Біз неге осындаймыз?

Уақыты: 15.05.2024
Оқылды: 2398
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Атақты Оралхан Бөкейдің «Атаукересі» дәл осы сөзбен санада берік жатталған біздің. Сіздің де зердеңізге бұл сөз бек тұтылғанына біз әбден сенген болар едік. Қат-қабат психология, терең тінді философия да осы шығарма да бар дерсіз. Иә, «Біз неге осындаймыз?» деген сұрақты қазір де өзіңе, тіпті тұтас ұлтқа, одан асып адамзатқа қояр ма едің: бір құдірет күші жетсе?!

Көшеде тамылжыған кеште әдемі әуенмен кетіп бара жақан, кенет тас көшелі дымқыл леп ескен бұрылысқа тап келген, әлде құшағы гүлге толған булвардан жанап өтіп бара жатқан сіздің ойыңызға осы сұрақ сап ете қалды делік. Әлгіндегі әдемі деген көңіл күйде, картинадай тартылған тамаша көрініс те пыр-пырлап ұшып кетпес пе?

Себебі неде дейсіз ғой. Біз санамыздағы түп ақыры бетпе-бет келуі тиіс  салыстырулармен шынайы жолыққан жоқпыз әлі. Сосын да үстімізге жұққан кір-қожалақ міндерді азаптанып арқалап кеп жүреміз.

Егер бұған дейін шынайы бір сәт өз-өзімізге сұрақ қойып, өз мінімізді таразылап көргенде, бәлкім, одан құтылудың жолын да ерте тапқан болар ма едік. Сөйтіп «біз неге осындаймыз» деген сұрақ күнде алдыңнан шықса да еш қорықпайтын, керісінше оған тіке қарайтын деңгейге жеткен болар ма едік, кім біліпті?!

Жә-жә. Бұны жорамал ия жеке талғам мен көзқарас аясындағы субьективті пікір деп қабылдап, сөйте тұра бұл туралы шындап ойланғыңыз келмейтін болса біз ары қарай ептеп тарқатып көрелік. Сіз бізбен бірге болыңыз, зердесі тұтқыр оқырман.

Бұл сұраққа маңдай тірегенде әуелі әлбетте «Өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек бекер мал шашпақ – бес дұшпаның білсеңіз» деген һакім Абай ғақлиясы еске түсетіндей. Сосын да біз бес дұшпанның бірі – өтірікті кемшілік атаулының тап басында сөз етпекпіз.

«Өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам» деген дана қазақтың бұл ойымызға ой қосатын талай суатты сөз қалдырғаны бәрімізге аян-дағы. Яғни, осы бір «бір-ақ тұтам» деген сөздің өзінде өтірікші істеген іс пен әрекеттің ғұмыры қаншалық екенін дәл басып, тап танып айтып отырған жоқ па?!

Өткен тарихқа бармайық (бара алмай келеміз де – ред.), бүгінді айталықшы. Айналаңызға қараңызшы. Өтіріксіз тап-таза жүрмін дейтін тірі жан бар ма? Абайша қатты айтқанда «боқтың қабы» атанған адам нәсілі сіз бен біз шындықтан шырақ ұстай алдық па? Алда-жалда «Ұстадым» деп жорта айтам десеңіз де арқаңыздан бір күш тапжылтпай басып, тастай жаншып, темірдей түйреп тастардай.

Бақсақ, бәріміз өтірікшіміз. Тамырын тереңге тастамай оқтын-оқтын, әлсін-әлсін су сұрайтын «жалқау» талдан бастап, мың құбылып соғатын жел мен тұтанар тұсын білдірмейтін өрт те өтірікші шығар. Бірақ, бірақ дейміз бұндайда. Біздің қазіргі қазақтың өтірікшілігіне анау-мынау ұлт ілесе ала ма?

Тұтас ұлтты қалай өтірікші атап отырсыз деуіңіз мүмкін. Онда айталық. Біз әуелі өтірік тарихқа сенген ұлтпыз. Түп-тамырың тереңде жатқаны айдан анық, күннен жарық жарқырап көрініп тұрса да кезіндегі отаршыл жүйенің сызып берген тарихына сенеміз әлі.

«Қазақ» деген әп-әдімі әуезді, тамырлы аты бар ұлтты (қассақ деп те тұжырсаңыз, тарихтантыс кетпейсіз – автор.) көрнеу тағдыры бұл далада түгенделмеген қырғызға телу, болмаса орыстың телі-тентек, қағылған-соғылған, алқаш-азғын топтарынан басы құралған тобына арнайы «казак» деп ат қойып, бұл далаға сіңіргенінде де сенгенбіз бұл өтіріктерге. Миллиондап ата-бабамыз аштықтан қырылып кеткенде де қыңбағандай «кешегі күніміз жақсы» еді деген үлкендердің сөзіне де сене кеткен ұлтпыз. Бұндай мысал мың да мың.

Ал сосын бұл қиғаш қиянатты ақпарларды бүгінгі ұрпаққа да айтамыз еш қымсынбай. «Тарихымыз осындай болған» деп санасын улаймыз-ай келіп. Тіпті осы өтірігіміз шығып қалмасын дегендей  көне қорымдар мен обаларды тонаймыз: із қалмасын дейтіндейміз құдды. Демек өтірікке сенген ия көз жұмған адам мен ұлт та өтірікші.

