МҰҒАЛІМ: "БАЛАЛАРДЫ ТӘРБИЕЛЕУДЕ ҰЛТТЫҚ ПЕДАГОГИКАНЫҢ КӨМЕГІ ЗОР"

Уақыты: 29.03.2021
Оқылды: 958
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Қазіргі бала тәрбиесіндегі өзекті мәселенің бірі – жас ұрпақты адамгершілікке баулу. Баланы жақсы қасиеттерге баулу отбасы, балабақшадан бастау алып, мектепте жалғасын табады. Осы шақтарда бала бойында адамгершіліктің негізі қаланып, болашақта оның жақсы азамат болып қалыптасуына игі ықпал етеді.

Баланы ізгілікке, мейірімділікке баулу – ата-ана мен ұстаздардың міндеті. Ол үшін сәби жастан баланы жанашырлыққа, қамқорлыққа бөлеп өсірген жөн. Қарияларға қамқорлық танытып, айнала қоршаған ортаға, табиғатқа мейіріммен қарап, жақсылық жасай білсек, балалар да бізден көргенін қайталайды. Әсіресе, бастауыш сынып балалары өте әсершіл келеді. Олардың бойына қандай ізгілік дәнін сепсек, ертең соның жемісін жейміз. Бұл ретте мектепте оқытылатын «Өзін-өзі тану» пәнінің берері мол. Онда мейірімділік, қайырымдылық деген ұғымдар жақсы сипатталып, өмірдегі ғибрат аларлық оқиғалармен байланыстырылып берілген. Осы орайдағы жан тебірентерлік әңгімелерді оқып, оған өз қөзқарасы мен пайымдауларын қосқан баланың өмірді танып, өз менін іздеумен қатар, адамгершілік құндылықтары арта түседі.

Балалар тәрбиесінде ұлттық педагогиканың да көмегі зор. Нәрестенің сезімін ананың әуенімен оятатын бесік жырлар, даналыққа толы мақал-мәтелдер, жұмбақ, жаңылтпаштар, қиял-ғажайып ертегілер адамгершілікке баулудың таптырмас жолы. Олай болса, адамгершілікке тәрбиелеу кілті – халық педагогикасында деп сеніммен айта аламыз.

Ата-бабаларымыз баланы жастайынан жақсы әдеттерге баулып «Үлкенді сыйла, сәлем бер, жолын кесіп өтпе» деп өнегелі тәрбие берген. Бүгінгі таңда да жас ұрпаққа тәлім беруде әрбір күніміз амандасу рәсімінен басталып, шаттық шеңбері арқылы «Жүректен жүрекке» жеткізе, бір-бірімізге ізгі тілектер айтумен жалғасын табады.

Жас ұрпақтың бойына адамгершілік қасиеттерді сіңіруде Наурыз мерекесінің де берері мол. Онда балаларды қайырымдылыққа баулып, тал егу арқылы қоршаған ортаға мейіріммен қарап, ұлттық ойындарды ойнату арқылы батылдыққа, ептілікке тәрбиелейміз.

Халқымызда: «Жас шыбықты қалай исең солай қарап өседі», – деген даналық  сөз бар. Демек, баланың қандай болып қалыптасатыны жастайынан берілген тәрбиеге байланысты. Осы тәлім жүйесінде ізгілік, мейірімділік, қайырымдылық, адамгершілік сынды қасиеттерге үлкен орын берілсе, баланың да бойынан осының дәнегін таба аласыз. Сондықтан да жас ұрпақты тек жақсылыққа баулып өсіріп, өз-өзіне сенімді азамат етіп тәрбиелейік.

Раушан БАЗАРАЛИНА,

«М. Жұмабаев атындағы №19 орта мектеп-гимназиясы мектепке дейінгі шағын орталығымен» КММ бастауыш сынып мұғалімі

Талдықорған қаласы

Алматы облысы

Сурет - ғаламтордан