ЕСКЕЛДІ АУДАНЫНЫҢ ОРТАЛЫҒЫНДА ҰЛЫСТЫҢ ҰЛЫ КҮНІ ТОЙЛАНДЫ

Уақыты: 19.03.2022
Оқылды: 1451
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Самарқанның көк тасы жібитін сәт халқымыз үшін ең ұлық мереке әз-Наурызбен қатар келеді. Ескі жылмен қоштасып, Жаңа жылды ерекше ықыласпен қарсы алу үшін Ескелді ауданының тұрғындары өңір орталығы Қарабұлақ ауылына жиналды.

Дәл осы күні жауған жаңбырдың арты қарға ұласып, ауа райы оқыс мінез танытты. Бұл көріністі жақсылыққа жорып, Алланың нұры деп қабылдаған жұртшылық Жаратқаннан ел іргесі тыныш болуын тіледі. Алаңдағы «Қарабұлақ бауырсақтары», «Ескелді наурызкөжесі», «Қазан күріш» фестивалі мен ұлттық спорт түрлерінен өткен жарыс мерекеге жиналғандардың мерейін тасытты.

Тұрғындарды құттықтаған Ескелді ауданының әкімі Рустам Әли Ұлыстың ұлы күнінің мән-мағынасына тоқталып, Мемлекет басышысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауында айтылған қуанышты жайтты сөз етті.

– Бұл жолғы Жолдаудың маңызы өте жоғары. Әсіресе, жаңа үш облыс – Абай, Ұлытау, Жетісу құрылып жатыр. Қапшағай қаласына Қонаев атамыздың есімін беру құптарлық іс. Ендігі кезекте Жаңа Қазақстанның болашағы үшін бірге жұмыс жасайтын боламыз, – деген аудан басшысы ауылдық округ әкімдерінің ұсынысы бойынша дәл осындай мерекелік шаралар ауылдарда да өткізілетінін қуанышпен хабарлады. Сонымен қатар, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлес қосқан азаматтарды марапаттады.

Зейнеткер Әпсемет Акшолақов пен «Санжар» жеке шаруа қожалығының басшысы Жанатбек Сарғалдақовқа "Ескелді ауданының Құрметті азаматы" атағы берілді. Бұдан бөлек, еңбегі еленген ұстаздарға ҚР Білім және ғылым министрлігінің, облыстық білім басқармасының Құрмет грамотасы табысталды. Сондай-ақ, дүнежүзілік, республикалық додаларда топ жарған спортшылар мен өнерпаздар ауданы әкімінің Алғыс хатымен марапатталады.

Мерекелік шара концерттік бағдарламаға ұласып, тұрғындар ұлттық дәстүр бойынша қазақ үйлерді аралап, дастарқаннан дәм татты.

Мәулен ӘНЕРБАЙ

Ескелді ауданы

Алматы облысы