ЖАҢА ҚАЗАҚСТАН ҚҰРУ - БАРШАҒА ОРТАҚ МІНДЕТ. ЭКС-СЕНАТОРМЕН СҰХБАТ

Уақыты: 27.03.2022
Оқылды: 1444
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты кезекті Жолдауын жариялап, ел алдында тұрған ендігі мақсат-межені белгіледі. Бұл жолғы Жолдаудың ерекшелігі сол, Жаңа Қазақстан құрудың алғышарттары мен міндеттері тайға таңба басқандай анық көрсетілді. Жаңа Қазақстанның жаңа саяси құжаты жайлы ой-пікірін білмек ниетпен мемлекет және қоғам қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, ҚР Парламенті Сенатының экс-депутаты, Алматы облысының Құрметті азаматы Жомартқали ЖЕКСЕМБІНОВПЕН аз-кем тілдескен едік. Қоғам қайраткерінің пікірінше, Жолдауда айтылған «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидасымен жұмыс істеу, Президенттің кейбір өкілеттігін шектеу арқылы демократия құндылықтарын арттыру, Парламент пен мәслихаттың рөлін күшейту, сайлау жүйесін жетілдіру, партияларды тіркеу және құру рәсімдерін жеңілдету бағытындағы кеңауқымды реформалар, шын мәнінде, халық үшін жасалған үлкен бетбұрысты кезең саналады. Бұрынғы сенатор, тәжірибелі саясаткер Жолдаудағы жіліктеп ұсынылған 10 маңызды бастаманы елімізді ауқымды өзгерістер арқылы жаңа биікке көтеретін нақты ережелер жиынтығы деп есептейді.

– Жомартқали Баясылұлы, сіз біршама саяси баспалдақтардан өткен, мемлекеттік басқару саласындағы тәжірибелі маман, білікті кадр әрі қоғам қайраткері ретінде кеңінен танымалсыз. Қазір құрметті зейнет демалысындасыз. Бірақ еліміздегі саяси-қоғамдық мәселелерге дер кезінде үн қатып, үнемі белсенді жүресіз. Президенттің жаңа Жолдауынан не түйдіңіз?

– Әрине, түйгенім көп. Жолдауды радиодан да тыңдадым, телеарнадан да көрдім. Көріп қана қоймай, мерзімді басылым беттерінен жазбаша нұсқасын қайтадан мұқият оқып шықтым. Рас, биылғы Жолдаудың мәні де, мазмұны да ерекше. Себебі, кешегі Қаңтар оқиғасынан кейін халықтың біршама абдырап қалған жайы бар. Президент осындай алмағайып кезеңде бар ауыртпалықты, жауапкершілікті өз мойнына алды. Жаңа Жолдауында да байыппен, әрбір істі саралап, татулық пен тұрақтылық, тыныштық пен бейбітшілік қаншалықты маңызды екеніне кеңінен тоқталып өтті. Мызғымас бірліктің арқасында мемлекетті сақтап қалғанымызды жеткізді.

Президентіміз Жолдау болсын, басқа да басқосуларда, жиындарда болсын, әрқашан шындықты ашып айтып, өте әділ жолмен бағасын беріп отырады. Соған қарамастан ел тәуелсіздігін қорғап қалған Президенттің жеке басына, мемлекеттік құрылым негіздеріне, саяси жүйенің тұрақтылығына, құқық қорғау органдарының беделіне ақпараттық қысым тоқтамай тұр. Бұл әңгіме – басы ашық шындық. Десек те, осындай негізсіз әрекеттер арқылы елдің іргесін сөгіп, шаңырақты шайқалтуға ешкімнің құқығы жоқ. Президентіміз осы жолғы Жолдауында бұл мәселеге де тоқталды. «Елдің тыныштығын бұзып, қауіпсіздігіне нұқсан келтіретін әрекетке ешқашан жол бермеуге тиіспіз», – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы. Бұл сөзді әрқайсымыз жадымыздан шығармағанымыз жөн. Әрі тыныштықты сақтау, қоғам қауіпсіздігіне бірге атсалысу – әрқайсымыздың азаматтық парызымыз деп білемін.

