ҰЛЫНА ПЫШАҚ СҰҚҚАН ҚАРИЯ. АНАСЫН АЛДАП СОҚҚАН ОҚУШЫ. ТАЛҒАРДАҒЫ ҚЫЛМЫС

Уақыты: 20.03.2022
Оқылды: 2360
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Талғар ауданында тағы екі қылмыс тіркелді. Оның біреуінде мектеп оқушысы ата-анасын алдаған болып шықса, екіншісінде әкесі ұлына пышақ сұғып алған.

Талғардағы мектептердің бірінде оқушы ата-анасының жазасынан құтылу үшін өзін әлде біреулердің ұрып-соғып, тонап кеткенін айтқан. Облыстық полиция департаменті жасөспірімнің анасы Талғар қаласының полициясына 17 жасар ұлын тонағанын айтып, арызданған.

Әйел әлдебір қарақшылар оқушыны ұрып-соғып, кейін оның қымбат ұялы телефонын тартып алғанын айтты. Полиция қылмыстық іс қозғап, міндетті арнайы шараларды жүргізді. Алайда қарақшының жеке басын анықтау мүмкін болмады. Полиция қызметкерлері кәмелетке толмаған баламен қайта сөйлесуге мәжбүр болған. Әңгімелесу барысында оқушы айғақ беруде абдырап қалып, өзінің тонауын ойдан шығарғанын мойындады.

"Осылайша, кәмелетке толмаған жасөспірім достарымен бірге ломбардқа ұялы телефонын салған, одан түскен ақшаны желідегі бәс тігу арқылы ұтылып қалған. Ата-анасының қаһарына ұшырамас үшін жасөспірім өзін ұрып-соғып, тонап кеткенін айтып, өз бетін көгертіп, дене жарақатын салған", - деп хабарлады Талғар ауданының полициясы.

Бүгінде оқушының айғақтары тексеріліп жатыр. Расталса, тонау фактісі бойынша қылмыстық тергеу тоқтатылады.

Тағы бір қылмыс өз ұлын өлтірмек болды деген күдікпен ұсталған 71 жастағы зейнеткерге қатысты. Полиция мәліметінше, Алматы қаласындағы ауруханалардың біріне Талғар ауданы Бесағаш ауылының 44 жастағы тұрғыны пышақ жарақатымен жеткізілген. Жәбірленушіге жанжалдасып қалған әкесі пышақ сұққаны анықталды. Қазір зардап шегуші дәрігерлердің қатаң бақылауында.

"71 жастағы күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Бірақ оның жасы ұлғайғанын және басқа да мән-жайларды, сондай-ақ, күдікті зейнеткерге қатысты берілген арызды ескере отырып, үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды", - деп хабарлады Талғар аудандық полициясы.

Күдікті шынымен де ұлын асхана пышағымен бірнеше рет пышақтағанын мойындады.

Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүруде.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"