушылары, зиялы қауым және БАҚ өкілдері қатысты.

Өңіріміздегі рухани орталықтардың бірі – Тіл сарайында өткен салтанатты шараның шымылдығы облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы              Б. Абибековтің Қазақстан халқының тілдері күніне арналған мерекелік құттықтау сөзімен ашылды.

Жиын барысында өңірімізде мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыруға және мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге үлес қосып жүрген сала үздіктері мен тіл жанашырларына Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаты, Жетісу облысы әкімі орынбасарының Алғыс хаты және «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалы төрағасының Алғыс хаттары табысталды.

Сонымен қатар Қазақстан Республикасында тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарының 4-тармағына сәйкес облыстық қоғамдық даму басқармасының ұйымдастыруымен өткен «Жарнама – тіл тазалығының көрінісі» байқауының қорытындысы шығарылып, жеңімпаздары марапатталды. 

Биыл екінші мәрте өткізіліп отырған конкурстың мақсаты мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, мемлекеттік тілдегі жарнама мәтінін сауатты ресімдеу жолдарын насихаттау, «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Қазақстан Республикасы Заңы талаптарының орындалуын қадағалау жұмыстарына атсалысып, белсенділік танытып жүрген азаматтарға қолдау көрсету, ынталандыру.

Байқауға облыстың аудандары мен қалаларындағы тіл саясатын жүзеге асыруға жауапты мамандар, тіл оқыту орталықтарының оқытушылары және тіл жанашырлары, барлығы 10-нан астам үміткер  қатысып, қазақ, орыс тілдеріндегі жарнама мәтіндеріне жүргізген лингвистикалық талдау жұмыстарын ұсынды.

Қазылар алқасының шешімімен Бас жүлдені Текелі қаласы №6 орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Самал Тельтаева иеленді.                  II орынға Алакөл ауданының ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің бас маманы Айгүл Хиаг пен Жетісу облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің бас маманы Ғазиз Аманжолұлы лайық деп табылса, III орын Қаратал ауданынан қатысқан Айгерім Акиремоваға, Панфилов ауданынан Айжан Абдрахман, Ақсу ауданынан Мейрамғали Қызайбаевқа бұйырды. Бұдан бөлек Көксу ауданынан қатысқан Дарын Қасым мен Ескелді ауданынан Айгерім Молдабаева ынталандыру сыйлығымен марапатталды.  

Байқау жеңімпаздарына дипломдар мен сертификаттар табыс етілді.