Жоғарыда өзің айтқандай, құрметті демалысқа шықсақ та, қоғам тынысынан сырт қалған емеспін. Президенттің дәстүрлі Жолдауын әр жылы естіп, біліп, соған байланысты ой түйіп отырамын. Биылғы Жолдауда ерекшелік өте көп. Мемлекет тұтастығына, егемендігімізге зор қауіп төнген тұста Қасым-Жомарт Кемелұлы бірнеше Үндеу жасап, халықпен бірге болды. Сын сағатта батыл шешім қабылдап, елдің тәуелсіздігін қорғап, сақтап қалғандығын ерекше айтуымыз керек. «Мен ең қиын сәтте қандай жағдай болса да ақырына дейін халқыммен бірге боламын», – деген сөзі елдің рухын көтеріп жіберді.

Жолдауда елдің бірлігіне, тыныштығы мен тұтастығына баса назар аударылды. Сондай-ақ, реформалар жай ғана қағаз жүзінде қалмай, нақты нәтижемен көрсетілуі керектігі айтылды. Президент өз сөзінде ел бірлігін сақтап, реформаларды сәтті жүзеге асыру үшін әрбір Қазақстан азаматын белсенді болуға шақырды. Бұл, әрине, баршамызға ортақ міндет екені түсінікті.

– Қаңтар оқиғасы деп қалдыңыз. Жыл басындағы дүрбелең ел-жұрт жадынан өшпесі белгілі. Бір сәтте егемендігімізден айырылып қала жаздадық. Қымбатшылықтан басталған бейбіт шерудің соңы жаппай тәртіпсіздікке ұласты. Арандатушы кім, бейбіт шеру жасаушы кім, ажырату қиынға соқты. Қаңтар қасіреті елімізде қордаланған талай мәселенің бетін ашты. Кешегі дүрбелең жайлы не айтар едіңіз?

– Рас, Қаңтар оқиғасы қоғамдағы бірталай дүниенің шешімін таппағандығын байқатты. Көтеріліске қатысқандардың дені 20-30 жас аралығындағы азаматтар екені айтылды. Құдай-ау, бұлар осы тәуелсіздік жылдарында ержеткен жігіттер емес пе? Мемлекетімізді қорғайды, халқымыздың сүйенері, болашағы осы жастар еді ғой. Бірақ дүкендерді жаппай тонау, ғимараттарды қирату, өртеу және қарақшылық шабуылдарды көргенде мемлекеттік жүйедегі кемшіліктермен бірге жастар тәрбиесіне де баса көңіл аудару қажеттігін білдік.

Біздің балалық, жастық шағымыз Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі ауыртпалықпен тұспа-тұс келді. Ол уақыт жоқшылық, қиыншылық заманы еді. Ертемен шешеміздің етегіне оралып, қызылша теруге, өгізге мініп, шөп шабуға, жер жыртуға, тағы да басқа осындай ауыр жұмыстарға араласып, мойымай, шыңдалып, ел қатарлы өстік. Бүгінде елге танымал болсақ, бұрынғы халық қалаулысы ретінде сый-құрмет көрсетіліп жатса, бұл, біріншіден, асыл анам Күлжанның және қамқорлық танытып, әр ісіме қолдау білдірген ел-жұртымның арқасы деп білемін. Осы орайда қазіргі жастарға айтарым: оқы, ізден, өс! Қиыншылыққа, жоқшылыққа мойыма, төтеп бер! Әке-шешеңе, қоғамға масыл болма, арандатушыларға ілеспе!

