ҚАЗАҚ ТІЛІН БІЛУ - ӘРБІР ҚАЗАҚСТАН АЗАМАТЫНА МІНДЕТ. ТІЛ САРАЙЫНДАҒЫ ЖИЫН

Уақыты: 22.03.2022
Оқылды: 2312
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Тіл сарайында облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарма мен Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының облыстық филиалы ұйымдастырған «Мемлекеттік тіл: бүгін, ертең» тақырыбында «дөңгелек үстел» өтті. Қазақ тілінен бөлек ел ертеңі мен өскелең ұрпақ жайында маңызды мәселелер көтерілген жиынға арнайы шақырылған қонақтармен қатар аудан, қала әкімдерінің орынбасарлары, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің қызметкерлері, зиялы қауым өкілдері, тіл жанашырлары онлайн түрде қатысты.

«Дөңгелек үстелді» ашып жүргізген облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың басшысы Рахмет Есдәулетов басқосудың мақсат, міндетін түсіндірді. Күн тәртібіндегі тақырыпқа қатысты А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының вице-президенті, филология ғылымдарының кандидаты Анар Фазылжанова, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Зиябек Қабылдинов, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білім институтының бөлім меңгерушісі Айнұр Сейтпекова, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты директорының орынбасары Шамек Тілеубеков баяндама оқып, күрмеуі қиын, елдік тұрғыда шешілуі тиіс мәселелерді назарға ұсынды.

Бірінші болып сөз алған Анар Мұратқызы Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының қайта құрылуы, ұйым жұмысын жақсарту, қазақ тілінің тарихы мен латын әліпбиіне көшу туралы ойын ортаға салып, ұтымды ұсыныстарын жеткізді.

– Бір өкініштісі, бәріміз осындай жиында жанайқаймызды айтып-айтып қайтамыз. Ал нақты бір қолымыздан келетін шара жоқ. Қазақ тілінің жағдайы шынымен қиын. Жастар орыс тілін қойып, көшеде ағылшынша сөйлеседі. Бұл жаһанданудың ықпалы. Олар технология арқылы өз тілінің кеңістігін көбейте береді. Біз осы уақытқа дейін билік өкілдеріне осыны түсіндіре алмай келеміз. Тілдік кеңістік кеңейген сайын олардың экономикалық кеңістігі тілімен бірге сіздің сфераңызға кіреді. Сөйтіп, пайда көреді. Орысша, ағылшынша сөйлеп жүрген қазақтың баласы қазақ тілінің кеңістігі мен мәдениетіне қызмет етпейді, ол солардың тілдік кеңістігін байытады. Билік те, халық та осыны түсінуі керек. Қазақ тілін дамыту – ұлтты ғана емес, мемлекеттілікті, экономикалық кеңістікті сақтап қалудың кепілі, – деген филология ғылымдарының кандидаты Анар Фазылжанова аталған мәселелердің алдын алу үшін технологияларды қазақ тілінде жасау, цифрлық кеңістіктегі қазақ тілді контентті, балаларға арналған әртүрлі жастағы мультфильмдерді көбейту керектігін айтты.

– Не масқара? Мысалы, «Балапаннан» басқа бірде-бір сапалы контент ұсынатын телеарна жоқ. Ал ол арна 6 жасқа дейін ғана, 8-ден 13 жасқа дейінгі балалар көрмейді. Өйткені, қызықты әрі ғылыми санасын қалыптастыратын контент жоқ. Балалар назардан тыс қалды. Оқулық жазатын автордың өзі баланы зерттемейді. Автор оқушыны көріп, ойнап, сөйлесуі керек. Оның санасында не бар екенін түсініп барып жазса, оқулықтың өміршеңдігі де, әсері де күші болады, - деп сөзін жалғады А.Мұратқызы.

Келесі кезекте Зиябек Ермұханұлы «Тарих пен тіл тамырлас» тақырыбында баяндама жасап, Мемлекет басышысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауында көтерілген бастамаларды, оның ішінде, жаңадан үш облыс құрылып жатқанын айтып өтті. Соның бірі – Жетісу облысы. Тарих ғылымдарының докторы Зиябек Қабылдинов сөз соңында «Жетісу облысының үш томды тарихы мен мәдениеті» атты академиялық кітап дайындау туралы ұсынысын жеткізді. Ал облыстық «Jetisý» газеті бас редекторының орынбасары, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы Алматы облыстық филиалының төрағасы Жұматай Әміреев болса:

– Қазақ тілі Қазақстанға ғана керек. Оның барар жер, басар тауы осында. Мемлекеттік тіл тек қазаққа ғана керек емес екендігін айтып қана қоймай, соны әрекетке айналдыру қажет. Өйткені, осы елде тұрғаннан кейін қазақ тілін білу – әрбір қазақстандыққа міндет. Әсіресе, жастар жағы тілдің туын көтеруге тиіс. Ол ауызекі сөйлеу мен тұрмыстық деңгейде ғана емес, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, ғылыми тілге айналуы кезек күттірмейтін жайт. Абай Құнанбайұлы: «Жүректе қайрат болмаса, Ұйықтаған ойды кім түртпек?» – дейді. Тіл мәселесіне келгенде ұйықтаған ойдың көп екендігі рас. Әсіресе, құзырлы органдарда. Солар ұлтқа деген махаббатымен қазақша сөйлеуді, тілдің дамуына үлес қосуды қолға алса, тіл мәртебелі орнына барады. Біз көпұлтты мемлекетпіз. Басқа этнос өкілдерінен мемлекеттік тілді сүюді талап ету үшін, өзіміз толық сөйлей алу керекпіз. Біздің үлкен дертіміз осы. Қазақ тілінде оқыту – «басқа тілді білме» деген сөз емес. Барлық тілді білсін, тіл білу – жетістік, өз тіліңді сүю – мақтаныш, – деп тілі жаңадан шыққан бүлдіршіндердің өзі орысша, ағылшынша сөйлейтінін қынжылыспен жеткізді. Оған себеп балаға ертегі айтып бермейтін ата-ана "Ютуб" арқылы «Маша мен Аю» мультфильмін көрсетіп қояды. Нәтижесінде үлкенді тыңдамайтын, керек болса, бәрін бүлдіруге дайын тұратын есерсоқ бала өсіп шығады.

Жиында ойын ортаға салған ардагер журналист Әли Ысқабай, Болат Бисұлтанов, облыстық Қоғамдық кеңес мүшесі Құрметбек Сансызбайұлы, ақын Гүлбақыт Қасен және «Огни Алатау» газетінің бас редакторы Атсалим Идигов мемлекеттік тілдің келешегі, аралас мектептердің жай-күйі, балаларын орыс сыныбына беретін ата-аналардың әрекеті жайлы тағылымды да тәрбиелі әңгіме өрбітті.

«Дөңгелек үстел» соңында облыстық тілдерді дамыту басқармасы А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтымен, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтымен және Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігімен гуманитарлық және ғылыми лингвистикалық зерттеулер мен тіл саясаты бағыты бойынша ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Басқосудан кейін келген қонақтар Тіл сарайынан арнайы берілген Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының облыстық филиалына арналған кабинетімен танысты.

Мәулен ӘНЕРБАЙ

Алматы облысы