АЛАКӨЛ АУДАНЫНДА ЕСКЕРТУДІ ЕЛЕМЕГЕН ҮШ АДАМ ҚАР ҚҰРСАУЫНДА ҚАЛДЫ

Уақыты: 25.03.2022
Оқылды: 1734
Бөлім: КҮНДЕРЕК

24 наурыз күні таңғы сағат 05:30-да Алматы облыстық төтенше жағдайлар департаментіне Алакөл ауданы «Үшбұлақ-Қабанбай» автожолының 32-нші шақырымында үш адам қар құрсауында қалып қойғаны туралы хабарлама келіп түсті.

Оқиға орнына дереу құтқарушылар жіберілді. Келген бойда «Тойота Ипсум» маркалы автокөлік қар құрсауында қалып қойғаны анықталды, онда үш адам (екі ер, бір әйел) болған. Төтенше жағдайлар департаменті қабылдаған шаралармен (2 қызметкер және 1 бірлік техника) 3 ересек азамат Қабанбай ауылына эвакуацияланды. Медициналық көмек көрсетуге қажеттілік туындамады.

Департамент өкілдері алыс жолға шығар алдында дауылды ескертулер мен 112 қызметі жіберетін СМС-хабарламаларға мән беруді, әлеуметтік желілер мен «Дәрмен» қосымшасы арқылы жарияланатын ақпараттарды назардан тыс қалдырмауды сұрайды. Аталған бағыттағы жолдың жабылуы туралы ақпарат бір күн бұрын таратылған еді.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"