ЖАМБЫЛ АУДАНЫНДА ЗАМАН ТАЛАБЫНА САЙ ЕКІ АМБУЛАТОРИЯ БОЙ КӨТЕРДІ

Уақыты: 07.07.2021
Оқылды: 1432
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына және Астана күніне орай Жамбыл ауданында екі бірдей дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілді. Сарыбай би және Үңгіртас ауылдарындағы емдеу мекемелерінің салтанатты ашылуына аудан әкімі Нұрлан Ертас қатысып, тұрғындарды құттықтады. Бұл туралы "Жетісу" газетінің тілшісі хабарлады.

Ашылу сәтінде аудан басшысы қазіргі денсаулық сақтау ісі қымбатқа түсетін стационарлық емге емес, негізінен аурудың алдын алуға бағытталуы тиіс екенін атап өтті. Ауылдық амбулаториялар заманауи медициналық құралдармен жабдықталған. Қарасу ауылдық округіне қарасты Сарыбай би елді мекеніндегі емдеу мекемесі бір ауысымда 25 келушіні қабылдауға арналған.

Мұнда бір жоғары білімді дәрігер, 6 медбике, акушер және фельдшер жұмыс істейді. Амбулатория ауылдық округтегі 4 елдімекеннің 6000-нан астам тұрғынына сапалы және уақтылы медициналық қызмет ететін болады. Бүгінде мұнда барлығы 22 адам жұмыспен қамтылған. Тұрғындар ризашылығын жеткізген ауыл ақсақалы Қабдеш Мұхамеджанов алғыс сезімімен қоса енді мұнда білікті дәрігерлер тартылса деген тілегін білдірді.

Жалпы құны 297 миллион теңге тұратын ғимараттың нышан кілтін құрылысты жүргізген «Голдин Сити» ЖШС директорының орынбасары Данияр Қарақұлов амбулатория меңгерушісі Күлғайша Өмірәлиеваға тапсырды. Көпшілікке Әбдрашид ата Әбдісаламұлы бата беріп, жаңа нысанның лентасын аудан әкімі Нұрлан Ертасұлы, облыстың және ауданның Құрметті азаматы Әскербек Абаев, ардагер дәрігер Бақыт Батайқызы қиды. Әжелер шашу шашып, аудан басшысы бастаған аз ғана топ ғимараттың ішін аралап көрді.

Дәл осындай іс-шара шалғайдағы Үңгіртас ауылында да болды. Ондағы емхананың жалпы құны - 338 миллион теңге. Ғимаратта 58 бөлме бар. Олардың арасында ересектер мен балаларға арналған қабылдау бөлмесі, стоматолог, гинеколог, терапевт кабинеті, зертхана, таңу, екпе, фельдшерлік, акушерлік пункттер және күндізгі стационар қарастырылған.Ауысымына 35 адамға дейін қабылдау мүмкіндігі бар.Үңгіртас дәрігерлік амбулаториясында бір дәрігер, 9 медбике және екі техникалық қызметкер жұмыс істейді.Үш елді мекеннен тұратын Үңгіртас ауылдық округіндегі 4590 тұрғынға медициналық қызмет көрсетеді.

Серік САТЫБАЛДИЕВ

Жамбыл ауданы

Алматы облысы