ТАЛҒАР АУДАНЫНДА ҮЙ МЕН МОНША ӨРТЕНІП, 54 ЖАСТАҒЫ ӘЙЕЛ ҚАЗА ТАПТЫ

Уақыты: 13.03.2022
Оқылды: 1280
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Талғар ауданының Панфилов ауылында жеке тұрғын үй мен монша өртенді. Өрт кезінде бір әйел қаза тапты. Бұл туралы Алматы облыстық төтенше жағдайлар департаменті хабарлады.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, өрт туралы сигнал түскі сағат 12.36-да түскен. Шақыру орнына дереу Талғар (2 бөлім) және Алматы (1 бөлім) өрт сөндіру бөлімшелерінің күштері мен құралдары жіберілді.

"Шақыру орнына жеткенде ағаш үй мен монша толығымен өртеніп кеткені анықталды. Өртті сөндіру кезінде 1968 жылы туған әйелдің мәйіті табылды", - деді Алматы облысы төтенше жағдайлар департаменті өкілдері.

Өрт 14.29-да сөндірілді. Өрттің жалпы аумағы 175 шаршы метрге жайылды.

Өрттің себебін анықтау үшін оқиға орнына Алматы облысы төтенше жағдайлар департаментінің өртке қарсы ғылыми-зерттеу зертханасы жіберілді.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"