ҚАПШАҒАЙДА ОЙНАП ЖҮРІП АДАСҚАН ТӨРТ БАЛА АМАН-ЕСЕН ТАБЫЛДЫ

Уақыты: 27.07.2021
Оқылды: 986
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Қапшағай су қоймасының жағалауында аптап ыстықтың салдарынан демалушылар саны күрт көбейді. Алайда адамдардың көптігінен төрт бала жоғалып кетті. Бұл туралы "Жетісу" газеті мәлімдеді.

Балалардың жоғалғаны туралы хабарлама Алматы облысы төтенше жағдайлар депаратаментіне сағат 15:00-ден кейін келіп түскен. Соңғысы кешке 19:00 шамасында жоғалған.

Оқиға адам көп жиналатын жерде Қапшағайдың оңтүстік және солтүстік жағалауында болған. Адасып кеткен балалар 5-10 жас шамасында. Балаларды іздеуге олардың ата-аналарына көмекке Қапшағай өңірінің жедел іздестіру жасағының құтқарушыларынан жасақталған топ пен Қапшағай қаласының төтенше жағдай бөлімі келді.

«Барлық бала аман-есен табылды. Олардың барлығы жағалауда болған. Кейбіреулерін ата-аналары тапса, кейбіреулерін құтқарушылар тапты. Балалардың ешқайсысы медициналық көмекті қажет етпейді. Алматы облысының ТЖД қайғылы жағдайларға жол бермес үшін азаматтардан балаларын қараусыз қалдырмауды сұрайды», - деп атап өтті Алматы облысының ТЖД баспасөз қызметі.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"