ҚАНАТ БОЗЫМБАЕВ НӘЗІК ЖАНДАР МЕРЕКЕСІНЕ ОРАЙ ІЗГІ ТІЛЕГІН БІЛДІРДІ

Уақыты: 08.03.2022
Оқылды: 1395
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Алматы облысының әкімі Қанат БОЗЫМБАЕВ жетісулық нәзік жандарды 8 наурыз - Халықаралық әйелдер күнімен құттықтады.

"Ардақты аналар, әпкелер, қарындастар! Сіздерді 8 наурыз — көктемнің шуақты мерекесімен құттықтаймын!

Әйел-ана – мейірімнің бұлағы, ізгіліктің айнасы.

Ел мен жерге, туған өлкеге, қоршаған ортаға деген махаббат, жақсылыққа құштарлық – бәрі де ананың ақ сүтімен, аялы алақанымен даритын ерек қасиеттер. Сіздер арқылы дәстүр жалғастығын, ұрпақтар сабақтастығын, отбасы құндылықтарын тұтас тіршілігімізге өзек етіп келеміз.

Жалпы, Жетісу өңірінде 59 мыңнан астам көпбалалы отбасы бар десек, осы батыр аналарымызға құрмет көрсету – басты құндылықтарымыздың бірі.

Бір кезде қазақ зиялылары әйел теңдігі мәселесін көтеріп, "Ел болам десең, бесігіңді түзе, оны түзеймін десең әйелдің халін түзе" дегенде де ендігі уақытта қоғамда әйел-аналардың рөлінің жоғары болатынын білген. Содан бері аз уақыт өткен жоқ, қазір қай мекемеге, қай кеңсеге бас сұқсаңыз да, шаруашылықтың қай саласына жолыңыз түссе де, алдыңыздан қазақстандық іскер арулар шығады. Бұл орайда ел дамуына еселі үлесін қосып жүрген баршаңызға шын жүректен алғыс айтамыз.

Адамзат баласы үшін Ананың орны әрдайым биікте.

Мерейлі мерекемен құттықтай отырып, сіздерге мықты денсаулық, мол табыс, бейбіт өмір, шаңырақтарыңызға қуаныш пен бақыт тілеймін. Сіздердің тербеткен бесіктеріңіз, айтқан әлдилеріңіз – бейбітшіліктің символы, келешектің кепілі. Жасай беріңіздер!" - делінген әкім құттықтауында.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"