АДАМ ӨЛТІРІП, ОН КҮН БОЙЫ ДАЛАДА ҚАШЫП ЖҮРГЕН КҮДІКТІ ҰСТАЛДЫ

Уақыты: 20.03.2022
Оқылды: 1505
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Еңбекшіқазақ ауданында адам өлтіріп, он күн бойы далада жасырынған қылмыскер қолға түсті. Ол қылмыс орнынан 350 шақырым жерге дейін қашып кеткен.

Балқаш ауданы Көкжиде ауылының маңында шаруа қожалықтарының бірінің аумағынан 56 жастағы ер адамның мәйіті табылған еді. Полицияның мәліметінше, ол екі пышақ жарақатымен өлтірілген.

"Дала зонасында ат мінген адам жасырынып жүр екен. Қылмыстық іздестіру бөлімінің жедел қызметкерлері оның жүрген жерін анықтап үлгерді. Ұстау Еңбекшіқазақ ауданында, Іле өзенінің бойындағы Масақ ауылына жақын жерде орналасқан шалғайдағы шаруа қожалығында жүргізілді. Осы уақыт ішінде ол 350 шақырым қашықтықта қылмыс орнынан қашып үлгерген", - деді Алматы облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Осы факті бойынша Қылмыстық іс қозғалды. Полицейлер ер адамдардың бірге спирттік ішімдік ішкенін, олардың арасында жанжал шыққанын анықтады. Күдікті қылмысын мойындап, уақытша ұстау изоляторына қамалды.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"