ОБЛЫСТЫҚ ЖЕР КОМИССИЯСЫ ЖАРКЕНТ ӨҢІРІНЕ БАРЫП, ТЕКСЕРІС ЖҮРГІЗЕДІ

Уақыты: 15.03.2022
Оқылды: 887
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Алматы облысында құрылған жер комиссиясы Панфилов ауданында жұмысын бастайды. Бұл туралы инвестициялық жобалар үшін жер алған азаматтардың өз міндетін орындамай отырғаны туралы Үшарал ауылы тұрғынының сауалына жауап берген облыс әкімі Қанат Бозымбаев айтты.

«Жер сұрасақ, инвестициялық жоба ретінде беріліп тастаған дейді. Ал сол жер алғандар талап бойынша кәсіпорындар ашып, жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуы тиіс болатын. Бірақ олар бұл талаптарды орындаған жоқ. Сүт фермасы да, шұжық цехы да, ештеңе ашқан жоқ. Соны тексеріп, жерді қайтарып алсаңыздар», - деп өтінішін білдірді облыс әкімінің Жаркент өңірі халқымен кездесуіне келген Үшарал ауылының тұрғыны Кәмшат Жақыбаева.

- Иә, бізде жерге қатысты көптеген мәселе бар. Сондықтан, біз шешім қабылдап, облыста жерге қатысты арнайы комиссия құрдық. Бұл комиссия қазір Талғар, Іле аудандарында жер түгендеу жұмыстарын бастады. Үшінші аудан ретінде жұмыс тобын Панфилов ауданына жібереміз, - деді Қанат Бозымбаев.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"