Жетісу облысында «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы экологиялық акциялар жалғасуда

Уақыты: 06.09.2024
Оқылды: 223

Жетісу облысында «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында тазалық шаралары тұрақты үрдіске айналып, жалғасып жатыр. Тұрғындар тарапынан зор қолдауға ие болған экологиялық шараға бүгінде 180 мыңға жуық адам атсалысып, түрлі тазалық шараларына қатысты. 

6 қыркүйек күні облыста бірқатар атаулы шаралар ұйымдастырылды. Атап айтар болсақ, Панфилов ауданындағы жеке кәсіпкерлердің бастауымен «Таза кәсіп - Таза аймақ» атты экологиялық шара және жас спортшылардың қатысуымен «ЭкоLIFE» спорттық шарасы өтті. Шараға аудан кәсіпкерлері, белсенді жастар, жас спортшылар және «Жасыл ел» еңбек жасақшылары қатысты. Кәсіпкерлер өз ғимараттарының, сауда нысандарының, дүкендердің аулаларына тазалық жұмыстарын жүргізіп, қоршаған ортаның, табиғаттың тазалығы қаншалықты маңызды екенін көрсете отырып, өз үлестерін қосуға ықпалдасты.

Сонымен қатар қазіргі таңда жас буынның спортқа, оның ішінде аула спортына қызығушылығы артқанын ескере отырып, аудан орталығында «ЭкоLIFE» спорттық шарасы өткізілді. Шара барысында жастарды салауатты өмір салтына тәрбиелей отырып, бос уақыттарын тиімді әрі пайдалы өткізуге шақырды. Спорттық жарыс соңында қатысушылар алаң маңын тұрмыстық қоқыстардан тазартып, әр жас спортшының тазалық сақтау мен жауапкершілікті сезіну бірінші кезектегі міндеті болуы керектігіне үндеді.

Панфилов аудандық жастар орталығының жетекшісі Мақсат Ибраймолдаев: «Экологиялық шараларды жаңа форматта өткізу жастардың қызығушылығын арттырып, оларды табиғатты аялауға және қорғауға жұмыла кірісуге үндейтіні анық. Осы арқылы жаңа буын өкілдері арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыруға, қоршаған ортаны таза ұстау мінез-құлқы жетіле түсетініне сенімдімін», - деп пікірін білдірді.

Ақсу ауданында «Таза аула» және «Таза көше» байқауларының қорытындысы өткізілмек. Байқау аталмыш ауданның барлық 17 ауылдық округінде ұйымдастырылған болатын. Байқау қорытындысы бойынша ең таза көшелер мен таза аулалар анықталып, оларға арнайы тақтайшалар ілініп, аула тұрғындары бағалы сыйлықтармен марапатталады.

Ақсу ауданының ардагерлер кеңесінің төрағасы Амангелді Айтбаев: «Мемлекет басшымыз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында осындай игі шаралардың арқасында қоғамда жаңа мәдениет, жаңа қоғамдық этика орныға бастағанын атап өтті, қоршаған ортаның тазалығы әркімнің күнделікті дағдысына айналуы қажет».

Сонымен қатар Ескелді ауданы Қарабұлақ ауылында мектеп оқушыларының арасында «ЭКОtime» атты экологиялық-тәрбие сағаттары өтті.

«Киелі мекен» атты экологиялық шара Қаратал ауданында да ұйымдастырылды. Айту би, Ескелді би, Жолбарыс батыр кесенелерінің аумағына тазалық жұмыстары жүргізіліп, өңір тазалығын мақсат еткен қараталдықтар бұл шараға жаппай атсалысты.

Қартал ауданының ардагерлер кеңесінің төрағасы Рахымғали Өтегенов: «Бүгінгі күнде елімізде өтіп жатқан ауқымды тазалық акциясы - аса маңызды науқан. Жастар ғана емес, аға буын – ардагерлердің, орта буын – ел ағаларының қатысуымен атқарылып жатқан тазалық шаралары туған елге деген шынайы сүйіспеншіліктің дәлелі іспеттес».

Айта кету керек, «Таза Қазақстан» акциясы аясында Жетісу облысында жалпы саны 1 411 техника жұмылдырылды, соның нәтижесінде 7 408 тонна қоқыс шығарылып, 2 255 км арық желісі тазаланды.

Дереккөз: Жетісу облысының қоғамдық даму басқармасы