АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ АУМАҒЫ БҰРЫН ЖЕТІСУ ГУБЕРНИЯСЫ ДЕП АТАЛҒАН

Уақыты: 16.03.2022
Оқылды: 1691
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Президент Жолдауында еліміздің әкімшілік-аумақтық құрылымына қатысты үлкен өзгеріс жасалатыны сөз болды. Яғни, Абай Ұлытау және Жетісу облыстары құрылатыны айтылды.

Тарихқа үңілсек, бұл облыстардың еліміз алғаш тәуелсіздік алған тұста экономикалық жағдайға байланысты қосылғанын білеміз. Одан бері көп уақыт өтті, демографиялық жағдай өзгерді, осы аймақтардағы халық саны өсті. Сонымен қатар, облыс орталығы статусынан айырылған Жезқазған мен Семейде инфрақұрылым жағдайы нашарлап кетті. Сол себепті бұл шешім стратегиялық тұрғыда өте дұрыс деп санаймын. Алматы қаласына жақын орналасқан аудандар мәселесі жеке облыс ретінде қолға алынса тез шешімін табатыны анық, ал қалған екі аймақта жаңа облыс орталықтары дамып, жаңа жұмыс орындары ашылып, тұрғындардың өмір сүруіне жағдайлар жасалатын болады.

Бұл - әлеуметтік-экономикалық тұрғыда қалыпты процесс. Бұл шешімнің тағы бір оңтайлы тұсы тарихи атаулардың жаңғыруы. Мәселен Ұлытау мен Жетісу қазақ халқының тарихындағы ең көне атаулар екені белгілі, Кеңес өкіметіне дейін Алматы облысы аумағы Жетісу губерниясы деп аталған. Тек қазаққа ғана емес, әлемге аты әйгілі ойшыл, ақын Абай есімінің облыс орталығына берілуі тіптен зор қуаныш!

Талдықорған қаласының тұрғыны ретінде Жетісу облысының әрі қарай дами беретініне сенемін.

Күлімкөз ТЕҢІЗБАЙҚЫЗЫ,

Жетісу университетінің оқытушысы,

тарих ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор

Алматы облысы