ТАЛДЫҚОРҒАНДА МАСЛЕНИЦА МЕРЕКЕСІ ТОЙЛАНЫП, ІЗГІ ТІЛЕК АЙТЫЛДЫ

Уақыты: 09.03.2022
Оқылды: 1079
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Достық үйінде қыспен қоштасып, көктемді қарсы алатын Масленица мерекесі тойланды. Славян халықтарының ұлттық мейрамы барлық өкпе-назды ұмытып, қиындықты артқа тастап, келер күннен үлкен үміт күтуге шақырады.

Салтанаты мен сәні жарасқан шараның шымылдығы «Қоғамдық келісім» КММ директоры Серік Үпиевтің құттықтауымен түрілді. Жиналған қонақтарды мерекемен құттықтап, ізгі тілегін арнаған ол елге береке мен бірлік, бейбітшілік пен жақсылық тілеп, белсенділерді Алғыс хатпен марапаттады.

«Қоғамдық келісім» КММ ұйымдастыруымен өрбіген мерекеде облыстық орыс этномәдени орталығы мен «Славян қозғалысы» қоғамдық бірлестігі концерттік бағдарлама ұсынды. Шырқалған халық әндері, бишілердің ұлттық биінен бөлек, құймақ жеп жарысу секілді ойындар көпшіліктің көңілін көтерді. Одан әрі барлық қатысушылар сыртқа шығып, Масленица тұлыбын жағуды тамашалады. Мерекенің маңызы сол, жиналғандар отпен бірге жамандық атаулы құрдымға кетіп, есіктен енген көктем жақсылық әкелетініне сенім білдірді.

Мәулен ӘНЕРБАЙ

Алматы облысы