Қаңтар оқиғасы кезінде ұйымдасқан қылмыстық және экстремистік топтар шетелдік «достарының» қолдауымен елдегі бейбіт шеруді пайдаланып, билікті өз қолдарына алу жөніндегі арам пиғылдарын жүзеге асыруды көздеді. «Күні кеше ғана Парламент қабырғасында арнайы тыңдау өтіп, бәрі ашық айтылды. Қоғамды мазалаған сұрақтарға жауап берілді. Бұл Қаңтар оқиғасына әділ баға беруге, ең алдымен, биліктің мүдделі екенін көрсетеді. Мен мұны толық қолдаймын. Біз ақиқатты айтуымыз керек. Бұл – менің жеке қағидатым», – деді Қ.Тоқаев.

Бүгінде түпкі мақсатына жете алмай қалған арандатушылар енді билік пен қоғам арасына сына қағуға көшіп отыр. Бұл топтың қазіргі мақсаты – Қаңтар қасіреті кезінде қарақшылыққа қатысып, жас сарбаздарды аяусыз сабап, өлтіріп қолға түскен өз адамдарын қалай болғанда да неше түрлі айла-шарғымен босатып және ақтап алу, тіпті, құқық қорғау органдарының беделін түсіру әдісімен президенттік биліктің тұрақтылығына барынша нұқсан келтіру. Өкінішке қарай, бұлар бейбіт шеруге оқ атылды деген сөзді бастырмалата айтады. Ал қолдарында қалқандарынан басқа еш қаруы жоқ сарбаздарды шешіндіріп, сабап, өлтіріп жатқандарды немесе жас әскери курсанттарға айуандық жасағандарды бүркемелеуге тырысады. Сайып келгенде, олар мемлекеттің іргесін шайқалтуды жалғастыра беруді көздеп отырғаны айдан анық.

– Жаппай тәртіпсіздікке тікелей кімдер кінәлі екені там-тұмдап белгілі бола бастады. Мемлекетке опасыздық жасады деген күдікпен бұрынғы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы сыбайластарымен бірге ұсталды. Сол сияқты басқа да күдіктілер шетінен қамауға алынып, тергеліп жатыр. Қазақстанның тең жарым байлығы санаулы адамның қолына өтіп кеткені де әртүрлі ойға жетелейді. Ел ішіне іріткі салып отырған сыртқы күш өкілдері тағы бар.

– Иә, қазір өте күрделі кезеңде тұрмыз. Жеңілістің ащы дәмін татқан теріс пиғылды және шетелдерге бас сауғалап кеткен топ өкілдері тыныш жатар емес. Оларға дәл қазір елдің тыныштығын шайқап, қоғамды одан бетер дүрліктіруден басқа амал қалмай отыр. Олар кезінде еліміздің стратегиялық маңызы бар салаларын ірі алпауыттарға сатып, өздері де, басқалары да бюджет, банк, түрлі кәсіпорындардан ұрлаған қаражаттары есебінен байып, миллиардер атанды. Шетел асып, ақсарайларда өмір сүрді. Бүгінде ұрлаған ақшаларының түбі көрінген бе, елге қарата жиі үндеулер тастап жүр. Данышпан Абай атамыз осындайда: «Бас басына би болған өңкей қиқым, Мінекей, бұзған жоқ па елдің сиқын?» – деп айтқан. Түпкі мақсатына жете алмай жүрген олар енді билік пен қоғам арасын шайқалтуға кіріскені анық.

Ең қауіптісі сол, бұлардың қатарына демократиялық ұрандарды жамылып, ел билігін өз қолына алуды мақсат еткен әр саладағы популистер, тұрақты арандатушылар мен олигархаттың басшылары да қосылып отыр. Иә, дәл қазір елде күрделі мәселелер орын алып отырғаны, елдің экономикалық ресурстары ат төбеліндей азғантай топтың қолына шоғырлануы, елде әлеуметтік жіктелудің барынша етек алуы тұрақтылықтың бұзылуына жол ашып қойғандай әсер қалдырады.

