ҚАЗАҚСТАНДА ЭКОНОМИКАЛЫҚ ЖӘНЕ ДЕМОГРАФИЯЛЫҚ АХУАЛ МҮЛДЕМ БАСҚА

Уақыты: 16.03.2022
Оқылды: 1085
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан халқына арнаған кезекті Жолдауын ерекше ықыласпен тыңдадық. Байқағанымыздай, жаңа Жолдаудың ауқымы кең әрі еліміз үшін мән-маңызы терең. Онда жуық арада жүзеге асырылатын саяси реформалардың жаңа бағдарламасы мен әлеуметтік-экономикалық бағытта атқарылуы тиіс іс-шаралар жан-жақты қамтылып, нақты мақсат-міндеттер қойылды.

Мемлекет басшысы осы жолғы Жолдауында Жаңа Қазақстанды құру баршамызға ортақ міндет екенін меңзеді. Осы ретте Президент бастамаларының ауқымды екені аңғарылды. Оған елді дамытудың жаңа жолдары қарастырылып, алға биік мақсаттар қойылғаны дәлел. Әрине, бұл, халқымыз үшін өте қуанышты жайт. Президент алдымен қаралы Қаңтар оқиғасына тоқталды. Онда ел тыныштығын сақтауда береке-бірліктің айрықша маңызға ие екенін атап өтті. Сонымен бірге, Қасым-Жомарт Кемелұлы мемлекетіміздің өркендеуі аймақтардың қуатты болуына тікелей байланысты екенін мәлімдеді.

Осы ретте Президент: «Қазір Қазақстан дамудың жаңа кезеңіне қадам басты. Әлеуметтік, экономикалық және демографиялық ахуал мүлде басқа. Бүгінгі сын-қатерлер де, міндеттер де бөлек. Мемлекетіміздің өркендеуі аймақтардың қуатты болуына тікелей байланысты. Бұл мәселеге 2019 жылғы Жолдауымда кеңірек тоқталдым. «Қуатты өңірлер, қуатты ел» деген ұстаным өзекті. Осы орайда еліміздегі әкімшілік-аумақтық құрылымның оңтайлы болуы өте маңызды», – деді. ҚР Президенті бұған дейін Шымкент республикалық қалаға айналғанын, облыс орталығы Түркістан қаласына көшірілгенін атап өтіп, аумақтық бөлініске тағы да өзгерістер енгізуді ұсынды. Жаңадан Абай, Жетісу және Ұлытау облыстары құрылатынын жеткізді.

Президент, сондай-ақ, Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру үшін Конституцияға 30-дан астам өзгеріс енгізудің қажет екенін алға тартты. Айтуынша, заң жобасын әзірлеп, оны қабылдау едәуір уақытты алатын күрделі жұмыс. Сондықтан оған аса жауапкершілікпен қараудың маңызы зор екенін әңгімеледі. Президенттің өкілеттігін біртіндеп қысқарта отырып, Парламенттің рөлін айтарлықтай арттыру керектігіне назар аударылды. Сонымен бірге, Президент электронды сайлау технологияларын енгізудің келешегі туралы пікірін білдірді.

Мемлекет басшысы: «Cайлау үдерісін жаңғырту. Халықаралық тәжірибеде сайлауды ұйымдастыру жүйесі ұдайы өзгеріп отыратыны белгілі. Яғни, әділ және ашық сайлау өткізу үшін тиімді шешім іздеудің маңызы зор», – деп, соңғы жылдарда бұл үдеріске ақпараттық және технологиялық факторлармен бірге коронавирус індеті де әсер етіп жатқанын атап өтті. Мемлекет басшысы елімізде ауқымды дағдарысты еңсеруге қажетті бүкіл резерв пен тетіктер бар екенін айтып, Үкіметке шұғыл арада дағдарысқа қарсы бірінші кезектегі шаралардың пакетін ұсынуды тапсырды.

Гүлмира СҮГІРОВА,

экономика ғылымдарының кандидаты,

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ доцентінің міндетін атқарушы