МАТЕМАТИКАНЫ ТЕРЕҢ МЕҢГЕРГЕН АДАМ ҚОҒАМДА ЫҚПАЛДЫ ТҰЛҒАҒА АЙНАЛАДЫ

Уақыты: 02.04.2021
Оқылды: 1181
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Бүгінгі таңда ұстаздар алдында тұрған басты міндет – жан-жақты білімді, функционалдық сауаттылығы қалыптасқан, бәсекеге қабілетті жас ұрпақты тәрбиелеп шығару. Бұл ретте математикалық білімнің ықпалы мол. Математика саласын жақсы меңгерген адам қоғамда қажеттілігі зор, ықпалды тұлға болмақ.

Міне, осындай уақыт талабына сай тұлғаны тәрбиелеуде мұғалімнің өзі оқытудың жаңа әдіс-тәсілін жетік меңгерген, балалармен жұмыс істеудің қыр-сырын білетін, олардың  математикаға деген қызығушылығын арттырып, дарындылығын дамытып, ғылыми ізденіске жетелей алатын шебер маман болуы тиіс.

Ұстаздардың шеберлікпен дәріс беруінде ақпараттық технологияларды қолданудың тиімділігі зор. Мәселен, сабақта мультимедиалық презентацияны жиі қолдану сабақтың сапасын арттырады. Оқушылардың білім қорының толығуына, ақпараттық сауаттылықтарының дамуына игі ықпал етеді. Математика сабағында слайдтардың көмегімен мысалдарды, есептерді тақтада көрсетуге, ауызша есептеу тізбегін құрастыруға, сергіту сәттерін ұйымдастыруға, бақылау, тест жұмыстарын жазған кезде оқушының білімін тексеруге болады.

Мультимедиалық презентациялар арқылы сабақ жоспарларын құрастырған кезде  мыналарды ескерген абзал: презентация жасағанда сөздер саны неғұрлым аз болып, тақырыбы нақты және үлкен шрифтпен жазылуы шарт. Слайдқа анықтамалар, терминдер, сөздер жазылуы керек. Фон, сызықтар көзге кері әсер етпейтіндей болғаны жөн. Презентациямен қатар жүріп отыратын дыбыс қатты, оқушыны шаршататындай болмауы қажет.

Ақпараттық-коммуникациялық технология құралдарына электрондық оқулықтар, компьютер, аудио және бейне материалдар, интернет желісі, тестілеу құрылғылары, электрондық пошта, интерактивті тақталар жатады. Ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қолдану, мұғалімнің тақтаға жазып түсіндіргенінен әлдеқайда тиімді әрі әсерлі. Меңгерілуі қиын сабақтарды ақпараттық-коммуникациялық технологияның көмегімен оқушыларға ұғындырса, жаңа тақырыпқа деген оқушының қызығушылығы оянады. Логикалық ойлау қабілеттері дамып, интернет желісінен сабаққа қажетті деректерді өз бетімен ізденуге үйренеді. Сабақта алған білімдерін өмірде қолдана білуге тәрбиеленеді.

Мұғалімге қойылар басты талап – сапалы білім беру. Ал ақпараттық технологияларды тиімді пайдалану білім сапасын арттырудың бір жолы. Ол арқылы күрделі пән саналатын матаматика сабағын қызықты әрі жеңіл өткізуге болады.

Аида БАЙРАХЫМОВА,

Мағжан Жұмабаев атындағы №19 орта мектеп-гимназиясының математика пәні мұғалімі

Талдықорған қаласы

Алматы облысы

Сурет - ғаламтордан