Ресми деректерге сүйенсек, 162 адам Қазақстан байлығының жартысына ие. Жақында «Егемен Қазақстан» газетіне қадірлі ақсақалдарымыздың бірі, ірі ғалым, бірнеше мәрте халық қалаулысы болған Амангелді Айталының «Жаңа Қазақстан – жаңа қоғам бастауы» атты мақаласы басылды. Мұнда автор жоғарыда айтылған байлық иелерін топ-топқа бөліп айтып берді. «Ат төбеліндей бір топтың бай болып, басқаларының маңдайына кедейлік жазылғандай тағдыр елді ойландырып қоймай, әрекетке итермелейді. Қаңтар қасіретінің түпкі себебі осында», – деп жазды абыз ағамыз.

Бұрынғы заманда ел басына ауыр күн туса, қайғы-қасірет түссе, айтары бар бабаларымыз әр кез үн қатып отырған. Осындайда «бір кем дүние» деп күрсініп, аталы сөз айтатын Шерхан ағамыз, «айналайын, халқым» дейтін әулие-ғұлама Әбіш абыз, асау топты ақ жаулығымен тоқтататын Фариза апамыз еске түседі. Бәтима Сақауова, Зылиха Тамшыбаева апаларымыздың да орны ойсырап тұр. Ақсақалдарсыз, асыл аналарсыз жетімсіреп жүрген жайымыз бар. Кешегі Қаңтар оқиғасы кезінде жастарды арандатушылардан арашалап, арам пиғылдыларға ілестірмей, аман алып қалатын бірде-бір абыз, батыр, көсем қазақтың болмағаны нағыз «бір кем дүние» десем қателеспеймін.

Президент Жолдауында Ұлттық құрылтай құруды ұсынды. Оған әр облыс, қалалардан, әр деңгейдегі іргелі ұйымдардан  Қоғамдық кеңестің бір адамы кіретіні белгілі болып жатыр. Ұлттық құрылтай бұрынғы би-шешендер жолын жаңғыртудың бір әдісі екені анық. Онда бүгінгінің Төле, Қазыбек, Әйтеке билері болуы тиіс. Біреу білер, біреу білмес, осыдан бірнеше жыл бұрын Ақсақалдар Сенаты құрылып еді. Ақсақалдар Сенаты үш адамнан құралды. Олар – академик Төрегелді Шарманов, ақын Олжас Сүлейменов және мәдениеттанушы Мұрат Әуезов. Өз басым Ұлттық құрылтайды басқару жұмысы осы үш тұлғаға жүктелсе деген ұсынысым бар.

Ұрланған, қолды болған, шетел асып кеткен ақша Қазақстанның ішкі-сыртқы қаржысынан бірнеше мәрте көп екені айтылып жүр. Сол қаржыға сатып алынған ғимараттар, сарайлар, яхталар Батыс елдерінде тәркіленіп жатқаны туралы да ақпарат бар. Осы орайда сол қаржыны ел игілігіне қайтарып, халық қажеттілігіне жұмсайық дейтіндер де табылуда. Қалайда шетел асқан қаржыны елге қайтару, ортақ игілікке жұмсау халық риза болатын жұмыстың бірі дер едім.

– Қазақ – ежелден рухты халық. Ұлан-ғайыр жерімізді ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен сақтап қалдық. Ал ұзақ жылдық отарлау кезінде біз рух пен жігердің арқасында еңсеміз езілмей, бүгінге дін аман жеттік. Бірақ егемендік алғанымызға 30 жылдан асса да көңіліміз әлі пәс, төменшікпіз, бойымызда әлі де жалтақтық бар. Мұның себебі неде?

