БІЗ НЕГЕ ИМПОРТҚА ҚҰМАРМЫЗ? ТАЛДЫҚОРҒАННЫҢ ГҮЛ БАЗАРЫНАН РЕПОРТАЖ

Уақыты: 09.03.2022
Оқылды: 1146
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Мемлекеттік кірістер комитеті таратқан ақпаратқа сүйенсек, өткен жылы елімізге шетелден 5700 тонна гүл импортталса, биылғы қаңтар мен ақпан айында 1000 тоннадан астам гүл елге әкелініпті. Олардың құны 8 жарым миллион АҚШ долларына тең.

Оның ішінде 724 тоннасы, яғни, 70 пайыздан астамы (6 млн.$) раушан гүлі екен. Екінші орында хризантема (97 тонна, 883 мың $), үшінші орында қалампыр (28 тонна, 165 мың $) тұр. Бұл гүлдер облыс орталығы Талдықорған қаласында да саудаланды.

Үш күн демалыста Талдықорған қаласындағы Арбаттың бойы алқызыл гүлге толды. Бір қызығы, гүл сатып алушылардан сатушылардың қарасы көп екенін байқадық. Сол қатардан біраз жылдан бері базарда қолдан өсірген гүлін сатып, нәпақа тауып жүрген Үміт Түлкібаева апамызды да кездестірдік:

– Кезінде тракторист те, еден жуушы да болып жұмыс істедік. Зейнетке шыққаннан кейін гүл өсірумен айналысып келемін. Айналдырған 67 мың зейнетақы күнкөріске жетпейді. Арасында гүл сатудан нәпақа тауып жүрміз, – дейді кейуана. Алайда апамыздың күндіз-түні баптап, еңбекпен өсірген гүлдерін бұл үш күнде көп адам сатып алмапты. Бағасы да тым қымбат емес. Оған қарағанда айналасындағы импорт гүлдерді жұрт таласып алып жатыр.

– Өзіміз мұғалім болып жұмыс істейміз. Мереке күндері осылай гүл сатып тұрамыз. Сататын гүлді Алматыдан алдырамыз, олардың көбі шетелден тасымалданады, – дейді Үміт апамен көрші орында гүлдері тоқтаусыз өтіп жатқан екі қыз. «Шетелден» дегенді нықтап айтты.

Расында, сатушысы алушыдан көп болған елдің экономикасы тоқтаусыз өседі. Тек сататыны отандық өнім болған жағдайда ғана. Ал біз басқалар өсірген гүлді сатып жатырмыз. Демек, жақындарымызға гүл сыйлап, құрмет көрсеттік деп ойлайтын шығармыз. Шын мәнінде, басқа елдің тауарын сатушылардың санын көбейтіп, қалтасын толтырудамыз.

Қажет АНДАС

Талдықорған қаласы

Алматы облысы