Ол аз десеңіз, күні кеше жиырма бес мың зиялы атылып кеткені де түптеп келгенде қазақтың өтірік көрсетуімен, асыра жалалауымен атылып кеткен жоқ па? Әлемде қай ұлтта әлде мемлекетте осыншама қалың сорпа бетіне шығар зиялысы атылып кетті дерсіз?! Қай мемлекетте неше он мыңдаған жақсысының қолы кісенде, алтын басы түрмеде шіріді дейсіз?

Бүгінге тағы тоқталсақ, ел дамуы жөніндегі көлдей-көлдей жалған ақпарат, шіріктескен жүйе, жең ұшынан жалғасқан жемқорлық, кеудемсоқ зорлық-зомбылықтың да түп-төркіні өтірікте жатқан жоқ па?! «Ауыруын жасырған өледі» деген қазақтың өзі бүгін өліміші күйде жүргендей. Бір өңірін жамаса екінші өңірінен өтірігі шығады.

Кешегі жарылыстар да, орман өрті, бүгінгі су тасқыны дейсіз бе, бәрі сол салалардағы жылдар бойғы таудай болып үйілген өтіріктің өткір мысалы. Айта берсең бұл тақырып түгеспесі де анық.

Ал һакім айтқан бес дұшпанның бірі мақтаншақтыққа келсек, бұл «аламанда» да әзірге алдымызға озып шыққан біреу жоқ та жоқ дерсіз. «Ата-бабамыз батыр болған», «бәленше бидің тұқымы едік», «көнек-көнек қымыз ішіп, үйір-үйір жылқы ұстаған елміз» деген секілді гиперленген мақтангерлік бізге сіңудей сіңген қасиет.

Әлем үздіксіз дамып, технократтанған, жасанды интелект алақандағы ырысыңм – айлық-шайлығыңның өзін «жұтуға» таяған, робттанудың өзі кісі таңғаларлық деңгейге жеткен қоғамда әлі «біз тарихта мынадай ұлт болғанбыз» деген айқаймен жүрудің өзі қай деңгейдегі мақтаншақтық екенін болжау қиын.

Сосын да «бізді әлем әлі танымай жатыр» деп өкпе артатын да осы біздің қазекең бе дейсің. Сөзден іске көшетін күннің туғанын, іс дегенде де бел ауыртатын емес, ми жүгіртетін кесек істер күтіп тұрғанын біз қашан түсінер екенбіз деп наласың кейде.

Ойлаңызшы, озық елдің баласы ел-жұртын бір жағдай болса марысқа қалай алып кетуге болады деген секілді асқақ мұраттарға талпынып келеді. Ал бізде балалар санасында екі үлкен «арман» бар. Бірі – мінетін көлігінің деңгейі. Ал екіншісі болса, өтетін тойының дақпырт-дабыра, иқу-қиқу, сән-салтанаты.

Алдыңғысын атасаңыз, сол армандаған көлігін «өзім жасап шықсам» дейтін бір өскін жоқ. Зауыт құру жайлы, корпорация басқару, ел ісіне араласу жайлы ойлайтын ұрпақ тағы кем де кем. Ал той жайлы айтыңызшы. Гу де гу. Қатырып жоспарлап, "өлтіріп" шашудан алдыға жан салсақ қанә?!

Үйленген екі жас игілігі үшін ары қарай дамып оқуына немесе баспанасына жиып-ақ берер ақшаны ағайынның арасындағы жалған атаққа, жылтыр мақтанға шашып жатқан тағы біздің ұлт. Біз де бармыз сол топтың, сол ақ шаң, көк шаң ызы-қиқы бәйгенің ішінде...

Еріншекпіз деп елдің еңсесін түсіріп, ұлттың бағасын кеміткіміз жоқ. Ол турасындағы ұлы Абайдың «еріншек бекер мал шашпақ» тезисін зерделі оқырман өзі-ақ таразылап, көңіл сүзгісінен өткізер дейміз.Бәлкім, бұл да біздің көп кемшілігімізді айтуға сөз алғанда кібіртіктеп, «ұлтқа күйе жағып отырған жоқпын ба» дейтін ішкі ұятымыздың оянғыштығынан шығар. «Дос жылатып айтады» деген ұстаным тұтас елдің мінін айтуда қалай «адвокат» бола алсын. «Өз мініңді теріп ал», «өз басыңды алып жүр әуелі» деген сөз де көп көмейінде көп бүлкілдейді бүгін.

Қысқасы, біз аз-кем кемшілігімізді түгендей отырып, қалғып бара жатқан санамыз бір сәт серпілсе дедік. Біз ұлттан тыс өмір сүрген емеспіз. Сүрмейміз де. Сондықтан бұл сындар әуелі өзімізге айтылған сын деген сөз. «Қоғам виноват» деген Құнанбайұлының қағидасы да осы тұста бізге келіп тұр.

Ендеше, біз өзгергіміз келсе әуелі өзгеге өзіміз үлгі болып, «Біз неге осындаймыз?» деген әзірге алып сұрақты аласартуға тырысуымыз керек-ақ.  Қашанғы ұлт ретінде, қоғам ретінде бір сұраққа бұнша жауап іздеумен өтпекпіз. Тиісінше, «біз осындаймыз!» дейтін мақтанышпен өмір сүретін ұлтқа айналсақ қой дейміз.

Қ. ӘБДІҒАПАР

Фото: көрнекілікке алынды