– Иә, сөзіңнің жаны бар. Мұның негізгі себебі кешегі отарлау саясатының сызымен тікелей байланысты. Мемлекет басшысы күні кешегі Жолдауында халыққа көпірме сөз, бос уәде емес, көзбен көріп, қолмен ұстауға болатын оң өзгеріс керек екенін айтты. Сонымен бірге, Жаңа Қазақстанды құру үшін рух жанитын жалынды сөздер сөйледі. «Ең бастысы – еліміздің егемендігі! Шын мәнінде, біз үшін Қазақстанның Тәуелсіздігі  бәрінен қымбат. Осы тұрақсыз, құбылмалы әлемде  Қазақстанымыз бізден басқа  ешкімге керек емес. Сондықтан, маған  елімнің амандығы мен жерімнің тұтастығынан асқан  ешбір құндылық жоқ», – деді Президент. Бұл сөзден кейін жалтақ болуға, төменшіктеп жүруге ешқайсымыздың құқығымыз жоқ. Президент айтқандай, пәс болып отыра бермей, жаңғыруымыз керек, жаңаруымыз керек.

Қазақ қай кезде де жасампаздыққа талпынған. Қандай қиындық болса да еңсере білген халықпыз. Кемелділігімізбен қоса кемшілігіміз де бір басымызға жетіп-артылады. Бір жалқаулықтың өзі қаншама кедергі?! Тәңірдің қазаққа берген үлкен сыйы – елдік жолындағы игі істің бәрін киелі ұғым санатына жатқызатынымызда. Бай әдеби қорымыз, жыр-дастандар мен мақал-мәтелдеріміз тұнған даналық. Майқы би бабамыздың мыңжылдық өсиеті тек қазақта ғана бар. Бірақ осындай артықшылықтарымызды сөз етіп отыра берсек, тек ұтылатынымыз анық. Сондықтан, Президент айтқандай, көп сөзді қойып, таза әрі әділ жұмыс істеуге көшу керек. Алға қойған мақсат-міндеттерді жұмыла атқару – абыройлы іс.

Біз бала кезімізде санаулы қой-ешкі асырап, соның сүт-майымен өмір сүрдік. Өкінішке қарай, қазір ауылдық жерде жұмыс істейтін жастар жоқ. Бірақ қалада жұмыссыз жүрген азаматтар көп. Осындай кемшіліктерді шешсек, әлеуметтік шиеленіс болмайтын еді. Кешегі Қаңтар қасіретіне қатысқандардың басым көпшілігі жұмыссыз жастар болып шыққан. Бірінші кезекте жұмыссыз жүрген жастарға кәсіп иеленіп, табыс табудың жолдарын көрсеткен жөн.

Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы осы орайда ауылдық жерлерді дамытуды қолға алып отыр. Ауылшаруашылығына мемлекет тарапынан қолдау үзілген емес. Жаңа бастамаға жергілікті басшылар мен тұрғындардың еселі еңбегі керек-ақ. Жаңа Қазақстанды құру жолында жасымыз да, кәріміз де шет қалмай, ортақ идея деп қабылдап, алға ұмтылғанымыз абзал.

– Жуырда Мемлекет басшысының қатысуымен «Nur Otan» партиясының съезі өтті. Жиында саяси партия атауы «Amanat» болып өзгертілді. Жолдауда да партияға қатысты ауқымды реформалар жасалатыны айтылды. Партияға қатысты сіздің көзқарасыңыз қандай?

– Президент Жаңа Қазақстанды құру ісіне кіріскенін, бұл бағытта мемлекет тағдырын шешетін ауқымды мақсат-міндеттер тұрғанын сөз етті. Сондай-ақ, партия барлық реформаға ұйытқы болуы керектігін ескертті. Жасыратыны жоқ, о баста халықтық партия абыройлы жұмыс істеді. Бірақ кейінгі жылдары партия тек орталықтан басқарылып, өңірлер ескерусіз қалғаны, сайлау жүйесіндегі «белгісіз нұсқаулардың» берілуі, тіпті, праймериз нәтижелері де күмән тудырғаны ашып айтатын ақиқаттың бірі. Сондықтан, партия да заман талабына сай өзгеріп, Жаңа Қазақстанды құру жолында абыройлы қызмет атқарады деген сенімдемін.

