ТАЛДЫҚОРҒАН ӨҢІРІНДЕ ҚАТТЫ ДАУЫЛ СОҒЫП, БІРНЕШЕ НЫСАН БҮЛІНДІ

Уақыты: 29.03.2022
Оқылды: 1864
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Талдықорған өңірінде дауыл соғып, соңы нөсер жауынға ұласты. Бұл туралы "Жетісу" газетінің сайты хабарлады.

Талдықорған өңірінде 29 наурыз, сағат 16:00 шамасында қатты жел тұрды. Дауыл салдарынан тұрғын үйлердің шатыры ұшып, кейбір нысандарға зақым келді. Алматы облысының төтенше жағдайлар департаменті әзірше ресми ақпарат ұсынған жоқ.

Айта кетейік, төтенше жағдайлар департаменті Алматы облысы аумағында жел соғып, жауын-шашын болатынын, таулы аймақтарда көшкін жүруі мүмкін екендігін ақпарат құралдары және СМС-хабарламалар арқылы ескерткен еді. Аталған департамент өкілдері тұрғындарға ауа райына қатысты ескертулерге үнемі назар аударуды, БАҚ-тағы және СМС түріндегі хабарламаларды оқып, сақтық шараларын ұстануға кеңес береді.

Дәл осындай жағдай Алматы қаласында да тіркелді. Онда ғимараттар бүлініп, жеңіл көліктер зақымдалып жатқаны жайлы бейнежазбалар тарауда. "Әзірге дауылға байланысты зардап шеккендер мен құрбан болғандар жайлы ақпарат түскен жоқ. "Ағаштар құлап, шатырлар ұшқаны туралы ақпараттар, хабарламалар келіп түсуде. Қоңырау шалып жатқандар бар. Нақты ақпарат алдағы уақытта беріледі", - деді Алматы облыстық төтенше жағдайлар департаментінің өкілі.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"