МӘЖІЛІС ДЕПУТАТЫ ТҰРҒЫНДАР САНЫ КӨП "АЛТЫН АДАМ" АУДАНЫНА БАРДЫ

Уақыты: 28.02.2022
Оқылды: 1169
Бөлім: КҮНДЕРЕК

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Жанна ТЕЛПЕКБАЕВА тарихы «Алтын адаммен» айшықталған Еңбекшіқазақ ауданына жасаған екі күндік сапарында сайлаушылар тарапынан айтылған өзекті мәселелерге айрықша мән беріп, ұсыныс-пікірлерге жіті назар аударды.

Жанна Тілеубекқызы кездесуін Балтабай ауылынан бастады. Былтыр республика бойынша тұңғыш рет ауыл әкімдерін тікелей сайлау өтіп, ауыл тұрғындары өз таңдауын жасаған болатын. Міне, сол сайлауда жеңіске жеткен әкімдер депутатқа өздері басқарып отырған елді мекенде шешімін таппай отырған жайларды баяндады.

Ауыл әкімдері «жергілікті тарап негізінде бес түрлі  салықтан түсетін қаражат ауылдың жыртығын жамауға жетпей жатыр, сондықтан қолымыз қысқарып отыр» деп қынжылады. Олар жергілікті бюджеттен елді мекен мүддесіне жұмсауға тиісті қаражат бөлінсе,  ешкімге жалтақтамай өз мәселемізді өзіміз шешер едік дейді.

Аумақтағы жол жөндеуде де қиындықтар бар. Мәселен, Бәйтерек ауылын Құлжа күре жолы кесіп жатыр. Осы трассаның ауылға қарасты бөлігіне асфальт төсеуге жергілікті билік араласа алмайды. Өйткені ол республикалық маңызға ие жол. Оған тек республикалық бюджеттен қаражат бөлінетіні белгілі. Сол сияқты Қойшыбек ауылына баратын жол да облысқа қарайды. Тұрғындар болса, жолдағы кем-кетіктің түзелмеуіне әкімдіктегілерді айыптайды. Жергілікті басшылар осы мәселе дұрыс жолға қойылса деген талап-тілектерін жеткізді. Жиында бұдан өзге де толғақты дүниелер айтылды.

Бұдан кейін депутат Шелек ауылындағы ауруханада болып, медицина қызметкерлерімен әңгімелесіп, ой-пікірлерін тыңдады. Бас дәрігер Гүлнара Құраметова ауылдық жерлерде әлі де болса амбулаторияның жетіспей жатқанын айтты. Сондай-ақ, интернет желісінің дұрыс тартпайтынын да сөз етті. Жедел жәрдем көлігін тізгіндейтін жүргізушілер аз ғана жалақыға амалсыз жұмыс істеп жатқанын алға тартты. Науқастарды тасымалдайтын көліктердің тозып кеткеніне де қынжылды. Медициналық құрал-жабдықтарды сатып алу мәселесі күрделі болып тұрғанын да жасырмады. Осы олқылықтар оң шешімін тапса дейді.

Ары қарай мәжілісмен «Шелек фермерлері» агробизнес орталығына барып, шаруа қожалық иелерімен тілдесті. Осыдан он жыл бұрын «Шелек фермерлері» кооперативі жұмысын бастаған болатын. Бұл іс бірте-бірте қанатын кеңге жайып, үлкен ұжымға айналды. Бүгінде кооператив құрамында отыз бес фермер жұмыс істейді. Бірақ пандемия басталғалы бері шаруалардың жағдайы мәз емес. Сондықтан фермерлер мемлекеттен қолдау күтеді. Бастаған істерінің орта жолда тоқтап қалмауын қалайды. Біраз демеп жіберсе, олар тығырықтан шығып кетуге уәде беріп отыр. Өйткені он жыл бойы жинаған тәжірибе, білім мен біліктеріне сенімді.

Депутат келесі күні Есік гуманитарлық-экономикалық колледжінде болды. Онда ұстаздар мен студенттер арасында диалог орнап, сан сауалға жауап қайтарылды. Жергілікті тұрғындармен қоғамдық қабылдау өткізіп, өтініш-тілектерін тыңдады. Мәжіліс депутаты Жанна Тілеубекқызы ауданға жасаған сапары аясында сайлаушылар тарапынан көтерілген мәселелерге байланысты тиісті мекемелерге депутаттық сауал жолдайтынын жеткізді. Кездесуге қатысқан тұрғындарға ризашылығын білдірді.

Болат МӘЖИТ

Еңбекшіқазақ ауданы

Алматы облысы