Шындығында, қоғам, адам өзгеріп жатқанда, партияның да өзгеруі заңдылық. Бұл, сөзсіз, уақыт талабы. «Аmanat» атауы да сәтті қойылған. Бұл сөз қазақ үшін киелі ұғымдардың бірі. Халқымыз аманатқа ешуақытта қиянат жасамаған. Қазақ халқы келер ұрпаққа немесе жастарға өсиет-тілек айтып, ықылым заманнан өнегелі сөз қалдырып отырған. Аманат осы дәстүр-тағылымның қатарына кіреді. Аманатты орындау, жеткізу баршамыздың ең асыл міндетіміз деп түсінемін.

Жоғарыда сайлау туралы бекер айтқан жоқпын. Басқасын былай қойғанда, сайлауды, сайланатын депутаттарды төменнен жоғарыға дейін партия шенеуніктері өздері ғана шешіп келгені жасырын емес. Жергілікті жерде партия ұйымдарында, сайлау учаскелерінде кімдерді сайлау керектігі тек жоғарыдағылардың нұсқауымен реттелді. Тіпті, депутаттыққа кімдер сайланғанын дауыс берушілердің өздері білмейтін жағдайға жетті. Президент өткен аптадағы Жолдауында сайлау жүйесін жетілдіру қажеттігін алға тартты.

«Демократия тарихы дегеніміз – ең алдымен, сайлау рәсімдерін жетілдіру тарихы. Сондай-ақ, сайлау заңнамаларының сақталуын бақылау тарихы деуге болады. Осы орайда, мен байқаушылардың құқықтары мен жауапкершілігі нақты белгіленуге тиіс деп санаймын», – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы. Президент өз сөзінде пропорционалды және мажоритарлық сайлау жүйесі қатар қолданылса, партиялардың рөлі сақталатынын, бұл әдіс әділ сайлауға жол ашатынын мәлімдеді. Сайлаудағы әділдік мемлекетті тиімді басқаруға мүмкіндік берері сөзсіз.

– Соңғы сұрақты еліміздің Тұңғыш Президентіне қатысты қойсақ. Мемлекет басшысы Парламент алдында, партия съездерінде сөйлеген сөзінде Нұрсұлтан Назарбаев жөнінде өз көзқарасын білдірді. «Ол Отанымыздың және әлем тарихында тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаған тұлға ретінде қалатыны сөзсіз», – деді. Елбасының ел үшін атқарған жұмысын жоққа шығаруға болмайтынын ескертті. Бұған не айтасыз?

– Бізде бір жаман ұғым бар. Басшыны лауазымына қарай дәріптеп жүреді де кете қалса даттай бастайды. Мұндайда «айналайын, қазағым-ай» деп налисың. Елбасының елге жасаған еңбегін ұмытпағанымыз жөн. Шетелде «өзін-өзін өсірді» деген мағыналы анықтама бар. Мұндай сөзді естіген адам арқаланып қалады. Бұл сөз тек абыройлы, еңбегінің жемісін көрген адамдарға айтылады. Нұрсұлтан Әбішұлы, шындығында, өзін-өзі өсірген адам. Құрыштай шыңдалды. Өз батылдығымен, қайсарлығымен, ерен еңбегімен бар қиыншылықты жеңе жүріп, қоғам жұмысына белсене араласты. Өз ортасының көшбасшысы болды. Қызметтің барлық сатысынан өтті. Президент болып сайланды. Осының бәрін жоққа шығара аласыз ба? Әрине, олай емес.

Кезінде Керей, Жәнібек хандар Жетісу жерінде Қазақ хандығының уығын қадады. Керейден Кенесарыға дейін қаншама хан болды?! Ешқайсының аты өшкен жоқ. Тарих шіркін солардың бәрін бізге жеткізіп отыр емес пе? Біз өткен 30 жылымызды ұмытып, мансұқ етсек, кім болғанымыз?! Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы айтқандай, тарихқа қиянат жасамайық.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан - Қуаныш ТҰНҒАТАР