ОБЛЫС ПРОКУРОРЫ АДАМДАРДЫ АЗАПТАУ ДЕРЕГІ БОЙЫНША ЖИЫН ӨТКІЗДІ

Уақыты: 26.03.2022
Оқылды: 1133
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Алматы облысының прокуроры Азамат Жылқыбаевтың төрағалығымен қылмыстық процесте азаматтардың конституциялық құқықтарын сақтау мәселелері бойынша құқық қорғау органдары басшылығының қатысуымен алқа отырысы өтті. Бұл туралы Алматы облысы прокуратурасының баспасөз қызметі хабарлады.

Облыс прокуроры атап өткендей, қылмыстық процесте азаматтардың конституциялық құқықтары мен заңды мүдделерін сақтау халықтың сенім деңгейін айқындайтын және барлық құқық қорғау жүйесінің қызметін бағалаудың басты критерийлерінің бірі болып табылады. Өйткені, әрбір заңсыз қамауға алу мен ұстаудың артында адам мен оның отбасының тағдыры тұр.

Кездесуде, сондай-ақ, іс жүргізудегі азаптау фактілері бойынша істерді тергеу сапасы, тергеудің рұқсат етілмеген әдістерін қолдану фактілеріне жол бермеу және уақытылы ден қою жөніндегі шаралар талқыланды.

Соңғы жылдары облыста осы саладағы заңдылықты нығайту бойынша пәрменді және тәжірибелік шаралар қабылданды, азаматтардың өз құқықтарын қорғау бойынша мүмкіндіктері едәуір кеңейтілді, азаптаулар мен адамның ар-намысын қорлайтын басқа да әрекет түрлерінің алдын алу бойынша құқықтық тетіктер құрылды.

Адамдарды заңсыз қудалау, азаматтардың жеке бас бостандығына, жеке адамның ар-намысы мен қадір-қасиетіне қол сұғылмаушылық құқықтарын бұзу фактілері әлі де орын алуда.

Бұл сұрақтар аталған отырыста талқыланды, оның нәтижелері бойынша азаматтардың конституциялық құқықтарына байланысты заңбұзушылықтарды жою және бұдан әрі болдырмау бойынша бірлескен және жедел жұмыс атқару туралы шешім қабылданды.

Талқылау қорытындысы бойынша адам құқықтарын бұзу фактілеріне жол бермеу үшін жан-жақты шаралар қабылдауға бағытталған ұсыныстар әзірленді. Облыс прокуроры азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын сақтау бойынша жұмыстың барынша тиімділігін, осындай құқық бұзушылықтарды анықтау және олардың жолын кесу бойынша уақтылы және пәрменді қадағалауды қамтамасыз етуді талап етті.

Құқық қорғау органдарының басшыларына қатардағы қызметкелердің адам құқықтарын бұзу фактілері үшін дербес жауапкершілігін күшейту қажеттігі туралы айтылды.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"